Жылыойдағы жанжал: жасөспірімнің өліміне кім кінәлі?
Жыл басында Жылыойдағы жаппай төбелестен соң жасөспірімнің қаза табуы жұртшылыққа төбесінен жай түсіргендей әсер етті. Үкілеп өсірген балаларының ажал құшуы, үміттерінің орта жолдан үзілуі ата-аналарды қайғының қасыретін шектіріп, қара жамылдырды. Бұл оқиға жап-жас жеткіншектердің бір-біріне суық қару алып жүгіретіндей жүректерінің қарайып бара жатқанын да көрсетіп отыр.
Иә, қоғам неге қатыгезденіп барады? Әне-міне дегенше мектебін аяқтап, үлкен арманға аяқ басқалы тұрған оқушының обалына қалған кімдер? Жалпы, жылыойлық жасөспірімдердің тәртібі, аудандық мектептердегі тәрбие жұмыстары қаншалықты қолға алынған? Біздің Құлсары қаласына іссапарымыздың басты мақсатының бірі осы болатын. Көкейдегі осындай көп сұрақтарға жауап табу еді.
Асқан қатыгездіктің айқын көрінісі
Қаңтардың 18-нен 19-ына қараған түнде Жылыой ауданы, Құлсары қаласында орын алған бұл оқиғаға жастардың өзара келіспеушілігі себепші болған көрінеді. Түнгі мезгілдегі төбелестің арасында «жылы ұясынан» қанат қағып та үлгермеген мектеп оқушылары да бар болып шықты. Жанжал кезінде М.Сатыбалдиев атындағы орта мектептің 2006 жылы туған, XI сынып оқушысы пышақ жарақаты салдарынан ауруханаға жетпей жан тапсырған. Бұл деректі кейін полиция департаментіндегілер де растап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын мәлімдеген болатын.
Бір қарағанда, жастардың өзара төбелесі, әлімжеттік жаттанды әдетке айналғандай көрінгенімен, соңы адам, жас өреннің өлімімен аяқталған жанжалды жылы жауып қоюға болмайды. Өйткені, бұл қазіргі біз өмір сүріп отырған қоғамдағы асқан қатыгездіктің айқын көрінісі дегеніміз жөн шығар. Төбелес салдарынан түрлі дене жарақатымен аудандық орталық ауруханаға тағы екі адам жатқызылса, «өзіндей баланы өлтірді» деген күдікпен кейін 2000, 2007 жылғы жастар қамауға алынған.
«Бүгінгі қоғамда жантүршігерлік оқиғалар неге жиілеп кетті?» деген сұрақ кімді де мазалайтыны анық. Оған әркім әртүрлі жауап тосар. Дегенмен бір анығы, кейінгі буынның бойында «қатыгездік» дертінің жайлап бара жатқаны рас.
Қатыгездік қанымызға сіңіп барады
Иә, елімізде соңғы кездері жиілеп кеткен қантөгіс, зорлық-зомбылық, әлімжеттік, бала құқығының тапталуы сынды қатыгездік көріністер кімді болмасын алаңдатпай қоймайтыны анық. Тіпті, кейде осы жат қылық «қанымызға сіңіп бара жатқан жоқ па?» деген де ой мазалайды. Ал, ең қауіптісі, оқушы баланың өлімін де бүгінгі қоғам қалыпты жағдай ретінде қабылдағандай көрінеді.
Олай дейтініміз, қаза тапқан бала кәмелет жасына толмаған мектептің оқушысы болғандықтан, оқиғадан соң өзге білім ордаларында жасөспірімдермен жұмыс, рейдтер ұйымдастыру, оларды кешкі уақытта қадағалау сынды іс-шараларды өткізу шұғыл қолға алынуы керек еді. Алайда, ол туралы көп ести қоймадық. Керісінше, белгілі бір орталарда «көп шулатпаңдар» деген әңгімелер айтыла бастапты. Сұмдық қой мынау?! Бұл «Бас жарылса, бөрік ішінде» дейтіндей күнделікті көріністің бірі емес. Жалпы, мұндай оқиғаның тағы қайталанбасына кім кепіл?! …Сол себепті де біз ақиқатты айтуды өзімізге парыз санадық.
Айналаға мән беріп қарасаңыз, адам жол-көлік оқиғасынан қаза тапса, «авариядан қайтыс болыпты ғой» деп ол адам шалынып құлап қалғандай айта салатын болдық. Адамдар үшін оқыс оқиғалардың өзі үйреншікті әдетке айналып бара жатқандай. Шындығында, оның артында жол қауіпсіздігіне қатысты үлкен проблема, шешілмеген түйіндер жатыр емес пе? Ойланып көрсеңіз, осындай «жасандылыққа» өзіміздің етіміз үйреніп барады. Көпке топырақ шашпаймыз әрине, дегенмен жол-көлік оқиғалары ғана емес, адамдар қиналып жатқан сәтті де камераға түсірушілер көп. Сорақысы, олар мұны қателік деп ұғынбайды. Ал, бұл бүгінгі қоғамда адам бойындағы мейірім, жанашырлық секілді асыл қасиеттің азайғанының көрінісі емей немене?!
Досын қорғаймын деп дүниеден озды
Аталған қылмысты оқиғаға байланысты Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнәфис Айшуақовамен арнайы тілдесудің сәті түскен болатын. Лауазымды тұлға өңірдегі білім саласы, ондағы тәрбие жұмыстары жөнінде біраз ақпараттарымен бөлісіп, басты мәселелер төңірегінде де кеңінен баяндады.
Анықтап білгеніміздей, Жылыой ауданында 20 жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс істесе, оның 13-і Құлсары қаласында. Қаза тапқан оқушы осы білім ошақтарының бірінде білім алған. Мектептердегі жалпы оқушылар саны 19 мыңға жуықтайды. Ауданның білім беру саласында барлығы 1804 мұғалім болса, оның 61-і биылғы оқу жылында келген. Араларында 11 маман «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы шеңберінде жолдама алған жастар.
– Мектептерде білім сапасымен қатар балалардың қауіпсіздігін басты назарға алып келеміз. Бүгінге дейін білім беру мекемелерінің 98 пайызы бейнекамералармен қамтылған. Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан екі мектепте әзірге бейнекамералар қосылған жоқ. Аудан әкімі барлық мектепті аудандағы жедел басқару орталығына қосу туралы тапсырма берді. Қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде. Себебі, мектептер бұған дейін облыстық полиция департаментіне ғана қосылған болатын. Тағы бір жағымды жаңалық, ауданымызда соңғы технологиялы «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылуда. Жаңа кешен білім беру мекеме ғимараттарының сыртқы бетіне де орнатылды. Турникет пен «дабыл» түймесі де қондырылған. Аталған қауіпсіздік құрылғылары оқу-жаттығу кезінде сыналып көрді.
Ауданымызда орын алған оқушының өліміне қатысты айтар болсам, қайғылы оқиғаға Құлсары қаласындағы мейрамханалардың бірінде даяшы мен фотограф болып жұмыс жасап жүрген жасөспірімдердің арасындағы кикілжің себепші болған. №18 М.Сатыбалдиев атындағы орта мектептің оқушысы досын қорғауға барып, қаза тауып отыр. Жаппай төбелес ұйымдастырғандардың арасында жасөспірімдер ғана емес, 2000 жылғы жастар да бар. Аталған құқықбұзушылыққа байланысты қазір заң аясында тиісті жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, өзімнің төрағалығыммен аудандық полиция бөлімі басшысының, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының, мектеп президенттері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен кездесулер өткіздік. Осы мәселе төңірегінде қоғам белсенділері, жұртшылықпен де бөлек жүздестім. Жиынға құқық қорғау саласының ардагерлері қатысып, қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында көптеген ұсыныс-пікірлерін айтты, — деді Г.Айшуақова.
Беймезгіл уақытта бала жүр
Гүлнәфис Аязберікқызының айтуынша, жылыойлықтармен жүздесу барысында жұртшылық ең алдымен қоғамда ата-ана жауапкершілігін арттыру мәселесін алға тартқан. Бұған қоса «Педагог мәртебесі туралы» заңға байланысты, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларын жұмыс уақытынан тыс, беймезгіл уақытта оқушылардың тәртібін қадағалау үшін рейдтерге шығара алмайтындығын да атап өтті.
– Кәмелет жасына толмаған балалардың кешкі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасының немесе заңды өкілінің еруінсіз жүруіне тыйым салынған. Әр ата-ана баласының қайда жүргенін бақылап, оның жүріс-тұрысына жауапты болып табылады. Аталған қылмысты оқиғадан кейін құқық қорғау органы өкілдері арнайы рейдтер ұйымдастыруда. Ал, біз өз тарапымыздан түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Құлсары қаласындағы тойхана иелері мен аудандық прокуратура өкілінің қатысуымен де кездесу ұйымдастырылды. Алдағы уақытта ата-аналармен бірлесіп арнайы топ құрып, мейрамханаларды да аралауды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатта аудандық прокуратураға ұсыныс берілді, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Мейрамхана иелері ата-анасының келісімімен баланы 4 сағаттық жұмысқа алуға құқылы болып табылады. Бірақ, кешкі уақытқа емес. Аталған оқиға түнгі мезгілде орын алғандықтан бұл істе мейрамхана әкімшілігінің де кінәсі бары анық. Алайда, әкімдік өкілдері мен ата-аналар өздері қалаған уақытта мейрамханаға кіріп барып, тексеріс жүргізе алмайды. Олар рейд ұйымдастырылатыны туралы алдын ала хабарландыру қағазын жіберуі тиіс. Бұдан хабардар кәсіп иелерінің ол уақытта балаларды жұмысқа тартпайтыны белгілі. Сондықтан бұл істен қандай да бір нәтиже боларына күмән көп.
Мейрамхана иелерімен жолыққан кезде олар көлікпен балаларды кешкі сағат 10.00-11.00-ден қалдырмай үйлеріне жеткізіп тастайтындарын және қызмет ақыларын ата-аналарының банк картасына аударатындарын айтқан. Бірақ, бұл да дәлелсіз болып тұр. Жалпы, бұл оқушының өлімімен аяқталған қылмысты оқиға бүгінгі қоғамдағы біраз мәселенің басын ашып бергендей. Бұл тұста балалардың кешкі мезгілде жалдамалы жұмыс жасауы, бала еңбегі, мектептегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың жұмысы мен ата-ана жауапкершілігі секілді мәселелер бар.
74 қылмыс тіркелді
Былтыр ювеналдық полицияның өңірдегі білім беру ұйымдарымен бірлесе жасаған жұмыстарының нәтижесінде бірқатар құқықбұзушылықтар анықталған. Мәселен, былтыр облыста жасөспірімдердің қатысуымен 74 қылмыс тіркеліпті. Олардың ішінде денсаулыққа қасақана зиян келтіру, ұрлық, тонау, психотропты заттарды қолдану секілді қылмыстардың көбейгені байқалады. Бұл туралы жуырда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері «АМАNАТ» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңес отырысында айтылған.
Белгілі болғанындай, аудандар арасында әсіресе, Жылыой мен Құрманғазы және Мақат аудандарында жасөспірімдер жасаған қылмыстардың саны азаймай отыр. Сондықтан бүгінде облыс көлемінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтың жолын кесу мақсатында мектептер мен колледждерде түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізіле бастаған.
– Біздер мектептер, колледждермен бірлесе отырып жастар арасында бірқатар іс-шара өткіздік. Себебі бос уақытын тиімді пайдаланған жастар қылмыстық құқықбұзушылықтан аулақ жүреді. Сондықтан жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді пайдаланылуы жоспарлану керек, — дейді «Жастар рухы» жастар қанатының Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы.
«Көз көргенін, көсеу түрткенін біледі»
Психолог мамандар да әлі өсіп-жетілмеген жап-жас балалардың қылмысқа баруына бейжай қарауға болмайтынын айтады.
– Жасөспірімдердің қылмысқа баруы – жантүршігерлік жағдай. Осы тұста «Ата-анадан өсіп талай ұрпақ тараған, олардың жақсы-жаман болуы – солардан» деген Жүсіп Баласағұнның сөзі ойға оралады. Бұл мәселеде кінәні алыстан емес, ата-анадан іздеу керек. Жас өскіннің бұзылуының басты себебі ата-ананың тәрбиесінде жатыр. Бала үйіндегі ата-анасының немесе ересек адамдардың ісін қайталағанды дұрыс санайды. Мұны халқымыз «көз көргенін, көсеу түрткенін біледі» дейді. Сондықтан ата-аналардың қоғам алдындағы жауапкершілігі, бала тәрбиесі, білімі мен мәдениеті, денсаулығы, жалпы олардың дамуы жөнінде міндетін толық сезінетіндей дәрежеге жеткізу керек. Ал, өз міндетін түсінбейтін ата-аналарды тәрбиелейтін біз емес, еліміздің заңдары, — деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті, журналистика кафедрасының аға оқытушысы Ләззат Мәжитова.
Тәжірибелі психолог жанұяда әкесі мен ұлы, анасы мен қызы көбірек сөйлесіп, бір-біріне көңіл бөліп, сырласуы керектігін айтып, бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті маңызды екендігін ескертті.
«Ата-аналар әсіресе, балаға телефон, интернет қолдану мәдениетін қалыптастыруы керек. Ересектердің бақылауынсыз жүрген балалар қолындағы телефоны, ондағы қолжетімді интернеттің салдарынан небір зұлымдыққа, қатыгездікке толы әдепсіз көріністерді көріп, соны санасына түюде. Бұл бұғанасы бекімеген баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Жалпы, мұндай қауіп-қатердің алдын алып, бала тәрбиесінде бейқам болмағыңыз келсе өзіміздің ұлттық тәрбиемізді ұрпағымыздың бойына дарытыңыз. Өйткені, ұлтымыздың тәрбиесінде адамгершілік, мейірімділік, бауырмалдылық қасиеттерді дарытатын құндылықтар мол» деді сұхбаттасушымыз.
«Ұяда не көрсе…»
Мамандар қоғамда жантүршігерлік оқиғалардың көбейіп кетуін, яғни мәселенің түпкі негізі отбасылық тәрбиеде жатқанын, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті маңызды екенін айтады. Үйде үнемі ұрыс-керіс жағдайындағы отбасында балалардың бір-біріне сүйіспеншілікпен мәміле етуін күту бос қиял болмақ.
Ата-анасынан жәбір көрген бала алдымен бауырларын, кейін сырттағы әлі жететіндерді жәбірлеп, есейгенде қанды қылмысқа да баруы ықтимал. Ал, қазақтың ұлттық тәрбиесі о бастан «судың да сұрауы бар» екенін айтып, адамдарды өзгеге қылдай қиянат жасамауға шақырады. Халқымыз әкені асқар тауға теңеп, «әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас» дейді. Дәстүрлі дініміз де адамгершілікке, тазалыққа, адалдыққа үндейді. Ал, имамдар баланың Алланың адамға берген аманаты екендігін, сондықтан әр ата-ана баласын көзінің қарашығындай қорғап, дұрыс тәрбие беруі керектігін айтады.
Түйін:
Баяғыда бір анадан «Қай балаңды қатты жақсы көресің?» деп сұрағанда: «Ауырған баламды жазылғанша, шығып кеткен баламды оралғанша, кіші баламды өскенше жақсы көремін. Кеудемдегі жүрегім тоқтағанша, бәрін жақсы көріп өтемін» деген екен. Әр ата-ана баласына осындай махаббатпен қараса ғой! Бәлкім, сонда періштелер ерте солмас па еді? Қоғамда қатыгездік болмас па еді? Балалардың барлығы бақытты жанұяда, жылы ұяда өсіп, қанаттанар ма еді?!
«XXI ғасырдың балалары өз білгендерін істейді, өз қалауларымен жүреді, өз таңдауларын жасайды» деп те ұрпақты тым босаңсытып алғандаймыз. Заңмен жазылмаса да ата-ана алдында баланы бағып-қағу адами міндеті тұр. Ал, әке мен шеше ұрпағының алдында өзі де үлгі болып, жауапкершілігін сезініп, жақсы-жаманды құлағына сіңіріп өсіруі тиіс. Өйткені адам «не ексе, соны орады»…
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
* Сіз не дейсіз?
Алтынбек Ұтысханұлы,
Атырау облысының бас имамы:
– Ислам дінінде баланы дұрыс тәрбиелеуге зор көңіл бөлінеді. Дініміз ұл мен қызды өз табиғатына сай істерге жастайынан үйретуге, еңбекқорлыққа, тазалыққа, дене шынықтыруға және адамгершілік пен әдепке баулуға ерекше мән береді.
Дұрыс қоғам құру жасөспірім кезден алған тәрбиеге байланысты. Бұл тұрғыда ата-ана көбірек сауатты болып, өздері де бірінші кезекте үлгі көрсете білуі қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаларды райхан гүліне ұқсатып, ал иісін жаннаттың иісіне теңеген. Бір күні немерелері Хасан мен Хүсейінді арқалаған күйде мешітке кіреді. Жамағатқа намаз оқыту үшін орнына барып тұрады да балаларды оң жағына отырғызады. Алла расулы сәждеге барған кезде сәждені ұзақ жасайды. Намаз біткен соң халық: «Уа, расулалла, намазда сәждені көбірек создыңыз. Мұндай сәждені бұрын-соңды көрмеген едік. Бұл Алла Тағаланың әмірі ме?» деп сұрайды.
Сонда Пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл Алланың әмірі емес. Немерем арқама мініп алды. Өзі түскенге дейін күткенді дұрыс көрдім» деп жауап береді (Мүстәдрак, 3/165-166). …Тағы бірде немересі Хасанды еркелетіп, сүйгіштеп отырғанда, қасына келген Ақра ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын әлі күнге басынан сипап, маңдайынан сүйген емеспін» дейді таңданып. Сонда Пайғамбарымыз: «Сен басқаларға мейірімділік танытпасаң, Алла да саған мейірімділік көрсетпейді» деп жауап қатады (Әбу Дәуіт, Әдаб 156.).