Жылыой ауданында 245 гектар жерге егін егу жоспарланып отыр

877868676 Қоғам

Өнеркәсібі өркендеген, Жем бойын жайлаған ежелгі Ембі елі, бүгінгі Жылыой ауданының жұртшылығы мұнай-газ өнеркәсібімен қатар кейінгі кездері ауыл шаруашылығына бет бұрып, соның ішінде әлімсақтан келе жатқан атакәсіпке қоса егіншілікті де қолға алып отыр.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың айтуынша, биыл мұнда жалпы көлемі 245 гектар жерге егін салу жоспарланыпты. Оның 140 гектарын бақша, 40 гектарын көкөніс, 65 гектарын малазықтық дақылдар егістігі қамтиды. Қазіргі таңда өңірдегі шаруашылық құрылымдарының басым бөлігі атакәсіп – мал бағумен айналысса, егіншілікпен шұғылданатын сегіз шаруашылық бар.

– Жасыратыны жоқ, табиғи су көздері тапшы ауданымызда салынған егіннің ойдағыдай өсіп, бітік шығуы оның уақытылы күтіп-бапталып, межелі мерзімінде суарылып тұруына байланысты. Бұған мүмкіндік беретін бірден-бір су көзі, бұл аудан аумағымен ағып жатқан Жем өзені. Көктемде өр суы көтерілмей, дарияның суы азайып, арнасы тартылып қалған жылдары көптеген қиындықтар болды. Құдайға шүкір, былтыр да, биыл да өр суы молынан келіп, ежелгі Ембі жерінде егіншілікті өрістетуге қолайлы болуда. Соған қарап, жоспарланған егінімізді салып, белгіленген межеге жетеміз бе деген үмітіміз жоқ емес, – деп сабақтады сөзін салалық бөлім жетекшісі.

Әңгіме барысынан аңғарғанымыздай, егіншілікті кәсіп еткен шаруагерлерге мемлекет тарапынан тиісінше көмек-қолдау көрсетілуде. Мәселен, бастапқы жұмыстарды жүргізу үшін оларға 5-6 пайыздық жылдық қайтарыммен жеңілдетілген несие беріледі. Одан бөлек, тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген тамшылатып суару технологиясын пайдалану шығындарын жабу үшін шаруаларға 50 пайызбен субсидиялар (қайтарымсыз қаражат) қарастырылған. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды қолданған шаруа қожалықтарының осы мақсатқа жұмсаған қаржысының тең жартысы қазына қаражаты есебінен өтеледі. Жасалған қамқорлыққа сай қайтарыммен еңбектенуге дағдыланған егінші-диқандар жыл сайын жинаған өнімдерін төмендетілген бағамен жергілікті тұтынушыларға ұсынып, аптасына бір мәрте өткізілетін жәрмеңкелерге шығарып тұрады. Артық-ауысын сұраныс бойынша ауылдарға және көршілес Маңғыстау облысының іргелес жатқан аудандарына өткізеді. Ең бастысы, қай жерде де егінжай ырыздығының бағасы қолжетімді көрінеді. «Ерінбеген егінші болады» демекші, атакәсіпке ден қойып, төскейінде төрт түлігін өргізген жылыойлық шаруагерлердің арасында егіншілікті де жатсынбай, қыр-сырын меңгеріп, әбден дағдыланып алғандардың бірі де бірегейі – «Аман-Есен» шаруа қожалығы. Отбасылық негізде құрылып, бұл күнде өңірдегі іргелі шаруашылықтардың санатына ілінген құрылымның бұрыннан айналысып келе жатқан мал шаруашылығымен қоса, егіншілікпен шұғылданғанына он бес жылдан асыпты.

– Алғашында біраз қиындық-кедергілердің кездескені шындық. Әліппесін үйреніп, жан-жақты меңгеріп, агротехникалық шаралардың қалай жүргізілетінін тәжірибеде біліп алу үшін Өзбекстаннан мамандарды шақыруымызға тура келді. Біртіндеп өзіміздің де егіншілікке етіміз үйреніп, ден қойып, ниет еткен кісіге қандай істің де қиыны болмайтынын ұғындық. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктерді де ұтымды пайдаланып келеміз. Сөйтіп, жылдан жылға егіндіктің аумағын ұлғайтуға жұмыстанудамыз. Осылайша, биыл көкөніс-бақша өсірілетін егіндіктің көлемін – 50, ал малазықтық бағыттағы көпжылдық екпелі шөптің ауданын 25 гектарға жеткіздік. Оны жаңбырлатқыш агрегаттың көмегімен суарамыз. Бастапқыда отбасылық шағын шаруашылық ретінде құрылған қожалығымызда қазіргі уақытта 20- дан астам адам тұрақты еңбек етуде, – дейді қожалықтың өкілі Аман Исағалиев.

Дәулетқали АРУЕВ

Жылыой ауданы

Коллажды жасаған Сая Рамазанова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз