Жылан аруақты Қарлығаш баба
Өмірде тосын жағдайлар көп қой. Оның қайсыбірі ел аузында аңыз болып, ұрпақтан ұрпаққа таралып та кеткен. Соның бірі – жылан аруақты Қарлығаш баба және оның әулеті туралы аңыз. Атақты Самай бидің ұрпағы Қарлығаш баба – өмірде болған адам. Ол кісі сынық салып, дауасы түспейді дейтін дерттерді емдеп жазған. Ел оны «Қара бақсы» атап кеткен. Қарлығаш бабаға аруақ орта жасқа келген кезінде қонса керек. Ел ішінде сыйлы, өз еңбегімен ел қатарлы ғұмыр кешкен ол күндердің күнінде үйінен безіп, дала кезіп кететін жұмбақ науқасқа ұшырапты.
Ел-жұрттың аузына кім қақпақ бола алған?! Кейбір аузымен алысқан бейбастақтар «Қарлығаш жынданды» деп жар салып та үлгеріпті. Үй-ішіне ешқайда бармайтынын, енді дала кезіп кететін әдетін қоятынын айтып қанша рет уәде берсе де, түнде қалайша орнынан тұрып, жұмбақ күш жетегінде кете баратынын еш пендеге түсіндіре алмапты. Сондай күндердің бірінде даланы шарлап, шаршап-шалдығып көзі ілініп кетеді емес пе?! Оянса, таң атып келе жатқан кез екен. Ордалы жыландар ұйығында жатқан көрінеді. Айналасы – үпір-шүпір ұйысқан ақ жылан. Тұруға әл-дәрмені құрыған ол талықсып кетеді. Енді бір көзін ашса, жылан да жоқ, орда да жоқ, сәске түстің шамасы болыпты. Жанында ақсақалды қария тұр дейді. Қолындағы білектей ақ жыланды Қарлығаштың мойнына орай салған ақсақал:
– Ей, жарқыным! Сен енді бұдан былай бұрынғы Қарлығаш емессің. Сынық саласың, ауырған жандарға шипа бересің. Атың сенің — «Қара бақсы»! Мына дөңнен асып түссең, ақбоз ат жайылып жүр. Соған мініп алып, жүре бер. Арғы жағы өзі-ақ реттелер. Саған айтарым — адал бол. Өзгеге қиянат жасама, біреудің малын пенделікпен қызығып, иемденуге тырыспа. Ақ, адал жолмен жүрсең, бұл қасиет ұрпағыңның ұрпағына жетер,- деп бата беріпті.
Қарлығаш баба дөңнен асып түссе, шынында да ақбоз ат жайылып жүр екен. Соған мініп келе жатса, алдынан бір ауыл көрінеді. Ауыл маңында бір сор бар екен. Ең шеткі қараша үйде бір әйел толғақ қысып, талықсып жатыр. Оны Қарлығаш баба түйсігімен сезіп келеді. Сол кезде бір қызыл түлкі үйге ұрланып кіреді де қиналып жатқан әйелдің өкпесін ала қашады. Сол сәт әйел сұлық қалады. Бәрін көріп келе жатқан Қарлығаш баба ақбозымен сорға қашқан түлкі кейпіндегі албастыны қамшының астына алып, әйелдің жанын қайта салдырады. Қарлығаш баба үй шетіне тоқтағанда әйел де көзін ашады. Мән-жайды білген ауыл адамдары Қара бақсыны қонақ етіп, алдына мал салып, қошеметпен ауылына жеткізеді.
Қарлығашұлы Қазыбек баба туралы аңыздар да халық көкірегіне қатталған, ұрпақ санасында жатталған. Ол бірде Кордуан жәрмеңкесіне келеді. Жәрмеңкеде палуан күресі қызып жатса керек. Әр рудың, ауылдың өз палуаны бар, баба ауылынан Смағұл палуан шығады. «Әп» дегенде, қарсыласының жойқын шабуылынан Смағұл палуанның тобығы тайып, жіліншігі қақ бөлінеді. Ол ауырсынып отырып қалады. Сол сәтте ортаға Қазыбек баба шығып, Смағұлдың аяғын сипап, таңып беріп, қатты айғайлайды: «Тұр, кәне, орныңнан! Иә, Алла, оңдай көр, аруақ, қолдай көр!» Осы кезде орнынан атып тұрған Смағұл қарсыласын басынан асыра лақтырып жіберген екен.
Қазыбекұлы Қаби атаны да ел есінде мәңгі сақтаған. Совет өкіметінің орнап жатқан кезі болса керек. «Байларды, молданы, Қойдай қу қамшымен» деген ұранға елтіген НКВД ол кісіні де тұтқынға алады. НКВД бастығының үйіне облыстан бір дөкей бастық үй-ішімен қыдырып келеді. Ойнап жүрген кезінде қонақтың кішкене баласы аяғын сындырып алады. Баласының құлындаған дауысын естіген әлгі бастық қалай да дәрігергерге жеткізуді ойлайды. Сол кезде аудандық НКВД басшысы түрмеде сынықшының отырғанын айтады. Дереу Қаби атаны алдырып, баласының сынығын салдыртады. Ұлы тынышталып, бейжай ұйқыға кеткенін көрген дырау бастық Қаби атаны тұтқыннан босаттырады.
Ал, Қабиұлы Серікбай ата жиырмасыншы ғасырдың 60-шы жылдарының ортасына дейін өмір сүрген. Серікбай ата Ұлы Отан соғысы басталғанда отыздан енді асқан жігіт ағасы екен. Ол кісі де Отан қорғау үшін соғысқа аттанады. Сөйтіп, алғы шептердің біріне жіберілген ол тылсым бір түйсігімен бір адамның аяғы сынғанын сезіп, сол жерге жетеді. Алайда, есік алдындағы медбикелер оны жібермейді. Сөйтсе, генерал шеніндегі әскери адам аяғын сындырып алған екен. Орысша тіл білмейтін Серікбай ата барынша түсіндіріп, ана кісінің аяғын емдейтінін жанын сала айтқанымен әлгілер кіргізбей, шыр-пыр болысады.
Есік алдындағы айғайды естіген генерал не болғанын сұрайды. Сөйтсе, «Бір қазақ сіздің аяғыңызды емдеймін» дейді десіп, қолдарын сілтейді. Соның алдында ғана дәрігерлер аяқты ампутация жасамаса, басқа қайраны жоқ екенін айтқан екен. Әбден амалы құрыған генерал «Әлгі қазақты алдыртыңдар!» деп әмір етеді. Серікбай ата кіре салып, Аллаға сиынып, генералдың аяғын орнына түсіріп, таңғышпен таңып береді. Бір аптада қатарға қосылған әлгі генерал: «Немістің қаңғыған оғынан өлетіндер сенсіз де толып жатыр. Елге бар, халыққа қызмет ет» деп ол кісіні елге қайтарыпты.
Ол кісі қай жақта турған екен..Қасиеті берілген ұрпақтары бар ма ,бар болса қай жақта турады?