
Жүрегің жүрегіммен егіз бе еді?!
*15 сәуір – ғашықтар күні
Шамамен осыдан он жыл бұрын елімізде «Әулие Валентин» күні жүректері махаббатқа толы жандардың төл мерекесі болса, бүгінде бұл мейрам артта қалып, сәуірдің шуақты күндерімен қатар келген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күнін тойлау белең алып келеді.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шамамен XII-XIII ғасырларда ғұмыр кешкен. Дүниеқоңыздық пен көре алмаушылық, кек пен ашуға тап болған қос жүрек иесі өле-өлгенше бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббаттары осыменен құнды. Бүгінгі таңда мөлдір, кіршіксіз пәк сезімді қадірлеп, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жұптар да арамызда баршылық. Солардың бірқатарына тоқталып, жарасымды жұп болудың құпиясына қаныққандай болдық.
Қазіргі кездің Қыз Жібегі мен Төлегені

Отасқанына 45 жыл болған атыраулық Ғаділбек Нәжимов пен Жұмақыз Такирова – отбасылық өмірде бір-біріне ауыр сөз айтпастан жанұя берекесін келтіріп отырған жұп. Қазір олар 4 қызын құтты ұясына қондырып, тәтті жиендерінің қызықтарына кенеліп отыр. Дос-жолдас, ағайын-жуығы оларға «Қыз Жібек пен Төлеген» деп ат қойған.
Ғаділбек ағаның мамандығы инженер-механик, металл өңдеу саласында еңбек еткен. Ал Жұмақыз апамыз саналы ғұмырының 51 жылын медицина саласына арнаған. Жұмыс барысында кездейсоқ танысқан олар бір-бірімен жақсы тіл табысып, шаңырақ көтеруге бел байлаған екен. Алғашында қара шаңырақта үлкендермен бірге тұрған олар, кейін ата-баба дәстүрімен енші алып, бөлек шығады. Жұмыста асқан жауапкершілікпен қызмет етсе де, олар бала тәрбиесін шетке ысырып көрмеген. Қыздарының бәрі жоғары білімді. Арасында мұғалім де, заңгер де, есепші де, экономист те бар.
Осы күнге дейін өмірдің ыстығы мен суығын бірге көріп, қай мәселеде де ортақ шешім қабылдап үйренген жұп қазіргі жастардың тез үйленіп, тез ажырасатынына қынжылатынын жеткізді.
– Қазіргі кезде жас отбасылардың ажырасуын көп естіп жүреміз. «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деп бекер айтылмаған. Жастар отбасын құрып алып, ата-анасының еңбегін білмей, ажырасып тынады. Бұл бір-біріне деген сезімнің жоқтығынан емес, қиындыққа төзбей, түсінісе алмаудан деп ойлаймын. Махаббат – екі адамның сыйластығынан, сүйіспеншілігі мен түсіністігінен туатын дүние. Қандай жағдайда да қиындыққа шыдаммен қарау керек. Жар таңдауда қыздарымыз «үйі жоқ, көлігі жоқ, түрі жаман» деп жатады. Олай ойлау қате. Бәрі бірден болмайды. Екеулеп бәріне қол жеткізу қажет, — дейді Ғаділбек аға.
Ал Жұмақыз апа әйелге ер-азаматының қамқорлығы үлкен маңызға ие екенін айтады.
– Құдай қосқан қосағым осы күнге дейін маған ешқашан дауыс көтеріп көрген емес. Балалардың көзінше бір рет те болсын жанжалдасып көрмеппіз. Бір-бірімізді көзімізден, сөзімізден түсіне қоямыз. Арамызда орынсыз қызғаныш орын алмады. Ол мені «асыл жарым» деп аяласа, мен оны «отағасым» деп әркез орнын биікке жетелеп келемін,-деді ол ағынан жарылып.
Зейнет демалысындағы жарасымды жұп уақыттарын бірге серуендеп, үйде әуелете ән салып, дәмді ас әзірлеп, бірге өткізгенді ұнатады. Арасында махаббат вальсін билейтіндерін де жасырмады.
Әлеуметтік желі табыстырды

Көркем Сүндетова (аты-жөні өзгертілді) – Атырау өңірінің тумасы. Жастайынан оқу-білімге құштар болып өскен қыз мұғалім болуды армандайды. Сол мақсаты жолында жоғары оқу орнын тәмамдап, мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Әртүрлі педагогикалық жарыстарға қатысып, сондай-ақ оқушыларды да көркем сөз оқу, өлең жазу секілді сайыстарға, ғылыми жобаларға дайындап, уақытының көп бөлігін қызметіне арнайды. Осылайша, жақсы жетістіктерге жетіп, қызметте жоғары сатыларды бағындырады.
Алайда отбасылық өмірді ойлауға шамасы да, құлқы да болмайды. Әке-шешесі, туыс-туғандары, дос-жарандары үнемі «Қашан тұрмыс құрасың?» деген сұрақтың астына алады. Жеңгелері де түрлі «таныстық кештерді» ұйымдастырып әуреге түседі. Талай сөз салған жігіттердің ешбірін де Көркем өзіне лайықты жар деп танымайды.
Уақыт зулай берді. Көркемнің жасы отыздан асып жығылды. Ол айналасындағы дос-жарандарының шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы атанғанын көріп, жалғыздықтың көңілсіз күйін сезіне бастады. Әрине, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Ол 2019 жылы әлеуметтік желі арқылы Мақсат (аты өзгертілді) есімді жігітпен танысады. Сөзі дұрыс, ойы түзу жігіт екенін Көркем уақыт өте келе аңғара бастайды. Бірақ ол жігіттің Алматы облысынан екенін білгенде алғашында аса мән бермейді. «Алматы қайда, мен қайда?» деп ойлап, тек хәл сұрасып қана жүре береді. Сөйтіп бір күні Мақсат Атырауға Көркеммен кездесу үшін келетінін айтады. Ал Көркем ол сөзіне сене қоймайды. Ғашық жігіт айтқанында тұрып, ұшақпен Атырау қаласына келеді. Әлеуметтік желіде сөйлесіп жүрген олар, шынайы өмірде жүздесіп, бір-біріне деген сезімдері өрши түседі. Осылайша олар екі жылдан аса сөйлесіп, хат-хабар алысып, шаңырақ құруға шешім қабылдайды.
Мақсат – ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өмірге келген Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол өңірінің тумасы екен. Көркем сұлу осылайша Хантәңірінің етегінде орналасқан тамаша табиғаты келіскен ауылдың келіні атанады. Бүгінде ол жергілікті тұрғындардың мықты бірлігіне тәнті екенін, ауыл балаларының Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқитынын, аттың құлағында ойнайтынын айтады. Мақсат жасы 44-ке келгенде табысқан Көркемін қатты бағалайды. Ағайын-туыс, достары «Қанша жыл жүріп, келіншегіңді туу Атыраудан әкелдің ғой, бұйырған кетпейді деген сол ғой» деп әлі күнге таң қалады екен. Олардың отау құрғанына биыл үш жыл толады.
– Диалект дейтін дүние бар ғой. Әлі де бір-біріміздің сөзімізді кейде түсінбей қалып жатамыз. Берік отбасы болудың құпиясы – түсіністік, жауапкершілік, құрмет, махаббат, — дейді бақытты жұп.
Қиын шақта азаматын қолдады

Атырау қаласының тұрғыны Асылан Митанов Қызылқоға ауданының тумасы Ақтолқын Өрбісіновамен шаңырақ көтергеніне биыл жиырма жылға жуықтапты. Екі жас алғашында жұмыс барысы бойынша танысып, кейіннен арадағы қарым-қатынастары мөлдір сезімге ұласқан. Жаңа өмірге қол ұстасып қадам басқан олар адал маңдай тер, еңбегімен баспаналы болады, тұрмыстық жағдайларын реттейді. Өмірге сүйкімді екі ұлы келеді. Қызметте беделді, ортасына сыйлы атанған оларға қызығып қарайтындар көбейеді.
«Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, Асылан аяқасты ауыр дертке шалдығып, төсекке таңылып қалады. Бір жарым жыл бойы ешкімнің жүзін көргісі келмей, тағдырына налып, үйден шықпай жатады. Сап-сау қалыптан әп-сәтте мүмкіндігі шектеулі жанға айналу кімге оңай тиер дейсіз?! Басына түскен жағдайға мойынсұну, қабылдай білу оған қатты қиынға соғады. Үйдің материалдық қажеттіліктерін толтыру жалғыз Ақтолқынның мойнына артылады. Алайда ерік-жігері мықты әйел ешқашан салын суға жібермей, өмірдің сынағына қарсы тұрады. Бұрынғы жайма-шуақ күндері көрген түстей болса да, ешқашан отағасына жабыраңқы күйін көрсетпеді. Қайта «Ауруыңнан әлі-ақ құлан-таза айығып, аттай шауып кетесің» деп азаматын алға жетелейді. Төсекке таңылған жан ерекше күтімді қажет етеді. Ақтолқын ол сауапты қызметті де белін бір бүкпестен атқарып келді.
Жарының бұл қолдауы Асыланға зор демеу, күш-қуат сыйлады. Отбасының барлық ауыртпалығы әйеліне түскенін көріп, қатты намыстанған ол «қалайда аяққа тұруым керек!» деп өз-өзін қамшылайды. Қазір денсаулығы едәуір қалпына келді. Орнынан қозғалып, аяғын басатын жағдайға жетті. Жұмысқа орналасып, спорт саласының дамуына өз үлесін қосып жүр.
– «Әйел – қырық жанды» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Жарымның төзімділігі, келешекке деген зор үмітінің арқасында отбасымыз берік сақталды. Осы адамгершілігі, махаббатқа адалдығы үшін жұбайымды одан сайын қатты құрметтеп, сыйлайтын болдым. Қазір сәл қиындыққа шыдамай, екі жаққа кететін жұптар аз емес қой. Біздің бастан кешірген оқиғамыз көпшілікке сабақ болғанын қалаймын, — дейді А.Митанов.
Қосылған құда бала мен құдаша
Қазақта шаңырақ құрған ерлі-зайыптылардың қайын жұрты үшін келіннің немесе күйеу баланың бауырлары құдаша, құда бала болып келеді. Жасы қатар құдаша-құда балалардың емін-еркін араласуы, риясыз әзілдесуі қазақи дәстүрге тән. «Құдашадан құр қалғанды құдай ұрады» деп әзілдеген халқымыздың салтында құда бала құдашаға көз салып, көңілін ашық білдіруі ерсілік саналмаған. «Ажарыңның ашығын-ай, құдаша! Сендей болсын ғашығым-ай, құдаша!» деген сынды өлең жолдары да осының айғағы. Өзара сыйластықтан ынтық сезім туындап, құда балалар мен құдашалар некелескен мысалдар да өмірде аз емес. Мұндайда жұрт жастарды «Отау ішінен отау тікті» десе, бір-біріне сыйлы құдалар туыстық тамырларының беки түскеніне қуанған.
Осыдан 35 жыл бұрын отау құрған Мақсот Сұпығалиев пен Күлән Кенжеғалиева шын өмірде құда бала мен құдаша болған. Бастапқыда Мақсоттың туған апасы Марина мен Күләннің туған ағасы Бисенбай некелесіп, шаңырақ көтерген екен. Құда бала-құдаша болып әзіл-қалжыңы жарасқан олардың да арасында сезім оты тұтанады.
Мақсот мектеп бітіріп, әскерге аттанған кезде Күләннан өзін тосуды, арадағы сезімді сақтай білуін өтінеді. Уәдесіне адал болған Күлән ғашығының аман-есен әскерден оралуын асыға күтеді. Екі жыл Отан алдындағы борышын өтеп келген Мақсот ғашығына қайта қауышып, көп ұзамай оған үйленеді. Осылайша, құда-құдағайлары ата-енелері болып шыға келеді.
Жастай тұрмыс құрған Күләнның шаруаға ширалып, үйдің тірлігіне пысық келіншек болуына төркінінен алған тәрбиесінен бөлек, енесінің де қолдау-көмегі көп болған екен. Қарашаңырақта ата-енесінің бабын тауып, қас-қабақтарына бір кірбің ұялатпаған жас жұбайлар үлкендердің ақ-батасымен еншілерін алып бөлек шығады. Жолдарында қанша қиындық кезіксе де бір-біріне қолдауларын аямай, май арасынан қыл суырғандай бәрін рет-ретімен еңсеріп келеді. Бүгінде жапырағы тереңге жайылған отбасы 7 ұл-қыз өсіріп, одан немере-жиен сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп отырған жайы бар.
Махаббат ұлтқа қарамайды

Бірлік – тату тірліктің тірегі екенін естен шығармаған елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Татулықты бақытқа балаймыз, себебі қырқысып қайшылықта болғаннан гөрі, ымырашылдықпен ырысты арттырған жөн. Сонда ғана ынтымақ пен тыныштық орнықты болады.
Өзге ұлт өкілдерінің елдің салт-дәстүрін сақтап, жөн-жоралғысынан жаңылмауы көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе қазақ еліне келін болған нәзікжандылардың әулеттің түтінін түзу ұшырып, тіл мен әдебиетімізге, өнер мен мәдениетке қанық болуы елге құрметтен деп пайымдауға болады. Осы ретте біз ұлты қарақалпақ Құрманғазы ауданында тұратын Сарбиназ Ембергеновамен тілдескен едік. Қазақ жігіті Рүстем Мүтиевке тұрмысқа шығып, ақ босаға аттаған жан келіндік міндетті орындап, қазақы салт-дәстүрді бойға сіңіріп, бейімделу қиынға соқпағанын тілге тиек етті.
– Жолдасымның сөзге беріктігі, жанашырлық қасиеті көңілімді баурап алған еді. Оған да менің ақжарқын мінезім қатты ұнапты. Шынайы сезіммен отау құрдық, үлкен шаңыраққа келін болып түстім. Азаматымның қолдауымен, ата-енемнің ақыл-өсиетімен бәрін тез меңгердім, салт-дәстүрді үйрендім. Қазір Аллаға шүкір, үш баланы тәрбиелеп келеміз. Меніңше, махаббат ұлтқа қарамайды. Бір-бірін жақсы көрген жандарға ешбір кедергі кездеспейді, — дейді ол.
Түйін:
Шаңырақтың шырайын кіргізіп, жанұя жарасымдылығын сақтаған ерлі-зайыптыларға еріксіз сүйсінесің. Данышпан Абай «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де ішпен біл» дегендей, айтқызбай-ақ ұғатын, жан-дүниеңізбен үйлесім табатын жүрегіңіздің жартысын тапқанға не жетсін?! Лайым әр шаңырақта шаттықтың үні шырқалсын!
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Коллаждарды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА