Жарнама
Қоғам

Жүн мен тері де кәдеге асады

ГАЗЕТІМІЗДІҢ БҰҒАН ДЕЙІНГІ САНДАРЫНДА ЖЕРГІЛІКТІ МАЛ ӨНІМДЕРІ, ӘСІРЕСЕ ЖҮН МЕН ТЕРІНІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ БІРНЕШЕ МӘРТЕ МӘСЕЛЕ ҚОЗҒАЛҒАН БОЛАТЫН. БҰЛ ТАҚЫРЫП ЖҰРТШЫЛЫҚ АРАСЫНДА ТАЛАЙ РЕТ АЙТЫЛЫП, ТҮЙІНДІ ШЕШІМІ ТАБЫЛМАҒАН КҮРДЕЛІ ПРОБЛЕМАҒА АЙНАЛЫП ЕДІ. РЕСПУБЛИКА ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ ӘЛІБЕК НӘУТИЕВ ӨЗІНІҢ СЕНАТТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ, ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК КОМИТЕТІНДЕГІ ӘРІПТЕСТЕРІМЕН БІРГЕ ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ НАҚТЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ АТАП КӨРСЕТЕ ОТЫРЫП, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНЕ ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЖОЛДАҒАН БОЛАТЫН.

Жуырда бұған министрдің орынбасары Ілияс Оспановтан жауап келді. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарына берілген жауапта Ілияс Есетұлы Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, бұдан екі апта бұрын, яғни 15 мамыр күні бұл мәселені жұмыс тобының күн тәртібіне шығарғанын хабарлады. Онда тері және жүннің мәселелері дербес көрсетілген. Министрліктің мәліметі бойынша, республика аумағында 2022 жылы 3,4 миллион дана ірі қара мал терісі алынған. Оның шамамен 70%-ы – сиырдың, қалғаны – жылқы, түйе тұқымдас жануарлардың терісі. Осынша терінің 30 пайызы ғана мамандандырылған сою пункттерінде сойылып, І-ІІ сұрыппен алынса, қалған 70 пайызы жеке тұрғындардың өз шаруашылығынан шығады екен.

«Қазір республикада қуаттылығы жылына 4 миллион данаға дейін ірі қара малдың терісін өңдейтін 10-нан астам былғары кәсіпорны жұмыс істейді, олар 30%-ға дейінгі жүктемемен жұмыс істеуде. Шығарылатын өнімнің негізгі түрі – былғары жартылай фабрикат, ол түгелдей шетелге экспортталады. Дайын былғары аяқ киім өндірісі үшін аз ғана мөлшерде шығарылады», — делінген вицеминистрдің жауабында.

Сондай-ақ, министрліктің жауабында 2022 жылы отандық кәсіпорындар 515,6 мың дана ірі қараның терісін қайта өңдесе, бұл – алынған ірі қара мал терісінің жалпы санының 21,4%-ы екені айтылған. Ал, былтыр өндірілген тері (144,4 млн. шаршы дм.) 2021 жылғы өндіріс көлемімен салыстырғанда 16,1%- ға өсіпті. Иленген былғары экспорты 2022 жылы 6 мың тонна, жалпы құны 5600 мың АҚШ долларына тең. Ірі қара мал терісін алыс және жақын шет елдерге тасымалдағанда 1 тонна үшін 200 еуро мөлшерінде экспорттық кедендік баж қолданылады екен.

Еуразиялық Экономикалық Одақ елдеріне экспорттау еркін жүзеге асырылады. 2021 жылы Алматы қаласындағы индустриялық аймақта түркиялық инвестор – «Halavet KZ» ЖШС-нің қатысуымен құны 9,8 миллиард теңге болатын желатин өндіру зауыты салына бастады. 105 жұмыс орнына лайықталған инвестициялық жобаның қуаттылығы – күніне 500 тонна ірі қара терісін өндіру. Мұның көлемі – 25 мың дана тері. Ал, инвестордың негізгі шарты – шектеу шараларын енгізу арқылы шикізатпен қамтамасыз ету. Жобаны биыл екінші жартыжылдықта іске қосу жоспарланған. Вице-министр І.Оспановтың айтуынша, отандық кәсіпорындарда өңделген 7,9 миллион дана ұсақ мал терісінің шамамен 2,6 пайыздан басқасы сұраныстың болмауына байланысты өңделмей қалыпты.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфра құрылымдық даму министрлігінің жауабында жыл сайын елімізде өндірілетін 40 мың тоннаға жуық қой жүнінің ішінде биязы және жартылай биязы жүн жалпы жүн өндірісінің 20 пайызы көлемінде бастапқы өңдеуге, яғни жуып, тазалауға кететіні, одан әрі қарай Қытай, Ресей, Беларусь, басқа да елдерге экспортқа жіберілетіні анық көрсетілген. Қалған 80%-ы қылшықты және жартылай қылшықты жүн болғандықтан, сұраныстың жоқ болуына байланысты қайта өңделмейді екен. Тек аз ғана бөлігін киіз және киіз аяқ киім шығаратын фабрикалар өңдейтін көрінеді. Ескеретін жайт – 2022 жылы жалпы көлемі 40,6 мың тонна жүннің 5,7 мың тоннасы экспортқа жөнелтілген, бұл – 14% ғана. Биыл жыл соңына дейін Ақтөбе облысында «KazFeltec» ЖШС-нің қуаттылығы 3 мың тонна қылшықты жүнді қайта өңдейтін оқшаулау өндірісі бойынша жобасы іске асырылмақшы. Қазір қойдың жүні мен терісін экспортқа шығаруға қойылатын талаптар күшейтілмеген.

«Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2023 жылғы 22 ақпандағы шешіміне сәйкес, ірі қара малдың терісінің экспорттық кеден бажын 1 тоннаға 100 еуроға дейін төмендету, ұсақ малдың терісіне экспорттық кеден бажын 2023 жылдың соңына дейін және жүннің экспорттық кеден бажын 2024 жылдың соңына дейін алып тастау мақұлданды. Қазір СИМ-нің бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен келісуде. Бұдан басқа, өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындарды, оның ішінде жеңіл өнеркәсіпті ынталандыру үшін қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсетіледі, гранттар беріледі, мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылады. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қолдау көрсетеді.

Қарапайым заттар экономикасының негізгі мақсаты – халықты қамтамасыз ету және отандық өндірушілерге қаржылық қолдау көрсету арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндірістер құру. Несиенің нысаналы мақсаты – субсидиялауды ескере отырып, түпкілікті мөлшерлемесі 8% болатын бизнес үшін айналым қаражатын инвестициялау және толықтыру. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттен

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ құралдары арқылы 3 пайыздық несие мөлшерлемесімен жеңіл өнеркәсіптің инвестициялық жобаларын қаржыландыру үшін 50 миллиард теңге бөлінді», — делінген вице-министр І.Оспанов қол қойған жауапта.

Шындығында, тері мен жүнді терең өңдеуді субсидиялау мақсатында бұған дейін республика Индустрия және инфра құрылымдық даму министрлігінің құзырында болған ол өнімдердің функциялары былтырдан бері Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілген екен. Енді екі ведомство бірлесіп, тері мен жүнді терең өңдеу бойынша жаңа өндірістер құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығымен бекітілген Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны көрсетілген. Соған қарағанда, қазірге дейін керексіз болып келген малдың жүні мен терісін кәдеге жарату мәселесіне де осы арқылы қозғау салынғанын аңғаруға болады. Ал, кейбір іркілістер мен өзара түйіндер тиісті заңнамалар негізінде жүзеге асады деген сенім мол.

Қуат ҚОСЫМБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button