Жарнама
Қоғам

Жұмысшы мамандықтарының беделі артады

Мемлекет басшысының бұл жолғы бастамасы — уақыт талабынан туындап отырған, аса өзекті әрі стратегиялық шешім деп ойлаймын.

Бүгінгі күні елімізде білікті жұмысшы кадрларға деген сұраныс өте жоғары. Алайда, қоғамда әлі де болса қате түсінік қалыптасқан: тек «ақ жағалылар» ғана беделді, ал қарапайым еңбек адамының еңбегі екінші қатарда деген көзқарас кең тараған. Бұл – жастарды жұмысшы мамандықтарын таңдаудан алыстатып, қоғамның кәсіби тепе-теңдігін бұзып отырған факторлардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы стереотипті бұзып, еңбек адамының шынайы мәртебесін көтеруге нақты қадам жасап отыр.

2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануы – жай ғана символдық шара емес. Бұл – жұмысшы еңбегінің қоғамдағы беделін арттыруға, жастарды нақты кәсіпке бейімдеуге, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шешім.

Өкінішке қарай, қазір көптеген маман иелері өз саласы бойынша еңбек етпей, уақытша пайда табу үшін басқа бағыттарға кетіп жатыр. Бұл – мемлекет бөлген білім ресурстарының тиімсіз жұмсалуына алып келеді. Яғни, жастарды еңбек нарығының нақты сұранысына сай кәсіби бағдарлау мен жұмысшы мамандығын насихаттау ісі әлі де жеткіліксіз. Президент көтерген мәселе – осы түйткілдің түйінін дөп басқан, кешенді шешімді қажет ететін ұлттық міндет.

Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу – тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар бастама. Өйткені еңбек адамына деген құрмет – ел дамуының берік іргетасы. Қолөнер шебері, дәнекерлеуші, құрылысшы, инженер, агроном, механизатор – осылардың бәрі мемлекеттің нақты тірегі. Олардың еңбегін мойындау, мәртебесін арттыру – жастардың таңдауына да әсер етеді.

Сондықтан Президенттің бастамасы еңбек адамының қоғамдағы орнын қайта айқындап, жұмысшы кәсібін таңдауды жастар үшін беделді, тартымды етуге жол ашады. Бұл – болашақта еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен өндірістік қуатын арттыруға негіз болатын шешім.

Бұл бастаманы барынша қолдаймыз әрі әрқайсымыздың қоғамда еңбек адамына деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз қажет.

Шынаргүл ТЕМІРБАЕВА,

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сарапшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button