Жұмысшы мамандардың беделін көтеру керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялайтынын мәлімдеді. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы ғана қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауға болатынын жеткізді.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мұнай-газ факультетінің деканы ретінде бұл ұсынысты қолдаймын. Бүгінде елімізде мұнай-газ саласында өндіріс орындары көбейіп келеді. Әрине, бұл ел экономикасының өркендеуіне зор септігін тигізеді. Алайда, көбіне жұмысшы мамандық иелерінің еңбегі бағаланбай қалатын сәттер болады. Әр істің артында қарапайым еңбек адамының үлкен күші мен талпынысы көрінбейді. Ал бәріне бірдей жоғары лауазымда жұмыс істеу, жоғары техникалық білімі бар маман болуы екі талай. Сондықтан жұмысшы мамандықтарға да сұраныс жоғары болатындай жағдай жасап, бұған жастардың назарын бұру керек. Мысалы, өндіріс саласында слесарь, механик, монтаждаушы сыңды жұмысшылар ауадай қажет. Ендеше, мұндай мамандық иелерінің адал еңбегін ел арасында кеңінен насихаттауға тиіспіз.
Осы тұрғыда білікті кадрларды жедел даярлауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылға арналған іс-қимыл Бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 104-тармағына сәйкес әзірленген «Жоғары білім деңгейінде қолданбалы бакалавриатты (қысқа цикл) пилоттық режимде енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 28 шілдедегі №14 бұйрығының негізінде «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ базасында «Қолданбалы бакалавриат» дәрежесі берілетін «Қолданбалы бакалавриат (қысқа цикл)» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау жүзеге асырылуда. Бүгінде университетімізде 2022-2023 оқу жылынан бастап «Мұнай-газ технологиялары» білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлап келеді.
«Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келетінін, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы қажет екенін баса айтты. Осы орайда жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру үшін оқу орындарындағы кәсіптік бағыт-бағдар беру жүйесіне жаңаша көзқарас керек деп есептеймін.
Райхан СҮЛЕЙМЕНОВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университеті мұнай-газ факультетінің деканы