Қаройдың қасиеті

avpvrpa Жаңалықтар

Atr.kz/13 тамыз, 2019 жыл. Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі жерлердің тарихын өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда.

Мәселен, былтыр «Атырау облысының тарихи және мәдени ескерткіштері жиынтығының» көп томдығы жарыққа шықты. Сонымен бірге, «Атырау облысындағы киелі жерлердің орналасу схема картасы» жасақталды. Бұл жинақтың және картаның жарыққа шығуы – өз тарихымызға тереңнен үңіліп, қайта жаңғырудың белгісі. Облыста тарихи-мәдени мұралардың тізіміне енген киелі жерлердің бірі – Индер ауданындағы Қарой мазары.

Бұл мекен – 18361838 жылдары болған шаруалар көтерілісінің басшысы Махамбет Өтемісұлының жерленген жері. Қарой – Атырау облысы, Индер ауданы, Индер кентінен оңтүстік шығысқа қарай 40 шақырым қашықтықта орналасқан жер атауы. Қазақ жазушысы Тәкен Әлімқұловтың «Қарой» әңгімесінің басты кейіпкері де Махамбет бабамыз болатын.

Махамбет Өтемісұлы – халқымыздың азаттығы, тәуелсіздігі үшін күрескен батыр, рухты асқақтатар жырларымен мәлім ақын. Қазақтың батыры, дауылпаз ақыны туралы тарихи, әдеби зерттеулер том-том болып жазылды, деректі фильмдер де түсірілді. Бекетай құмында дүниеге келіп, Қаройды мәңгілік мекен еткен Махамбет бабамыздың өмір сүрген кездегі тағдыры қандай қиындыққа толы болса, о дүниеде де бас сүйегінсіз 17 жыл жатуы – тарихи шындық .

Жалпы, Ы.Шөреков, И.Кенжеалиев, Ә.Сараев, Х.Досмұхамедұлы, Н.Шаяхметов және басқа да ғалым, ақын-жазушылар зерттеген, бағасын берген ой-пікірлерге тоқталып өтейін.

Белгілі Алаш қайраткері Х.Досмұхамедұлы: «Махамбеттің өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы болған. Өте қызу адам екен. Бағыт алған жағынан тайынбайтын ер екен. Исатай жұртты ақылмен, дәлелмен, түрлі әдіспен соңына ерткен адам болса, Махамбет көпті қыздырып, көңілін аударып ертетін адамның түрі болған. Махамбет мінезі сотқар, қалжыңқой, бетің-көзің демей, ойына келгенін айтып салатын батыл болған» деп сипаттайды.

Ал, жазушы С.Мұқанов: «Махамбеттің тамаша, ірі адамгершілік қасиетінің біреуі – ол досына жанын қияды, досының дәрежесін өзінен жоғары ұстап, досының атақабыройын, жігер-қайратын өзінің алдына сала, өзінен жоғары көтере сөйлейді» деп бағалады.

Жазушы Б.Аманшин «Махамбет халық көңілінің тұнығындағы ең асылын – еркіндікті, теңдікті, жақсы тұрмысты аңсаған арманын, ата жауына деген қаны қатқан өші мен кегін, азаматтық антқа берік адалдығы мен арыстандай ерлігін көкке көтере мадақтады» деп жазды. Жылдар өте Махамбет Өтемісұлының жерленген жері ұмытылады.

1958 жылы Орал өңіріне іссапармен барған Тайыр Жароков пен Қажым Жұмалиев «Орал өңірі» газетіне «Махамбеттің қабірін білетін жан бар ма?» деп сұрау салады. Осы сауал негізінде қабірді білетін Тайпақ ауданының тұрғыны Құрақ Бектұрғанов деген азамат шығады. Арғы атасы Бектұрған Тәшенге, Тәшен баласы Дінмұхамедке, Дінмұхамед баласы Құраққа Махамбеттің бейітін көрсетіп аманаттайды.

Дінмұхамед ақсақал Махамбеттің басына тобылғы қамшыны қайысынан айырып көмеді. Баласына тобылғының шірімейтінін ескертеді. Арада жеті жыл өткен соң, 1958 жылы табылады. Бұл Б.Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры» кітабында да суреттелген. 1966 жылы антрополог ғалым Н.Шаяхметов қабірді қазып алып, бет-әлпетін жасаймын деп, 17 жыл жертөледе ұстайды. Тек 1983 жылы Махамбет бабаның басы денесімен бірге қайта жерленеді.

Алғаш рет ескерткішті 50-ші жылдары ақын Б.Аманшин, 1980 жылы Мәдениет министрлігінің Орал экспедициясы зерттеді. 1995 жылы Махамбет Өтемісұлының 190 жылдығына арнап батырдың жерленген жерінде биіктігі 12,2 метр болатын күмбезді мазар тұрғызылды. Ішкі бөлігінің қабырғаларына «теңсіздікке, әділетсіздікке қарсы Исатай бастаған халық қозғалысының жаршысы, жалынды жырды ту етіп ұстаған қаһарман ақын, ардагер азамат Өтемісұлы Махамбетке» деген ұрпақ сөзі және ақынның 11 шумақ өлеңі тасқа қашалып жазылған. Махамбет Өтемісұлының жерленген жерін қорғау үшін оған арнайы қорықмузей ашылған.

Қазіргі уақытта сол маңдағы Индер ауданына қарасты шаруа қожалықтарының мүшелері мазар жанына егілген жасыл желекті суарып, баптайды, мазарды күтеді. Қаройдағы Махамбет ескерткішіне облыс, әрісі республика көлемінен оқушылар, саяхатшылар, басқа да тұрғындар келіп

тағзым етеді. Жуырда Қызылқоға ауданындағы Қарабау орта мектебінің жас өлкетанушылары дауылпаз ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының мәңгілік тыныстаған Қарой елді мекеніне барды. Туристік сапар « Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі орындар мен тарихи тұлғалардың өмір жолдарын, ерліктерін, елге сіңірген еңбектерін тереңірек білу, оны келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылды.

Жас өлкетанушылар ақынның отты жырларымен, 1836-1838 жылдардағы шаруалар көтерілісінің тарихымен, зерттеушіғалымдардың еңбектерімен танысты. Мазардағы естелік кітапқа қолтаңбасын қалдырды. Жылдар, ғасырлар өтсе де облыс көлеміндегі тарихи ескерткіштердің бірі де, бірегейі саналатын баба мазарынан бүгінгі ұрпақ тәуелсіздік аңсаған батыр, ақын бабаның отаншылдығынан өнеге алатындай.

«Жақсыдан жаман туады, Бір аяқ асқа алғысыз. Жаманнан жақсы туады, Адам айтса нанғысыз»- деп ақынның өзі жырлағандай, киелі Қарой жері келер ұрпаққа да ой тастайтын, бағыт-бағдар беретін тарихи орындардың бірі болып қала бермек.

Гүлжан ТОҚМҰРЗИНА,

Қарабау орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, Қызылқоға ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз