Жарнама
Қоғам

Жолдағы қасіретті кім тоқтатады?

«…Мен былтырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым. Әрине, біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес…»

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

Өкінішке қарай, бүгінде жол-көлік ережесін жиі бұзу, жылдамдықты шектен тыс асыру, бағдаршамға бағынбау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу – мұның бәрі бейбіт күндегі адам өлімінің басты себебіне айналғаны ақиқат.

Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көлік жүргізудің мәдениет пен жауапкершілікті қатаң талап ететінін атап айтты. Бұл – бүгінгі жағдайға берілген өте орынды баға. Расында да қазір адам өмірі дерттен бұрын жол апатынан жиі үзіліп жатыр. Талай отбасының жүрегін қан жылатып, орны толмас қайғы-қасіретке душар етіп отырған осы өзекті мәселенің мемлекет басшысының Жолдауында көтерілуі де өте орынды.

Енді бұл қасіреттің қалай алдын аламыз? Жол-көлік апатын болдырмау үшін қандай нақты шаралар қажет? Осы мақсатта біз республика Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері, Атырау облысы ішкі істер органдары Жол полициясы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дүйсенбек Гайсинмен сұхбаттасқан едік.

ea34999f a6b0 4264 a4e3 cc62d8b24a8d

Бейбіт күннің қасіреті

– Дүйсенбек Тастанбайұлы, елде көлік саны жыл санап артып келеді. Бірақ, өкінішке қарай, жол апаты да азаймай тұр. Бұған не себеп?

– Иә, қазір Қазақстанда 6 миллионнан астам автокөлік тіркелген. Бұл халықтың тұрмыс жағдайының жақсарғанын көрсетеді. Ол жақсы үрдіс қой. Бірақ көлікпен бірге жол апатының да саны көбейіп барады. Жыл сайын 2 мыңнан астам адам осы себептен қаза болып, 23 мыңға жуық азамат жарақат алады екен. Бұл – бейбіт күндегі үлкен қасірет.

Жол апатынан қаза тапқандардың қайғысын, ауыр жарақат алып, төсекке таңылған, өмірінің қалған бөлігін мүгедек күйде өткізуге мәжбүр болғандардың азабын, олардың ағайын-туыстарының моральдық және материалдық шығынын өлшеу мүмкін емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстан – жол-көлік оқиғалары ең көп болатын әлемдегі бес елдің бірі. Жол апатының көбеюіне басты себеп – жол қозғалысына жауаптылардың, оның ішінде кейбір автокөлік жүргізушілері мен жүргіншілердің жол қауіпсіздігіне жете мән бермеуі, жауапсыздығы және жол қозғалысында өздерін ұстау мәдениетінің төмендігі дер едім. Оған қоса жол қозғалысын ұйымдастыруда қателіктер мен кемшіліктер де бар.

– Мемлекет тарапынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Бірақ нәтиже неге мардымсыз?

– Бұл – өте маңызды және күрделі сұрақ. Оның басты себебі – тереңде жатқан жүйелік кемшіліктер.

Бізде жолдағы қасіретпен күресу тек полицияға жүктелген, ол ащы болса да шындық. Ал шындығында бұл талап тек полицияға емес, бүкіл қоғамға ортақ міндет. Ол үшін әр адамға жол және көше мәдениетін қалыптастыру қажет. Бұл мәдениет әрбір жанұя, балабақша, мектеп, оқу орындары, жұмыс орындарының араласуымен қалыптасады.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында жұмыс та жоқ емес. Жол қозғалысын бақылауға арналған бейнекамералар, арнайы құрал-жабдықтар, заманауи техникалармен жабдықталған бекеттер, автокөліктер іске қосылуда. Елді мекендерде қозғалыс техникалық құралдар арқылы қадағаланып келеді. Полиция қызметкерлері бұрын-соңды болмаған арнаулы теле-радио, басқа да заманауи құрылғылармен қамтылған. Мұның бәрін халық көріп те, біліп те отыр. Бірақ, жол апатының тоқтамауы бұл шаралардың жеткіліксіздігін көрсетеді. Демек, мәселенің түп-тамыры жоғарыда айтылғандай тереңде жатқаны анық көрініп тұр.

Бір нәрсе анық, жұмысты ұйымдастыруда қаншама жаңа техника болғанымен, сауаттылық пен кәсіби сапа жоқ. Ал, онсыз жол апатын тоқтату әсте мүмкін емес.

Соңғы кезде бір жол апатынан бірнеше адамның көз жұмуы жиі қайталанып жүр. Қайтыс болғандардың көпшілігі – жастар. Оған дәлел – қыркүйек айының басында Қарағанды және Жетісу облыстарында бір күнде екі жол апатынан 15 және Маңғыстау облысында 10 адамның бір мезетте опат болуы.

Тәжірибе бойынша жол тәртібі үш жағдайда бұзылады. Біріншіден, жол ережесін саналы түрде бұзу. Екіншіден, ережені толық білмей және адам психикасының тұрақсыз күйінде бұзу. Үшіншісі – күйзеліс, отбасылық қиындық, шаршау сияқты факторлардың әсерінен «жол гипнозы» қылаң беріп, шұғыл әрекет жасай алмай қалу.

Жол апатына себеп болатын негізгі факторлар – жол ережесінің маңызды баптарының сақталмауы. Оқиғаға тікелей себеп болатын ереженің 10-ға жуық талабы бар: мас күйінде көлік жүргізу, жылдамдықты арттыру, жол қиылысынан дұрыс өтпеу, қауіпті басып озу, қарсы бағытқа шығу, маневр жасау, теміржол өткелінен өту тәртібін бұзу, т.б.

Қазір бұл тізімге көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесу де қосылды. Дәл осы олқылықтар үшін жазаны күшейту қажет.

Бұл мәселе 1994 жылы республика Ішкі істер министрінің №270 бұйрығымен реттелген болатын. Осы бұйрықта жол апатына себеп болмайтын ереже баптарын бұзған жүргізушілерді тоқтатуға, жаза қолдануға тыйым салынған еді. Ол шара жол қозғалысындағы жауапкершілікті арттырды.

– Бүгінде жол ережесіне қатысты қаншама айыппұл салынғанымен, көрсеткіш азаяр емес…

– Әрине, айыппұл салу арқылы адамның мәдениеті ешқашан қалыптаспайды. Ал мәдениет қалыптаспаса, тәртіп орнату да қиын.

Жол тәртібін сақтау – тек қауіпсіздіктің кепілі емес, әр адамның жеке жауапкершілігінің көрсеткіші. Сондықтан халыққа жол, көше мәдениетін қалыптастырмайынша проблема шешімін таппайды. Мәселенің шешіміне қол жеткізу мемлекет деңгейінде үлкен іс-шара жүргізуді талап етеді.

– Шетелдік тәжірибелерге зер салсақ, Қазақстанға қай елдің заңдылығы тиімді болар еді?

– Шетелдік тәжірибеден алатыны да, алмайтыны да бар. Себебі талай қазақстандық азаматтың шетелге барып, сондағы жолдағы келеңсіздіктердің салдарынан орны толмас қайғылы жағдайларға душар болып жатқанына куәміз.

Бұл жерде өзге мемлекеттердің тәжірибесін жан-жақты зерделеп, толық сүзгіден өткізіп барып тұжырым айтқан жөн. Кейбір елде, әсіресе Дубайда жол қиылысындағы солға бұрылу мен кері айналу айналма жолмен алмастырылған. Айналма жолдар кеңінен қолданылып, апаттың ықтималдығы төмендетілген. Мұндай тиімді тәжірибені біздің елде де қолданысқа енгізуге болады.

123c1344 c4b5 486d aaff 97355fca46c8

Ережені енгізу кезек күттірмейді

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында көлік жүргізу мәдениетіне қатысты келелі ой айтты…

– Иә, рас. Президент: «Көлік жүргізу – мәдениет пен жауапкершілік» деп атап көрсетті. Электросамокатты қадағалаусыз пайдаланудың да жол қауіпсіздігіне әсері тиіп тұр. Бұл – өте дәл айтылған мәселелер.

Жолда тәртіп орнатуға бүкіл қоғам атсалысуы тиіс. Мысалы, жол бойында тізіліп тұрған электросамокатты кез келген адам басқарып жүре береді. Олар, біріншіден, жаяу жүргіншілерге, әсіресе балалар мен қарттарға қауіп. Оны қашықтан басқарып отырған иелерінің көздегені – жолдағы қауіпсіздік емес, пайда табу.

Біз айтып отырған тақырып тек біздің емес, Президенттің де назарындағы мәселе екенін көріп отырмыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы атқарушы орындарға тапсырма беріп, талап-міндеттер қойды. Ал оны орындау – бөлек мәселе. Орындалады деген сенім мол.

– Сонда жол апатын азайтуға басты қадам неден басталуы керек?

– Бұл сұраққа жауапты толықтырып айтайын. Жол апаты – тыныш елде адам өміріне тікелей қауіп төндіріп тұрған өзекті мәселе. Жол қозғалысын ұйымдастыру мен қауіпсіздік саласына қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдайтын уақыт жетті. Бағдарлама тек құқықтық емес, ғылыми, кәсіби және тәрбиелік негізге құрылуы қажет. Облыстық деңгейдегі жол қауіпсіздігі комиссиялары қайта жанданып, нақты әрі нәтижелі жұмыс жүргізуге тиіс.

Жол қозғалысына негізгі жауапкершілік автокөлік жүргізушілері, көліктегі жолаушылар, жаяу жүргіншілер, велосипед, мотоцикл жүргізушілері, жолмен мал айдап өтетіндерде. Яғни, жол ережесін жолмен қозғалатын барлық адам білуге міндетті деген сөз. Оны ұйымдастырылған түрде іске асыру мемлекеттік деңгейде жасалады. Жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің өздеріне толықтай тапсыратын кезеңге әлі жеткен жоқпыз.

Жол мәдениетін қалыптастыру мен жол қозғалысы ережесін үйрету балабақшадан басталып, мектеп қабырғасында жалғасуы шарт. Осы мәселе бізде жолға қойылмаған. Оқушылардың біразы жол ережесінен хабарсыз, өйткені мектептерде бұған мән берілмейтіні шындық. Әр бала өзінің қауіпсіздігі үшін өзін жолда қалай ұстау керек екенін білуге міндетті. Ол тәртіп жол ережесінің III және IV тарауларында анық жазылған. Мектептердің көпшілігінде жол қауіпсіздігі сабағы өткізілмейді. Өткізілген күнде де мамандығы сәйкес келмейтін мұғалімдерге қосымша сабақ түрінде жүктеледі. Дұрысында, бұл сабақты арнайы оқудан өткен, тәжірибелі маман жүргізуге тиіс. Өйткені баланың өмірін оны оқыту мен үйретуге шыққан шығындармен салыстыруға болмайды.

– Ал автокөлік жүргізушілерін дайындау мәселесінің нақты талабы қандай болғаны жөн?

– Өте орынды сұрақ. Біз автокөлік жүргізушілерінің өзін-өзі дайындау жүйесінің қате болғанын көрдік. Сол жылдары өз бетімен дайындалып, жүргізу куәлігін алғандар бүгінде автокөлік басқарып жүр. Олардың білім деңгейін қайталап тексерген де артық болмас еді. Өйткені, жүргізуші де ұшқыш немесе дәрігер секілді, тікелей адам тағдырына жауапты. Сондықтан оларды дайындауға талап жоғары болуы керек. Оларға экстремалды жағдайлардағы әрекет, психологиялық дайындық және шешім қабылдау дағдылары оқытылуға тиіс. Жол ережесінің ұсақ түрлерін бұзғандарды бірден жазаға тартпай, олар үшін арнайы ақылы оқулар ұйымдастырылғаны ләзім.

Жол ережелерінің өзі де тым ұсақталып кеткен. Кейде апатқа себеп болмайтын болмашы құқық бұзушылық үшін жүргізуші қатаң жауапқа тартылады. Бұл қоғамда орынды наразылық туғызары сөзсіз. Ережелер қайта қаралып, халықаралық стандарттарға сәйкес ықшамдалып, тек қауіпсіздікке тікелей қатысы бар нормаларға басымдық берілгені жөн.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кең ауқымды, әрі техникалық сипаттағы қызмет. Ал, оны ұйымдастыру күрделі, арнайы білім мен тәжірибені талап етеді. Бұл саланың жауапты қызметкерлері «Жол қозғалысы туралы» Заң, жол ережесі, кез келген көлік құралының техникалық құрылысы мен оларды жүргізу тәжірибесін, жол коммуникациясының мемлекеттік стандарттарын, басқа да көптеген техникаға қатысты заңдылықтарды білетін, арнайы дайындықтан өткен, жоғары техникалық білімді мамандар болуы керек. Мұндай жауапты істі салалық білімі жоқ адамға тапсыру адам өмірін қауіпке тігумен тең.

Сондықтан Президенттің жасанды интелект бағытын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырғанда, бүгінгідей полиция қызметінің жол қауіпсіздігі саласының жұмысын әлсіретіп, бірнеше салаға бөліп, қосымша міндет жүктей бермей, керісінше саланы күшейтіп арнаулы мамандандырылған техникалық құрылымға шоғырландырған дұрыс. Бөлшектеу тиімділікке емес, жауапкершіліктің шашырауына апарып соқтырады.

Өткен кезеңнің ерекшелігі сол, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алуға бүкіл халық болып атсалысатын. Яғни партия, комсомол ұйымдары, оқу орындары, мекеме басшылығы мен кәсіподақ ұйымы тәртіп бұзушылармен жүйелі жұмыс жүргізіп, оларды ұжымда немесе жолдастық сотта қарап, тиісті жауапкершілікті терең сезіндіретін.

Бүгінде жол қауіпсіздігі мәселесін тұрақты көтеру үшін бұқаралық ақпарат құралдарынан арнайы орын бөлініп, интернет кеңістікте арнайы сайт ашылып, халыққа, әсіресе жастарға арналған жалпыхалықтық оқулар, бүлдіршіндерге арналған мультфильмдер көрсетіп, ойын-сабақтары ұйымдастырылуы керек.

Адамзаттың қозғалысына ауадай қажетті автожолдарда тәртіп орнаса, қоғамда тыныштық та орнайды. Әр жанұя мүшелерінің қауіпсіздігіне кепілдік те беріледі. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – уақыт күттірмейтін шара.

– Шынайы әңгімеңізге бек рақмет. Жол қауіпсіздігі жылдамырақ жүйелене түссін дейміз!

Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button