ЖОЛДАҒЫ ЖАНТӘСІЛІМ ОҒАН ҚАЛАЙ ШЕКТЕУ ҚОЯ АЛАМЫЗ?
Дабыл қағарлық фактілер келтіріліп «Атырау» газетінде бірнеше рет жазылған бұл мәселе бірде Жол қауіпсіздігін сақтау жөніндегі тұрақты комиссия отырысында да қаралды. Сол кезде комиссия төрағасы Тимуржан Шәкімов апатты оқиғалардың 20 пайызының облыс көлемінен өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орын алып жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Әсіресе, Атырау – Орал, Атырау – Астрахан тас жолдарында жолаушы тасымалдап жүрген таксилердің жылдамдықты шамадан тыс асыра жөнелетіндігіне дабыл көтерген еді. «Әдейілеп бақылағанымда Атырау – Орал тасжолымен он шақты жолаушыны тасымалдап бара жатқан таксидің сағатына 180 км жылдамдықпен жүйтки жөнелетінін көрдім. Бұл сұмдық жағдай» деген фактіні де келтіріп өткен болатын.
Сала мамандары жан түршігерлік апаттардың басты себебін жүргізушілердің көлікті белгіленген жылдамдықтан асырып, жолдың қарсы бағытына шығып кетуімен жиі байланыстырады. Жолдағы техникалық жағдайдың нашарлығы да басты себептердің алдыңғы легінде көрінеді. «Яғни, көліктер шұңқырлардан қашып, қарсы бағытқа шығып кетеді де, жүру бөлігіне қайтуға үлгере алмай, қарсы бағыттағы көлікпен соқтығысады» дейді олар. Белгілі болғанындай, жүргізілген тексеру нәтижесі республикалық маңызы бар жолдардың 477 шақырымын ақаулы, 590 шақырымын көлік құралдарының қозғалысына қауіпті деп таныған.
Енді қайтпек керек? Бұл орайда ең алдымен патрульді полицейлердің, жол полициясы қызметкерлерінің санын, әсіресе, республикалық маңызы бар тас жолдарда көбейтуді қолға алу керек секілді. Және бір ескерерлігі, жолдағы шұңқырлар жыл сайын жамалғанымен, жұмыстың сапасыз жүргізілетіндігі айтыла-айтыла жаңалық болмай қалды. Бұл орайда жөндеу жұмыстарының сапасын партиялық бақылау арқылы жіті қадағалаған артық болмайды. Өз кезегінде сала мамандары автокөліктердің жылдамдығын шектеу мақсатында жаяу жүргінші өтпесін жүру бөлігінен көтеріңкі етіп орналастыру тәжірибесін ұсынып отыр. Айтуларынша, Ресейде бұл тәжірибе айтарлықтай нәтиже беріп жатқан көрінеді.
Осы жерде айта кетерлігі, араға төрт жыл салып өтетін халықаралық ЕХРО-2017 көрмесіне орай, бүгінде Астананы «ақылды қалаға» айналдыру жобасы қолға алынып жатыр. Ақпарат құралдары таратқан мәліметтер, даму моделі алты сипаттамаға, яғни, «ақылды экономика», «ақылды басқару», «ақылды өмір», «ақылды мобильділік», «ақылды адамдар» және «ақылды қоршаған ортаға» негізделген бұл жобаның инновациялық, ең озық технологиялардың күнделікті тұрмысқа мейлінше етене енуін қарастыратындығын айтады.
Мұны айтып отырған себебіміз, жоба аясында «Тіршілікті кешенді қамтамасыз ету жүйесі» қолға алынғалы жатыр. Қаладағы өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл жоба негізінде интеллектуалды байланыс орталығы, жол қозғалысы ережелерін бұзуды фото-бейне арқылы анықтау, интеллектуалдық бейнебақылау жүйесі, «қауіпсіз автобус», БАҚ-ты және әлеуметтік медианы мониторингтеу тетіктері іске қосылмақ. Мәселен, Сеулде жол апаты фактісі айтарлықтай сирек тіркелетін көрінеді. Және де мұнда көшедегі көлік нөпірін кездестіре бермейсіз. Халық діттеген жеріне жылдам жетеді екен. Мұндай жетістік жол қозғалысын басқарудың жетілдірілген технологиясы арқылы мүмкін болған. Осындай әлемдік тәжірибенің озық үлгілері Бас қаладан бастап, еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасса, апаттың алдын алуда көп нәрсеге қол жеткізген болар едік.
Жоғарыда айтылған комиссия отырысында облыс бойынша барлығы 96 мың 744 темір тұлпардың тіркелгендігі айтылды. Бұл осынша адамның күнделікті тағдыры көлікпен тікелей байланысты деген сөз. Сондықтан, рульге отырған әр жүргізуші ең алдымен өз қауіпсіздігі үшін жол ережелеріне бағынса, апат саны азаяр ма еді, кім білcін… Апат айтып келмейді, десек те қазақта «сақтансаң, сақтармын» деген тәмсіл де бар емес пе?
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.