ҮЛКЕН ӨМІРГЕ САПАР

Қоғам

Жасыратыны жоқ, бұрын ажырасу деген сөз құлаққа түрпідей тиіп, некесі бұзылғандарға сырт көз сенімсіздікпен қарайтын. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда мұндай фактілерге таңданбайтын болдық. Атырау облыстық Әділет департаментінің АХАЖ бөлімінің бастығы Зарина Төлебаева да ойымыздың негізсіз емес екенін жасырмайды. Шындығы сол, ағымдағы жылдың сегіз айының ішінде 3885 неке тіркеліп, бұрынғы жылмен салыстырғанда 50 некеге артық болыпты. Жыл сайын облыс бойынша орта есеппен 6400 жұп некесін тіркейді десек, шетел азаматтарымен барлығы есепті кезеңде 116 жанұя құрылыпты. Қазірде отбасын құрушылардың ішінде жас шамасы жағынан ең жасы-16, ең жоғарысы – 76, ал орташасы 25-27-ге келгендер. 
Мамандар жылдан-жылға ажырасу фактілері де артып келе жатқандығын қынжыла айтады. Есепті мерзімде бір-біріне сүйіп қосылып, серт еткендердің 1044-і некесін бұзып үлгерген. Олардың көбін 34 жастағы ерлер мен 31 жастағы әйелдер құрайтын көрінеді. Әділет департаментіндегілер шаңырақ шайқалуының негізгі себептері мінездерінің жараспауы, материалдық жағдайлары, жұбайлардың біреуінің маскүнемдікке немесе нашақорлыққа салынуы, ерлі-зайыптылардың бір-біріне сенімсіздік танытуы екендігін айтты.
Биыл алғаш рет аталып өткелі отырған мереке қарсаңында облыс әкімі жанындағы отбасылық демография және гендерлік саясат жөніндегі комиссия түрлі шараларды ұйымдастыруды қолға алды. Кеше, облыстық әкімдік жанындағы Жайық жағалауында жас жанұяларға арнап «Алғашқы қадам» жастар акциясын өткізді.
Акцияның ерекшелігі сол – оған бұл күні жұбайылық өмірге қадам басқалы отырған жас отбасылар шақырылды. Жайық жағасын әуелеген әсем әуен мерекенің ажарын аша түсті. Жас отау иелерінің жанұялық шаққа алғаш қадам басуы есте қалатындай сәттерден басталсын деген ниетпен шара кезінде оларға қызғылықты әрі ұлттық дәстүрден тағылымы мол көріністер ұсынылды.
Жас жұбайларды қарсы алған Ана зерең кеседен ақ пен нан ұсынып, батасын берді: «Жота басына қатар тігілген қос шыбықтарым. Екеуіңе қараған ел қызығатын, қою көлеңкесі ел игілігіне асатын жемісті бәйтерек болғайсыңдар» деген ақ тілектен соң жастарға естелік ретінде ақшаңқан киіз үйдің мекетін табыстады.
Жиырма төрт жасар қала тұрғыны Қанат Құсайынов жары Меруерт Асанбаевамен Алматыда оқып жүргенде танысыпты. Ақтауда мамандығы бойынша еңбек ететін ол алматылық қалыңдығымен төрт жылдан бері сөз байласқанмен отбасын құруды бір жыл бұрын шешіпті. Биыл ойлары мен армандары жүзеге асты:
Атыраулық жиырма алты жасар Бейбіт Жамелов пен Райгүл Жамелованың жұптары жарасқанына үш жылдай уақыт өтіпті. Соңғы бір жылында шаңырақ көтеруге бел буған.
– Отбасын құру әрбір жанның парызы деп санаймын. Әрине, «шағын мемлекет» құру оңай емес. Соған қарамастан әрбір жас отбасы өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, үлгілі ата-ана болуға тырысуылары тиіс. Біз де сенімнен шығуға жұмыстанамыз,-дейді пікірімен бөліскен Бейбіт.
Ал, «Екі жүрек лүпілі» көрінісінде жастар шарларды бейбіт елдің көгіне ұшырды. Сонан соң екі жас құлыпты кілттеп, ағын суға жіберді. Кейін олар Бейбарыс баба ескерткіші қасына естелік суреттерге түсті. Жанынан баба бейнесін сомдаған ата батасын берді.
«Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов бастаған бір топ жастар жаңадан шаңырақ көтерген отбасыларға жанұядағы жауапкершілік пен керекті телефон нөмірлері жазылған анықтамалық таратты.

Айбөпе САБЫРОВА.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған