Жарнама
Қоғам

Жол сапасы оңала ма?

Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты мәселелер қашан да маңызды. Өткен жылы мемлекет басшысы азаматтардың жол сапасына қатысты айтқан сыны орынды екенін алға тартып, сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет ететінін және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып отырғанын жеткізген болатын.

Сондай-ақ, 2025 жылға қарай жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіру қажет екендігін де айтқан еді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жол саласындағы мекемелер салаға оң өзгеріс енгізуге кірісті. Осы аптада «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы алғаш рет әлемдік  ірі компаниямен бірлесіп, автокөлік жолдары құрылысының технологиясына қатысты тәжірибелік конференция ұйымдастырды.

​Халықаралық деңгейдегі дәріскерлер қатысқан жиынға «ҚазАвтоЖол» АҚ АОФ, облыстық, аудандық және қалалық жол басқармалары мен бөлімдерінің өкілдері, жол-құрылыс компаниялары, техникалық қадағалау қызметтерінің мамандары қатысты.

​– Біздің орталық Қазақстанның автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында жұмыстар мен материалдардың сапасын бақылаумен ғана айналыспай, жол жобалау мен салу барысына жаңа технологияларды және тәсілдерді белсенді зерделеп, енгізіп жатыр. Бүгінгі семинардың мақсаты — асфальтбетон төсеу кезінде ақауларды анықтау (жаңа әдістер), жабындының жай-күйін бағалау, асфальтбетон қоспасын дұрыс төсеу арқылы ақаулардың алдын алу, қоспалардың температуралық режимдерін сақтау, сондай-ақ ақаулардың пайда болу себептерін визуалды бағалау дағдылары туралы таныстыру, — деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Дархан Сайлауов.

​Қазір еліміздің жол саласында оң өзгерістер бар. Отандық автожолшылар да заман ағымына ілесіп, ең алдыңғы қатарлы әдістерді жол салу кезінде қолдануға тырысады. Мәселен, автожол салу барысында асфальтбетон қоспаларымен жобалаудың америкалық технологиясы енгізіліп жатқандығы айтылды.

​Семинарға қатысқан мамандардың пікірінше, бүгінде Қазақстандағы жолдар кеңестік кезеңдегі құжаттарға (ГОСТ) негізделген нормативтер бойынша жобаланып, салынады екен. Бірақ уақыттың бір орнында тұрмайтынын және автожолдардың қызмет көрсету шарттары өзгеретінін, жүктеме артып, трафик пен жылдамдық режимі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, саланың алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – жол жобалау мен салудың халықаралық стандарттарына көшу, өндіріс мәдениетін үнемі арттырып отыру талап етіледі. Семинарда жол құрылысына қажетті озық үлгідегі техника да таныстырылды. Мысалы, заманауи автогрейдерлер жолды тегістеп ғана қоймайды, орнатылған GPS қондырғысы арқылы барлық ақпаратты алып отыруға болады. Мұндай технология алдымен жолшылардың уақытын үнемдеуге, содан кейін жанар-жағармай секілді басқа да шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

​Семинар соңында қатысушылар «Қосалқы бөлшектерді қалпына келтіру орталығына» арнайы барып, жұмысымен танысты.

 ​Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button