Жобалар неге «жайбасар»?
Алмалы ауылдық округіне қарасты шаруа қожалығында биыл іске қосылуы жоспарланған жылыжай кешенінің құрылысы табиғи газ бен су жүргізуге қаражат жетіспегендіктен келесі жылға қалды. Қазір жер учаскесіне инфрақұрылым тартылып жатыр, электр желісі жүргізілген. Ал, облыс бойынша 10 мың гектардан астам егістік алқабының 51 пайызына су тасқыны салдарынан егін егілмей қалған.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлік, экономика және аграрлық секторды дамыту жөніндегі аймақтық кеңестің мәжілісінде аграралық сектордағы күрделі проблемалар талқыға салынды. Кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Жеңіс Әбілқарес өңір экономикасын әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бүгінгі таңдағы маңызды салалардың бірі болып отырғанына назар аударды.
Ел қазынасының жартысына жуығын толтырып отырған облыста орналасқан шетелдік компаниялар елде 30 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Олар келешекте де белгілі бір келісім-шарт пен жоба негізінде жұмыс істеуді көздейді. Әйтсе де, облыс аумағының түстігі мен терістігі, шығысы да толыққанды зерттелген жоқ. Солай бола тұра шетелдік компаниялар ол аумақтардың болашағын «көріп» отырған жоқ. Басқосуда осы деректерді алға тартқан кеңес төрағасы Жеңіс Әбілқарес соңғы жылдары шетелдік компаниялар өзге аумақтарды зерттеп, инвестиция құйып жатқанын да жасырып қалмады. Олай болса, елдегі игілікті жобаларды жүзеге асырып отырған компаниялар болашағын Қазақстанмен байланыстыра ала ма? Қазіргі жобалар аяқталған соң елдің жағдайы қалай болады?!
Кеңес төрағасының сөзіне қарағанда, күн тәртібіне шығып отырған мәселелерді жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.
– Жергілікті атқарушы биліктің тиімді жұмыс жасап жатқаны осындай жобаларды жүзеге асырып, бөлінген қаражатты игеруіне қарап өлшенеді. Қай жұмысты алсақ та, сенім ұялайтындай етіп жасауымыз керек. Өңірдегі кешеуілдеп жатқан жобаларды орындаудың баламасы бар ма? Облыстың ішкі нарығы нені қажет етеді? Осы жағдайларды үнемі назарда ұстап, жоспарланған жобаларды жүзеге асыруға мейлінше атсалысу қажет, — деді Жеңіс Әбілқаресұлы.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Ермекқали жол картасының «Ауыл шаруашылығын дамыту» бағыты бойынша жалпы құны 36,2 миллиард теңгелік 7 жоба жасақталып, оның екеуі биыл іске қосылғанын, біреуі жыл аяғына дейін жүзеге асатынын айтады. Келесі жылы 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр екен, оның жиынтық құны 26,1 млрд. теңгеге бағаланған.
– Махамбет ауданында «Atyrau Chiken» ЖШС құс етін өндіру жобасы мен Индер ауданында «Мендешов» ЖК мал бордақылау алаңы және мал сою пунктін іске қосып, жаңадан 90 жұмыс орыны ашылады. Инвестициялық субсидиялау бағыты бойынша биыл 10 айда ауыл шаруашылығы саласына керекті 125 техника мен жабдықтар сатып алынды, — деді Әлібек Серікқалиұлы.
Жиынның күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі – жалпы ұзындығы 882 километр болатын 10 суару-суландыру жүйесін жөндеу үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастыру. Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Ерубаеваның сөзінше, биыл қала бойынша 3 суару-суландыру жүйесін жөндеу үшін қаржыландыруды ұйымдастыру көзделген.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы 2022-2024 жылдары Жайық өзеніндегі су көлемін ұлғайту және гидрогеологиялық режимін жақсартуға бағытталған суару-суландыру жүйелерінің түбін тереңдету жұмыстары жоспарланыпты. Жобаның құны 5,594 миллиард теңге болса, жүйенің ұзындығы 52,1 километр. Қазір жоба бойынша 50,5 шақырымдық арнаны тереңдету жұмыстары жүзеге асыпты.
Зарослый өзегін тереңдету жұмыстары жоба бойынша 26 шақырымға есептелген, ал қазылғаны 24,5 шақырым. Қалған Приморский (19 км), үшінші өзек (3,4 км), алтыншы өзек (3,6 км) арналарында жоспарға сай жұмыстар толық игерілген.
– Өзектерді тереңдету жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп келе жатыр. Жайық өзенінің түбін тереңдету жобаға сәйкес желтоқсан-сәуір айларында мұз қатуына байланысты тоқтайды. Сосын көктемде, мамыр айынан шілде айына дейін балықтың уылдырық шашатын уақытында жұмыста үзіліс болады, — деді Алтынай Сәрсенқызы.
Күні бүгін Атырау қаласында ауыл шаруашылығында 21,2 миллиард теңгеге бағаланған 14 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 333 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Соның ішінде Қайыршақты ауылдық округіне қарасты «АгроӘлем» шаруа қожалығы жалпы аумағы 500 шаршы метрлік 6 жылыжай салып жатыр. Құны 70 миллион теңге болатын 6 жылыжайда небары 15 адам жұмыс істейді. Жыл соңына дейін соның екеуі іске қосылуы тиіс.
Аймақтық кеңестің мүшелері Бақтыбек Таубаев, Қосыбек Ырзағалиев және Ақылбек Құлбарақовтар күн тәртібіндегі мәселелермен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, оны дамытудың алғышарттарын да ұсынды.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген автор