Жарнама
Қоғам

Жетістіктің негізі – жауапкершілікте

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев журналистермен баспасөз конференциясын өткізді

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Жұмашұлы Нақпаев журналистермен баспасөз конференциясын өткізіп, өзі қадағалайтын салалар бойынша өлкеде атқарылған  істерге тоқталды.

Оның айтуынша, табиғат қорғау шараларына соңғы бес жылда 452 миллион теңге бөлініп, бұл қаражат шалғайдағы елді мекендерде құм көшкінін тоқтатуға, Азғыр полигонының жекелеген учаскелерін қоршауға, қала аумағындағы ауа, су және топырақ сапасына зерттеулер жүргізіп, оған сараптама жасауға және тағы басқа шараларға жұмсалды.

Брифинг барысында Атырау қаласы іргесінде жалпы аумағы 35 гектар жерді құрайтын, 1977 жылдан бергі қолданыстағы полигонның тұрмыстық калдықтармен толуы өзекті мәселеге айналып отырғандығы да сөз болды. 

Осыдан екі жыл бұрын ҚР Энергетика министрлігі тарапынан облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бойынша инвестициялық негіздеме жасалған. Болжам бойынша, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 2018 жылы салынбақ.   

Облыстың барлық аудандарында ветеринариялық стансалар, Мақат ауданынан басқа өңірлерде ветеринариялық зертханалар жұмыс жасайды. Соған қарамастан, облыста жануарлар арасында бруцеллез ауруы көбірек кездесіп отыр. Зертханалық зерттеулер нәтижесімен бруцеллезге шалдыққан жануарлар ветеринариялық заңдылыққа сай 15 күн ішінде жойылады.  Жалпы облыстың ветеринариялық-эпизоотиялық жағдайы бірқалыпты.

— 2012 жылдың басында біздің облыста бар болғаны 1000 гектарға жуық жерге тұқым себілді. Соның ішінде, 57 гектар жерге ғана картоп егілген еді. Қазір облыс әкімінің бастамасымен бұл көлем 2000 гектарға артып отыр. Жалпы, биыл егістік көлемі 7100 гектарға жетті, — деді жергілікті атқарушы билік өкілі журналистермен кездесуінде.

Баспасөз конференциясы барысында фитосанитария саласы мәселелері де шет қалмады. Облыс басшысы орынбасарының айтуынша, жыл сайын сәуір айында егінге қауіпті жәндік – шегірткенің тығыздығы тексеріледі. Егер 1 шаршы метр аумақта шегірткенің жұмыртқасы кезігетін болса, ол жер міндетті түрде өңдеуден өтеді. 

Облыс әкімі орынбасарының баяндамасынан соң журналистер өздерін толғандырған сұрақтарды қойды.

— Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарды көбейту бағытында қандай жұмыстар қолға алынуда?

— Мүйізді ірі қара малының ет және сүт  бағытына баса назар аударып отырмыз. Оларға берілетін субсидия көлемі де жыл сайын өсіп келеді.

— Исатай ауданында елді мекендерді құм көшкінінен қорғау мәселелері қалай жүруде?

— Исатай ауданының Зинеден және Исатай, Жылыой ауданының Майкөмген ауылдарында құм көшкінін тоқтату мақсатында жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта Қызылқоға ауданының Миялы және Жасқайрат ауылдарында да мұндай жұмыстар жүргізілмек. Ол үшін жеткілікті қаржы бөлініп отыр.

— Атырауда жүн өңдейтін фабрика салынды. Енді сол фабрика шикізатты өзімізден ала ма?

— Иә, Атырауда Үдемелі индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында қолға алынған тың жоба – «Caspiy Lana Atyrau» түйе, қой жүнін өңдеу және тоқыма фабрикасы ашылды. Мұнда жылына 300 тонна қойдың, 100 тонна түйенің жүнін қайта өңдеуден өткіземіз. Қазіргі таңда Атырау, Қарағанды, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан жүн алып жатырмыз. Түйенің бір келі жүні 300 теңгеден, қойдың жүні — 30-60, ал, ешкінің жүні 1000 теңгеден қабылдануда. Бүгінде фабрикада көрпе шығару ісі жүзеге аса бастады.

— Облыс орталығында масаны улау мәселесі қалай шешілуде?

— Бұл бағытта Атырау қалалық әкімдігі жұмыстанып жатыр. Білуімше, конкурс өтіп, қаражат бөлінді. Қазірде жұмыс ырғақты жүргізілуде.

— Балық шаруашылығын дамыту, соның ішінде балық аулап қана қоймай, өсіру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Жайық-Каспий бассейні бойынша 21 балық шаруашылығы кәсіпорны балық аулаумен және өңдеумен айналысады. Олар жұмыстарын Жайық, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік-шығыс бөлігінде жүзеге асырады. Биылғы жылға бөлінген лимиттің көлемі 17 682 тоннаны құрады. Бізде тек екі мекеме балық өсірумен және одан өнім өндірумен айналысады. Дүние жүзінде балық өсіру ісі жүйелі қолға алынған. Осы мақсатта жуырда сала мамандарымен Астрахан қаласына барып қайттық. Онда бұл жұмыс бұрыннан жүзеге асып келе жатқанына көз жеткіздік. Мұнда қазіргі таңда 20 мекеме осы бағытта қызмет атқарып, жылына 17 тонна қара уылдырық өндіреді. Енді атыраулық балықшылар бұл жұмыстың қалай жүретінін өз көздерімен көріп, тәжірибе жинақтап, қолға алуға ниет білдіріп отыр.

— Жайық өзені астында қалған кемелерді шығару жұмыстары жалғаса ма?

— Біздің есептеуімізше, судың астында 14 кеме жатыр. Оның, әрине, экологиялық зияны көп. Былтыр бір кеме шығарылды. Бұл жерде де мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Қазір шешуге жұмыстанып жатырмыз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button