Жарнама
Қоғам

ЖЕТІМНІҢ МҰҢЫ ЗІЛ БАТПАН…

Қазақ халқы да сан ғасырлар бойы Ислам дінінен сусындап, соның арқасында жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Жалпы, қазақтар бүгінгідей жетімдер мен қарттар үйі дегенді көріп пе еді? Әрине, жоқ. Келмеске кеткен кеңес үкіметі насихаттаған «ер мен әйел теңдігі» секілді жалған ұрандар да талай шаңырақты шайқалтып, талай отбасының ойранын шығарды.

Жалпы, жетім-жесір жоқ жерден пайда бола қалмайды. Бұл – адам баласының өз мойнына артылған жауапкершілікке салғырт қарауының салдары. Фәни жалғанның қызығына тояттаймын деп жүргенде, түрлі қателіктерге тап болып, нәтижесінде тірі жетімдер шыға келеді. Қанша жерден жасырсақ та, бүгінгі қоғамымыз жетімдер мен жесірлерге толып барады. Атам қазақтың өңі түгілі, түсінде көрмеген «жалғызбасты ана» деген шықты.

Енді сол желігудің ащы жемісі, жетімдер мен жесірлерді, «жалғызбасты аналарды» қамтамасыз ету үшін ел қазынасынан қыруар қаржы бөлінеді. Егер де отағасы аман-сау болса, еркегі еңбек етіп, бала-шағасын өзі асырап отырса, ең болмағанда ел қазынасына салмақ салмас еді ғой. Әрине, бұлардан қазына қаржысын қызғанып, «іштарлық» жасап отырғаным жоқ. Менің бар айтпағым, әке-шеше, ұл-қыз, немере-жиен секілді толыққанды отбасы болса, қандай ғанибет. Мына фәнидің де бір мағынасы ұрпақ өсіріп, солардың жақсылықтарына бөлену емес пе? Алла Тағаланың адамзат баласына берген бақытын бағалап, ер мен әйел сыйласып ғұмыр кешер болса, жетім-жесір мәселесі өздігінен шешіліп, күн тәртібінен біржола түсер еді.

Жақында «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан журналист Жанар Байсемізованың «Шетелдегі қазақ балалары» атты авторлық бағдарламасын көріп, қатты толқыдым. Тереңнен ойланып, уайымға баттым. Деректер бойынша, еліміз өз тәуелсіздігін алған жиырма жыл ішінде отыздан астам шетелге тоғыз мыңдай бала сатып үлгеріпті. Солардың 6000-дайы — АҚШ-қа, 725-і — Испанияға, 426-сы Бельгияға сатылған. Ал, 600-ге жуық қаракөздің тағдырынан «тырс» еткен хабар жоқ.

Жалпы, панасыз қалған пақырлардың он-ақ пайызы туған топырағымызда қалып, қалғандары 1993 жылдың 10-шы мамырында Гаагада қабылданған «Балаларды қорғау және шетелдіктердің бала асырап алуын қолдау туралы» конвенциясы негізінде «қыр асып» жатыр. Әрине, мен жетімдерді қорғауды қос қолымды көтеріп қолдауға дайынмын. Сол жетімдерді «тірі тауар» етіп сатып жатқанымызды қандай себеппен ақтап аламыз? Олардың көз жасына қалмайық. Ең болмағанда осы шет елдердегі қазақ балаларының өміріне үнемі бақылау жасап отырған дұрыс сияқты. Оларды да өз ұлтымыз деп есептеуге, қамқорлауға тиіспіз.

Азғантай ғана қазақты тарыдай шашыратпай, бір тудың астына жисақ, сөйтіп, жетімдерімізді жылатпай, жесірлерімізді қаңғытпасақ, Жаратқан Иеміздің жарылқауына әбден лайық болар едік-ау, ардақты ағайын!..

Мақсот БАҒЫТЖАНОВ,

 «Мәулімберген» мешітінің

 бас имамы,

Алғабас ауылы,

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button