Жеті қат жер астына құлақ түрген
Жер астындағы байлықтың ел игілігіне айналуында ең алдымен геологтардың еңбегі зор. Өмірдің ширек ғасырға жуығын геология саласына арнаған Ақмырза Құсайыновпен әңгімеміз қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы мамандық туралы өрбіді.
– «Қара алтын» өндіру мұнайшылардың еңбегі болса, осы салада геологбарлаушылардың да үлесі ерекше екенін атап айтпауға болмайды. Бірнеше метр тереңдіктен мұнай қорын іздейтін олардың қызметі ерлікпен пара-пар. Демек, басқа да мамандық иелері секілді геолог-барлаушылар да қандай құрметке де лайықты.
– Адамның қажыры мен қайратын талап ететін мамандық сізді несімен қызықтырды?
– Осыдан алпыс жеті жыл бұрын Гурьев облысының Новобогат ауданы (қазіргі Атырау облысы, Исатай ауданы), Забурын ауылында дүниеге келдім. Бала кезімнен арманымды өндіріспен ұштастырғым келді. Əкем Шəріп совхозда аға шопан кызметін атқаратын. Осылайша, мен үлкен жетістік еңбекпен келетінін əкемнен көріп, жадымда түйіп өстім. Орта мектепті бітірген соң он жеті жастағы еңбек жолым Каспий маңы ойпатындағы терең бұрғылау экспедициясында көмекші моторшы қызметінен басталды. Көп ұзамай экспедиция басшылығы маған Гурьев политехникумының күндізгі бөліміне оқуға түсуге жолдама берді. Оқу орнын ойдағыдай бітірген соң 4-інші разрядты бұрғышының көмекшісі ретінде еңбекке араластым.
– Одан кейінгі өмір жолыңыз қалай өрбіді, геология саласында осынша жыл табан аудармастан еңбек етуіңіздің сыры неде?
– Қыр төсін шарлап, кен барлап, жеті қат жер астына құлақ түріп, қатпарына үңіліп жүргендер уақытпен санаспайды. Ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек етіп келе жатқандықтан бұл кəсіптің қыр-сырын бір кісідей білемін деп ойлаймын. Əрине, оған алдыңғы буын ағалардың қосқан үлесі зор деп білемін. Қазіргі жағдай бұрынғы кезеңдерден өзгеше. Бұрғылау жұмысы күрделі үрдіс қой. Оның барысында төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Оған жол бермеу үшін сақтық шаралары жүзеге асады, сұйық ерітінділер қолданылады. Ал, бұрғы 5 мың тереңдікке жер қабатына сүңгитін. Қазіргі өлшемге салғанда ол əнебір атап айтар көрсеткіш болмас, дегенмен, сол кезеңде үлкен нəтиже еді. Кеңестік қоғамда Геология министрлігіне қарайтын құрылым негізінен Каспий маңы ойпатында жұмыс жасады. Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында бұрғылау экспедициясы тынымсыз еңбек етті. Соның нəтижесінде Забурын, Имашев, Жаңаталап, тағы басқа алаңдар ашылып, шикізат өндіріле бастады. Осыншалық ауқымды шараға титімдей үлес қосқанымызды мақтаныш етемін. 2005 жылы «Атыраумұнайгазгеология-бұрғылау» ЖШС-не жұмысқа қабылданып, қызмет атқардым. Мұнда Ракуша алаңындағы №1, 2, ұңғымаларды бұрғылау жəне көптег ен ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысып, теңіз ортасындағы R-1, R-7 алаңдарында «ПБУ Лотос» станогымен 2000 метр тереңдікте бұрғылау жұ мыстарын жүргіздім. Міне, содан бері менің мұнай өндірісіндегі қызметім Маңғыстау аймағында мұнайды барлаумен жəне өндірумен тығыз байланыста өтті.
Жұмыс болған соң жұмысшылар алдындағы жауапкершілікті де алдыңғы кезекке қоюға ұмтылдым. Қызметте жұмысшылармен қатар еңбек етіп, талай қиын кездерді бастан кештік. Кен орнына кетіп бара жатқан автобус қыстың аязды, ызғарлы күндері сынып қалып, жолда қалып қойған сəттерінде ұйымшылдықтаны тып , мəселені дер кезінде шештік. Бұл əріптестерімнің геология саласына шын берілгенінің айғағы ғой. Өмірдің жартысынан көбін далада өткізіп, талай тығырыққа тірелген сəттерде де мойымай, ұжым алдындағы жауапкершілікті сезініп, жас буынмен тəжірибемізді бөлісіп, үйретуден еш жалыққан емеспін.
– Аға, отбасыңыз туралы айтсаңыз, сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?
– Құдай қосқан қосағым Роза Əбілқасымқызымен екі бала тəрбиелеп өсірдік. Тұла бойы тұңғышымыз Əсемгүл Ресейдің Новосибирск қаласындағы теміржол институтын бітірді. Ұлым Бақытжан менің жолымды қуып, тау-кен инженері болып жұмыс істейді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ