Жарнама
Қоғам

ЖЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРУ ЖОБАСЫ: БҰЛ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСАДЫ?

— Аталмыш жобаны бекітуге қатысты мәліметтерді қайдан алуға болады?

— Кез келген тұрғын басқармалар мен қызмет көрсету орталықтарына келіп немесе www.elicense.kz лицензиялау веб-порталы арқылы біле алады. Тағы бір жолы – ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің «Халыққа қызмет көрсету орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны көмек беруге дайын. Сол сияқты қажет мәліметті www.egov.kz «электрондық үкімет» порталынан да табуға болады.

— Әдетте кез келген қызметтің өзіндік көрсетілу тәртібі болады. Жалпы, құжаттар қалай рәсімделеді, нәтижесі қашан шығады?

— ХҚК орталығына немесе порталға тапсырылған құжаттар топтамасы қабылданғаннан кейінгі жеті жұмыс күні ішінде дайындалады. Осыдан кейін жер учаскесін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасы бекітілген бұйрық шығады. Қызметтің қай түрі де ішінара автоматтандырылған электрондық немесе қағаз жүзінде көрсетіледі. Электрондық форматта ресімделген бұл құжат басып шығарылады және мөрмен, сондай-ақ, қызметті көрсетуші уәкілетті тұлғаның жеке қолымен куәландырылады. Ал, портал көмегіне жүгінгендердің «жеке кабинеттеріне» уәкілетті адамның сандық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат нысаны жолданады. Бұл қызметтердің жеке және заңды тұлғаларға бірдей тегiн көрсетілетінін атап айтқым келеді.

— Арнайы белгіленген жұмыс кестесі бар ма?

— Тұрғындарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, (сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін түскі үзіліс) сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін қызмет көрсетіледі. Мемлекеттік қызмет алдын ала жазылусыз және кезекпен көрсетіледі.

— Қыдырқожа Шұғаұлы, ең қажетті деген құжаттарды айтып берсеңіз…

— Ең бірінші, жер қатынастары бойынша уәкілетті орган басшысына уәкілетті органның атауы, басшысы мен жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты не заңды тұлғаның толық атауы, ЖСН/БСН, жеке немесе заңды тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттар деректемелері, жерге орналастыру жобасы және байланыс телефоны мен мекен-жайы көрсетілген жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын бекiтуге өтініш жазылады. Содан кейін жер учаскесіне жеке меншік құқығы немесе жергілікті атқарушы органдардан құралатын комиссияның жер учаскесін беру туралы оң қорытындысын алу керек. Ал, мұнай-газ көлігі инфрақұрылымының объектiлерiн салу үшiн жер учаскесі сұралған жағдайда, сол саладағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келісім жасалады.

Нәтижесінде, жер иесі заңда көрсетілген тиісті салығын төлеп отыруы үшін әділет басқармасына мүлік иесі ретінде тіркеуден өтеді. Әр жер пұшпағының заңды тұрғыда бекітілген өзіндік бағасы болады. Оны арнайы лицензиясы бар мекемелер есептейді. Содан кейін ғана барып қалалық жер қатынастары бөлімінде мақұлданады. Жер алушы тұлғаға жобаның қорытынды нұсқасы қала орталығындағы Сәтбаев көшесінде орналасқан 13-үйдің 1-кеңсесінде беріледі.

— Тұрғындар қызмет көрсетуші тараптың шешімдері мен әрекеттеріне не әрекетсіздігіне шағымдана ала ма?

— Әрине, шағымдана алады. Өйткені, қызметтің бәрі тек халық игілігі үшін көрсетіліп отыр. Шағым қызмет көрсетуші жақтың басшысына бағытталады. Шағымдар жазбаша нысанда пошта арқылы не орталық кеңсесінде қолма-қол қабылданады. Тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жауапты тұлға айқындалып, тиісті шаралар қолданылады. Оған да қанағаттанбаған тұлғалар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға жүгіне алады. Нәтижесі он бес күннен соң белгілі болады. Шағымдану тәртібі туралы толық ақпаратты бірыңғай байланыс орталығының 1414 телефоны бойынша алуға болады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сай сотқа жүгіну құқығы да бар екенін естен шығармаған абзал.

— Тиісті орталыққа денсаулық жағдайына байланысты өздігінен келе алмайтын жандар баршылық. Бұл ретте қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

— Ондай жағдайда орталық қызметкері тұрғындардың тұрғылықты жеріне бара отырып, құжаттар қабылдау рәсімін жүргізеді. Қазір халықтың біраз бөлігі электрондық қызмет түрін қолдануды жөн санайды. Өйткені, – бұл оңтайлы әрі қазіргі заманғы тиімді әдіс. Осы орайда министрліктің www.minregion.gov.kz интернет-ресурсына жүгінуге болады. Екінші бір мекен-жайы, ХҚК орталығының www.con.gov.kz сайтында барлық ақпарат орналастырылған.

— Жерге орналастыру жобасының әдетте неше данасы дайындалады?

Кемінде жобаның үш данасы болады. Бастапқы және жерге орналастыру процесінде қалыптасқан құжаттарды қамтитын түпнұсқа қызмет қолданушының өзіне беріледі. Ал, құжат иесімен расталған көшірме нұсқа – сәйкестендіру құжатын әзірлеу үшін мемлекеттік жер кадастрын жүргізуші республикалық мемлекеттік мамандандырылған кәсіпорынға тапсырылады. Оны портал арқылы электрондық нысанда алу мүмкіндігі де қарастырылған. Тұрғындар назарына мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық байланыс телефондарын бергім келеді: 8(7172) 74-93-95.

Әңгімелескен

Амандық Абдолов.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button