ЖЕРДЕ ЖЕТІМ ЖЫЛАСА…
Кішкентай қызы бар әйел қаңтардың үші күні некесіз туған екінші қызын «Батыс Қытай – Батыс Қазақстан» тасжолының бойындағы әжетханада дүниеге әкеліп, тастап кете барған. Ал, шарасыз күйдегі сәбиді сол жерге тоқтаған адамдардың бірі байқап, дереу дәрігер шақырады. Ішкі істер органдары қызметкерлері өз баласын әжетханаға лақтырып кете барған әйелді бес күн өткеннен соң ғана тапқан. Тараздық тасбауыр келіншек өз қолымен істеген кешірілмес ісі үшін ендігі жерде аналық құқығынан айырылуы да әбден мүмкін. «Болжам бойынша, әйелдің мұндай қылмысқа баруына отбасылық және әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар себеп болған», — деп атап көрсетілген полицияның баспасөз хабарламасында. Бұл аз болғандай, осы облыстан көп кешікпей жол бойына лақтырылған сәбидің өлі денесі табылды.
Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын 33 жастағы әйел салмағы 2,7 келі болатын жаңа туған шақалағын көршісінің дәретханасына тастап кете барған болатын. Қызылқоға ауданының Сағыз селосында анықталған қылмыстық әрекет те жоғарыда айтылған сұмдық оқиғалардың қатарын толықтырады. Тоғыз ай бойына өз жүрегінің астында паналаған періштеден безінгендер бұлар ғана емес.
Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова 2012, 2013-ші жылдары облыс орталығында мұндай екі оқиғаның тіркелгендігін айтты. «Бірі «Насиха» сауда орталығы маңында болды. Көп қабатты үйлердің жертөлесінен жаңа туған сәби табылды. Кейін оның анасы да анықталды. Жас қыз сәбиді өзін тастап кеткен жігітіне қалдыруды жөн деп тауып, баланы оның үйінің маңына әдейі әкеліп тастаған екен. Сот арқылы баланың әкесі сол жігіт екендігі дәлелденіп, сәбиді әкесі асырап алды. Тағы бір тастанды сәби кейін «Алмагүл» ықшамауданындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен де табылды. Өкініштісі сол, оның анасы анықталмаған күйі қалды...» дейді ол.
Міне, соңғы үш-төрт жылдың ішінде осындай жағдайлар орын алған. Қоғамдағы көзі ашық адамдар мұндайды рухани азғандық десе, енді біреулері әлеуметтік жағдайға байланыстырды. Бірақ, «жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген асыл сөзі бар қазаққа өз баласын өзі өлімге қиятындай не күн туды екен? «Әр бала өмірге өз несібесімен келеді» дейтін халқымыздың керемет қағидасы қайда қалды? Жарық дүние есігін жаңа ашқан сәбиін жамандыққа қиып, бауырына басуды артық көріп, қоқысқа, дәретханаға немесе балалар үйіне тапсыра салатындар кімдер?
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров:
— Баласынан бас тартқан аналардың көпшілігі әлеуметтік жағдайларына байланысты асырап баға алмайтындарын айтады, — дейді. Сонымен қатар, сала маманы өткен жылы үш жасқа дейінгі тоғыз баланың тастанды атанғанын мәлімдеді. Оның сегізі қаладан болса, біреуі – ауданнан. Әке-шешесі бола тұра, бейбіт күнде тірі жетім атанып отырған тоғыз сәби де бүгін мамандандырылған балалар үйінде тәрбиеленуде.
Атырау қаласының тұрғыны, алты баланың анасы 34 жастағы Альфия Ізтілеуова Қылмысты болдырмаудың бірден-бір жолы – жазаны күшейту деп санайды. «Соғыс кезінде де ана-әжелеріміз өз баласымен бірге өзгені бауырына басып, мейірімін аямаған. Бүгінгі жағдайда тәуелсіз, тыныш елде өмір сүре тұра өзі өмірге әкелген баласын өлімге, жамандыққа қиып, жеріну – кешірілмес қылмыс. Сондықтан, оның жазасын қатаңдату қажет» дейді.
Бір қызығы, баласын далаға тастап, ажал құштырған әйелдер үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі төрт жылға ғана бас бостандығынан айыру жазасын қарастырған. Осы Кодекстің 97-бабында «анасының өзінің жаңа туған сәбиін туып жатқан кезінде, сол сияқты одан кейінгі кезеңде психикасын бұзатын жағдайда немесе есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтіруі – төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген.
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» директорының орынбасары, теолог Айбек Аташев баланың, ең алдымен, Алланың адамға берген аманаты екендігін айтты. «Бір баланы өлімге тастап кету – дінімізде бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей. Сол Алланың берген аманатын тәрбиелеп, өсіріп жеткізбесең, қиянат жасағаның. Ал, қиянат жасау дінімізде ауыр күнә болып саналады. Хадисте: «Аманатты сақтай алмағандардың иманы жоқ, сертте тұрмағандардың діні жоқ» делінген. Сондықтан, бала әке-шешесін сыйласа, әке-шеше баласын азамат етіп тәрбиелер болса, бұдан артық бақыт жоқ!..» дейді ол.
«Бэби-бокс» деген не?
Тастанды балаларды мейлінше ажалдан арашалап қалу мақсатында Литва мемлекеті ана болуды қаламайтын әйелдердің өз балаларын қалдырып кетуіне арналған арнайы орын ашып қойыпты. Бұл орын «Өмір терезесі» деп аталады екен. Туа сала тастандыға айналған бейкүнә бүлдіршіндерді қабылдауға арналған мұндай мекемелер Еуропаның бірнеше мемлекеттерінде бар көрінеді. Франция, Германия, Швейцария, Австрия, Польша, Жапония, АҚШ сынды мемлекеттердегі мұндай «бэби-бокстар» еш дерегі көрсетілмеген сәбилерді тура есігінің алдынан қабылдап ала береді. Яғни, қағынан жерінгендерге кез келген сәтте баланы мекеменің шарбағында қалдырып, қоңырау басып кете беруге мүмкіндік жасап қойған. Бастысы сол, мұндай орындардың ашылуы – анасы жоқ, көшеде қалған балалардың шетінеуін азайтуға едәуір ықпал етіп отыр екен.
Міне, біздің алдымызда жастарға отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасылық институтты нығайту, ата-ананың балалар алдындағы жауапкершілігін арттыру секілді түйткілді мәселелерді шешу міндеті тұр. Олай етпесек, ұлт болашағына үлкен қауіптің төнері анық.
Мәлике МӘЛІК.