ЖЕРАСТЫ БАЙЛЫҒЫ СҰРАУСЫЗ ЕМЕС

Облыстық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне қарасты «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің филиалы болып табылады. Нақтырақ айтсақ, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» заңына байланысты геологиялық зерттеу, ұтымды және кешенді пайдалану саласында реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

Біздің аймақта көмірсутегі шикізатын барлау және өндіруге арналған келісім-шартқа иегер 43 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде 25 мекеме көмірсутегі шикізатын өндірумен айналысса, 18-і барлау және өндіру жұмыстарын жүргізеді. «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» компаниясы, «Атыраумұнайгаз» АҚ, «Жамбыл Петролеум» және «Сатпаев Оперейтинг»ЖШС-тері жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды Каспий теңізінің Қазақстан секторында жасайды.
Сонымен қатар, өңірімізде кең таралған және қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндірумен айналысатын 22, жерасты суларын бақылау, барлау және өндіру жұмыстарымен айналысатын екі мекеменің жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізуге құқығы бар.
Облыстық инспекция аталған жер қойнауын пайдаланушылардың, келісім-шартта үкімет алдында алған міндеттемелерінің орындалуын өз кұзыреті шегінде бақылап отырады.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында облыстық инспекция тарапынан кестеге сәйкес, аймақтағы 17 жер қойнауын пайдаланушыға заң шеңберінде жоспарлы тексеру жұмыстары жүргізілді.
Тексеру қорытындысымен 68 ұйғарым шығарылып, 19 заң бұзушылық анықталды. Соған сәйкес кемшіліктерді жою мерзімі көрсетіліп, орындалуын қадағалау жұмыстары жүргізіліп отырады.
Жер қойнауын пайдаланушылар арасында жиі кездесетін заң бұзушылықтарға кен орнын игеру жобаларының технологиялық көрсеткіштерін сақтамау, жер қойнауын пайдалану тәртіптерін бұзу, ұңғымаларды белгіленген тәртіпте геофизикалық зерттеу жұмыстарын толық жүргізбеу, өндіру жұмыстары басталған кен орындарында жер қойнауының жай-күйiне бақылау жүргізбеу, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіру кезінде келісім-шарттардың толықтай орындалмауы жатады.
Тексеру қорытындысымен жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу кезінде анықталған заң бұзушылықтарға сәйкес 13 мекемеге 2 миллионға тарта теңге мөлшерінде айыппұл салынып, бүгінгі күнде толықтай өндіріп алынды.
Атырау облыстық прокуратурасының қаулысы негізінде «Ембімұнайгаз» АҚ-на жүргізілген тексеру жұмыстары кезінде Атырау облыстық инспекция мамандарымен, Батыс Прорва кен көлемі 3 миллионнан астам текше метр газды өкiлеттi органдардың рұқсатынсыз алауда жаққаны үшін келтірілген залалдың мөлшері анықталып, 172 136 705 теңгені құрады. Бүгінгі күні инспекция тарапынан есептелген залалды үкімет бюджетіне өндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, инспекция арнайы республикалық бюджеттік бағдарлама аясында Атырау облысында жұмыс жасайтын мердігер мекемелердің жұмыстарына бақылау жүргізуде.
Осы сәтті пайдаланып, жер қойнауын пайдаланушы мекемелерді жұмыс барысында келісім-шарт бойынша Үкімет алдында алған міндеттеріне салғырт қарамауға, жоғарыда айтылған кемшіліктерге жол бермеуге шақырамыз. Себебі, жер қойнауы және оның кұрамындағы пайдалы қазбалар – Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттік меншік болып табылады, яғни, халқымыздың әл-ауқатын көтеретін ел экономикасының бірден-бір саласы және өсіп келе жатқан ұрпағымыздың болашағы.

Құттығали НАУКИЕВ,
облыстық геология және жер қойнауын пайдалану
инспекциясының жетекшісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз