
Жер жүзін жаяу кезген жиһанкез
Жаһанды жаяу аралап, Атырау өңіріне ат басын тіреген ерекше қонақ – Асқар Серікпаев! Елордадан сапарын бастаған саяхатшының мақсаты – екі жыл ішінде 10 елді жаяу аралап, 10 мың шақырымды еңсеру.
Саяхатын былтыр бастаған ол 11 айда 5 елдің аумағынан жаяу жүріп өткен. Қазақстан, Қырғыз елі, Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан арқылы жүрген сапарда артта қалған жол – 5 500 шақырым! «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» демекші, біз жиһанкезбен жүздесіп, әсерлі әңгіме өрбіттік.

49 жаста орындалған арман
– Атырауға қош келдіңіз, Асқар! Әуелі өзіңіз жайлы хабардар болсақ…
– Рақмет! 1975 жылы 7 шілдеде Ақмола облысының Боранкөл ауылында туып-өстім. Менің әкем – қарапайым механик, анам – есепші. Балалық шағым осы ауылда өтті. Бала кезден спортқа бейім болдым. Жаяу жүріп, жүгіргенді ұнатамын. Мектеп жасынан бастап саяхатшы болуды, әсіресе жер-жаһанды жаяу аралауды армандадым. Жоғары оқу орнында «заңгер» мамандығын алған соң соған сай қызмет атқардым, кейін жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, ағаштан жиһаз жасаумен айналыстым.
Отыз төрт жасымда үйлендім, өкінішке қарай, дәм-тұзымыз жараспай ажырасуға тура келді. Бірақ балаларыма әкелік міндетімді әрдайым атқарып келемін. Үш ұлыммен байланыс үзілген емес.
– Жаяу жиһанкез болу – бала кезгі арманым дедіңіз. Сонда бұл арманыңызға былтыр ғана қол создыңыз ба?
– Әркімнің өзі қалаған арманы болады. Егер шын қаласа, ол ерте ме, кеш пе орындалады. Жаяу жиһанкез болу – менің бала кезгі арманым. Оны әп-сәтте орындау, әрине, мүмкін болған жоқ. Өндіріс пен құрылыс салаларында қызмет етсем де бойымдағы шытырман оқиғаларға деген құштарлық, жаяу жиһанкез болуға деген ұмтылыс ешқашан сөнген емес. «Сабақты ине – сәтімен» деген бар ғой, сол секілді маған арманымды 49 жаста жүзеге асыру бұйырды. Былтыр 11 шілдеде Астана қаласынан алғашқы әрі ең маңызды жаяу сапарыма аттандым. Мақсат – 10 ел, 10 мың шақырым. Қазақстаннан шығып, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан елдерінен өттім. Алда Ресей, Грузия, Әзербайжан, Армения, Түркия және Иран тұр.
Бұл саяхат – мен үшін жай ғана қашықтықты бағындыру емес, шынайы әлемді көру, қарапайым адамдардың өмірін, мәдениетін тану. Осы арқылы өміріме жаңа тыныс ашып, жаңаша шабыт сыйлағым келеді.
Атап өту керек, өзіммен бірге бір теңге ақша алып шыққан жоқпын. Жаратушыға аманаттап бастаған сапарымда 5 мемлекеттен 5 500 шақырымды бағындырдым. Қай елде болсам да, сапар барысында маған тек жаны жайсаң адамдар кездесіп келе жатыр.
– Мұндай тәуекелге бару үшін ұзақ дайындық керек болған шығар?
– Әрине, оңай сапар емес қой. «Морждар» клубының мүшесі болған соң қыста мұздай суға шомылып, шаңғы теуіп, жүгіремін. Сапарға дайындық барысында бір жыл бойы күн сайын 10 шақырым, демалыс күндері 25 километр жаяу жүруді дағдыға айналдырдым.
Ішімдік ішпеймін, темекі шекпеймін. Бұл – менің өмірлік ұстанымым.
– Алғаш барған еліңіздегі әсеріңіз қандай?
– Қазақ жерінен шыққан соң Қырғыз Республикасының аумағына өтіп, таудың арасымен жүрдім. Өйткені, қала көшелерінен гөрі табиғаттың әдемілігін көбірек сезініп көру үшін таулы аймақтармен жүру басты мақсаттарымның бірі болатын. Қырғыз жерінің табиғатын сөзбен суреттеу мүмкін емес. Бір қызығы, қай елге барсам да таулы жерлердің барлығында ұялы байланыс қызметі бар.
Ақпан айы. Қырғыз Алатауының арасында кетіп бара жатқанымда ұялы телефоныма елден суық хабар жетті. Анам о дүниелік болғанын естіп, елге, үйге қайттым. Анамның қырық күндік қадесін өткергенше үйде болып, сапарымды қайта жалғастырдым.
– Өкінішті жағдай екен… Анаңыздың әруағы қолдап жүрсін!
Жүрекке салмақ түсірген сапар
– Ал Ауғанстан секілді қауіп-қатері басым елге кіруден қорыққан жоқсыз ба?
– Шынымды айтсам, Ауғанстан жоспарда жоқ еді. Түркіменстан виза бермеген соң амалсыз Ауғанстан арқылы өтуге тура келді. Бұл елде соғыстың аяқталғанына үш жыл ғана болған. Әр қадамыңды аңдитын жағдай бар, алайда жергілікті халық өте мейірімді. Визасыз келе жатқан мені шекарадан өткен бойда тоқтатты. Бірақ олар да өзіміз сияқты адам ғой, жағдайымды түсіндірген соң, талиб өкілі мені блокпостқа жайғастырып, тамақ берді. Сосын маған 200 шақырымға дейін ғана жүруге рұқсат берді. Сонда елдегі өте ауыр әлеуметтік жағдайға қарамастан, халқының барынша мейірімді екеніне көзім жетті.
Ауғанстандағы қираған үйлер, бейкүнә қиылған тағдырлар көз алдымнан кетпейді. Соғыстан кейінгі күйзелісті көру өте ауыр. Шекарадан өткен бетте 9-10 жасар бала жылап артымнан жүгіріп келді. Өз тілінде сөйлейді, мен оны түсінбедім. Сосын өзбек тілін білетін ересек адамды ертіп келді. Оның түсіндіруінше, бала маған: «Өзіңмен бірге алып кетші, Қазақстанға апаршы» деп жалыныпты. Бұл жағдай менің жүрегімді езіп жібергендей болды.
«Ақша емес, адамгершілік керек»
– Сапарыңыз жаяу жүруден ғана тұрмайтыны анық. Басқа қандай мақсатты көздейсіз?
– Бұл сапарымды тек өзімді сынау үшін бастаған жоқпын. Ең алдымен адам баласының бір-біріне деген мейірімі мен бауырмалдығын көрсету – басты мақсатым. Өзіммен мүлде ақша алып шықпаған себебім – жағдайым болмағандықтан емес. Құдайға шүкір, бәрі де бар, өмірімде несие де алған емеспін. Сапар алдында барлық мүлкімді балаларым мен анасына беріп, еш алаңсыз шықтым. Шекарадан өтуде еш мәселе туындамас үшін жеке кәсіпкерлігімді жауып, құжаттарды толық реттедім.
– Мұндай экстремалды саяхат жасағысы келетіндерге қандай кеңес бересіз?
– Жаяу жүру кез келген адамға пайдалы, бірақ жаһанды жаяу аралау әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл – физикалық қана емес, рухани дайындықты да қажет ететін зор жауапкершілік. Сондықтан екінің бірі бұған тәуекел ете алмас.
Қоларбасы – серігі

– Жылға жуық жаныңызға серік болған арбадағы жүктің салмағы қанша? Жаяу жиһанкезге ең қажетті заттар қандай?
– Бастапқыда арбама артқан 65 келі жүк өте ауыр болды. Сосын он келіге азайттым. Жүк ішінде палатка, жатын қап, қысқы-жазғы киім-кешек, азық-түлік, ыдыс-аяқ, төтенше жағдайға қажет заттар бар.
– Қанша аяқ киім тоздырдыңыз?
– Бүгінге дейін 6 аяқ киім ауыстырдым. Егер ол тозса дер кезінде жаңасы таптыра бермейді ғой. Қалтада ақша жоқ, болған күнде де айдалада дүкен жоқ. Сондықтан барыңды тігіп, бүтіндеп киюге тура келеді.
– Жолда қиындықтар кездесті ме?
– Әзірге жол бойы оғаш оқиға немесе әрекетке тап болған жоқпын. Керісінше, жаяу жиһанкезге көмектескен жақсы адамдар ғана кездесті. Айдалада түнде шибөрілер ғана тыныш ұйықтауға мүмкіндік бермеді. Басқа қауіп байқамадым.
– Сырқаттанып қалған жоқсыз ба?
– Көп жүргендіктен аяқ киім аяғымды қажап, жарақат алдым, ең қиыны – сол. Мұндайда спирт пен пластырь жеткілікті, екі-үш күнде жазылып кетеді.
Бірде сәл ғана дене қызуы көтерілді. Бірақ дәрігер көмегін қажет ететіндей жағдай емес.
– Шет тілдерін білесіз бе?
– Қазақ және орыс тілдерін білемін. Қазір технологияның дамыған заманы ғой, саяхат барысында телефондағы аударма қосымшасын қолданамын. Бірақ бұл саяхат ағылшын тілін үйрену керектігін байқатты.
– Жол бойы ұялы телефоныңызды қалай қуаттайсыз?
– Күн панелі мен қуаты мықты аккумулятор болған. Бірақ күн панелін жоғалтып алдым.
Туған елдің түтіні де ыстық!..
– Саяхат сізге қалай әсер етті?
– Адам күйбең тірліктен алыстамаса, өмірдің мәнін түсіне алмайды екен. Байлыққа ұмтыла береміз. Бірақ жаңадан алған әр дүниеміз жаңа алаңдаушылық әкеледі. Мәселен, көлік сатып алдың делік, бірақ барлық мәселе шешілді дей алмайсың. Оның жөндеуі, техникалық күтімі – бәрі ақша. Соған сай табыс табамын деп тағы жұмыс істейсің. Яғни, тыным жоқ. Баспана алсаң, оның жөндеуі, шақыруы тиіс қонақтар, бұл үшін қаражат табамын деп жұмыс істеу, тағы да сол сияқты тірлік ешқашан бітпейді.

Сондықтан, бір сәт тоқтап, өзіңе көңіл бөліп, табиғатпен үндесу керек. Бұл – жанның тазалығы. Алайда, бұл жұрттың бәрі жаяу саяхат жасасын деген сөз емес, әрине. Велосаяхат, автосаяхат – кез келгені арқылы адам өзіне демалыс сыйлай алады. Өзбекстанда 18 жастағы велосаяхатшыны кездестірдім. Ол – Германия азаматы, 16 жасында сапарға шыққан.
Ал мен қырық тоғыз жасымда бастаған осы саяхатымда нағыз еркіндікті сезініп келемін. Карта бойынша Иранға жеткенде сапардың ұзақтығы 10 мың шақырымға жетуі тиіс. Одан әрі елге, үйге автостоппен жетемін деген жоспар бар.
Болашақта бұл сапармен шектеліп қалмай, тағы да жаяу саяхаттарға шығамын. Мүмкін, осы саланы кәсіпке айналдырармын, бірақ оны уақыт көрсетеді.
– Саяхатшының тілегін оқырманға жеткізсек…
– Сөз соңында айтарым, жаяу жүріп, талай таңғажайыпты көрдім. Тау, теңіз, сәулетті жерлер – бәрінің өзіне тән әсемдігі бар. Бірақ соның ешқайсысы да туған жердің түтініне жетпейді екен. Адамның кіндік қаны тамған топырағының орны бөлек, қасиетті мекен.
Қазір көпшілік шетелге көшуді ойлап, өз елімізге сын да айтып жүр ғой. Бірақ елден безу өмірлік қиындықтарды шеше алмайды.
Бес мың жарым шақырымды жүріп өткенде толық көзімнің жеткені, қазаққа Қазақстаннан артық мекен жоқ екен. Мұны мен сапар барысында жан-тәніммен сезіндім. Туған жердің қадірін адам одан алыста жүргенде ғана терең түсінеді!..
– Әсерлі де шынайы әңгімеңіз үшін бек рақмет. Сапарыңыз сәтті болсын!
Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА