Жарнама
Қоғам

Жеңісті жақындатқан жан

Биыл жер жүзі халықтарының жүрегінің қуаныштан лүпіл қағып, Ұлы Жеңіске жеткеніне 80 жылға жуықтады. Қанша кезеңдер өтсе де, біз күркіреген майдан даласында фашизмге қарсы бар күш-жігерімен жан аямай күрескен, Жеңісті жақындатқан жандарға қарыздармыз.

Бүгінде соғыс салған зардап әлі де жазылған жоқ. Жауынгерлердің Отан үшін басқан әр қадамы ешқашан ұмытылмайды. Ерліктің шежіресі қашан да ұрпақтарға – ұлағат, ертеңімізге үлгі болып қалуы тиіс. Бұл үшін бүгінгі бейбіт өмірдің ұрпағы – біз сұм соғыстың қасіреті мен майдангерлердің жанкешті ерлігін әлі де дәріптей түскеніміз ләзім.

575757786

Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, кеудесін отқа төсеген қайсар батырларымыздың бірі – Әбілқасым Сисенәлиев. Киелі Нарын құмының төл перзенті 1920 жылы Атырау облысы Исатай ауданы, Манаш ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ауылдағы білім ордасынан сауат ашып, қазіргі Махамбет ауданындағы Сарайшық орта мектебінен он жылдықты бітіреді. Одан әрі азаматтық борышын өтеу үшін Қарулы Күштер қатарында болады.  Челябинск қаласындағы Рязань жоғары әскери ұшқыштар училищесіне оқуға қабылданып, түнгі экипаждар мектебінен білім алады. Әуе штурмандары орталығында да болып, әскери ұшқыш-офицер лауазымын иеленген. Авиациялық бөлімдерде аса жауапкершілікпен қызмет ете жүріп, кәсіби біліктілігі арта түседі. Қызығынан қиындығы көп әскери қызметте жүрген сәтінде майданға алынып, Польшаны азат ету операциясының қақ ортасына түседі.

Жауынгер майдан даласында да өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып,  әрбір тапсырманы мұқият жауапкершілікпен орындайды. Бойындағы батылдығы мен күш-жігерінің арқасында алдына келген жауға қасқая қарсы тұра білді. Майдан шебінде жүргенде кеңес одағының бірқатар қаласында болып, Отан үшін от кешті.

Бүгінде майдангердің ұрпақтары жауынгер аталарының сұрапыл соғыстың сынына сынбай, теперішіне төтеп берген қайсар жан екенін мақтанышпен еске алады.

– Біз бала кезімізде атамыздан соғыс жайлы естеліктерін айтып беруді сұрайтынбыз. Сонда атам соғыстың атын естісе қинала сөз сабақтаушы еді. Әуелі майдан даласындағы жауынгерлердің жанкешті ерліктерін күрсіне еске алатын.  «Соғыстағы солдаттарға ұшақпен тамақ, киім-кешек тасыған кездер де болды. Атыс-шабыс кезінде ұшақпен жерге қона алмай, жауынгерлерге берілетін дорбаларды тездетіп төменге лақтырушы едік. Немістердің әуе техникалары өте тез ұшатын. Бізге жылдам жетіп алады. Біз ұшақпен жоғарыға көтеріліп, әуеде жүріп те жаумен шайқасқан едік» деуші еді атам, — дейді немересі Жандарбек Сисенәлиев.

Ұрпақтарының айтуынша, майдангер елге оралған соң да еңбек майданында қызу қызмет етті. Ол Өзбекстанның Ташкент қаласында индустриалды техникумды үздік аяқтап, бірнеше өндіріс орнында жауапты қызметтер атқарған. Мәселен, әр жылдары «Облосавиахим» мекемесінде нұсқаушы, бұрын «№441-нші зауыт» деп аталған қазіргі Атырау мұнай өңдеу зауытында еңбек еткен. Кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орнында тәрбиеші де болған. Нан комбинатында, «Заготзерно» кәсіпорнында, «Гурьевнефтегазгеология» бірлестігіне қарасты құрылымдарда қызметтер атқарған.

– Атам Мәруа әжемізбен отбасын құрып, жанұялық өмірде де көпке үлгілі, өнегелі жан болған. Өмірге он перзент әкеліп, балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсіріп, өндірді. Бүгінде ұрпақтары әр салада өзіндік орны бар, белгілі азаматтар қатарында. Атамыз ағайын-туыстың ортасында да өте қадірлі, беделді болды.  Өзінің білгенін, өмірден түйгендерін ұрпақтары мен айналасына айтып отырудан жалықпайтын. Әрбір ісін асқан тиянақтылықпен атқарып, артынан ергендерге оң жол көрсетіп отырушы еді. Ол өте сауатты болды. Білім жолына басым ден қойған адам «біздің оқуға құштарлығымыздың артқаны сонша, түнде майшаммен кітап оқитынбыз» деп өз кезеңінде кездескен қиындықтарды еске алып отыратын, — дейді Жандарбек Каримұлы.

Әбілқасым Сисенәлиев «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі үшін», «Ұлы Жеңіске 20 жыл», «Кеңестер Одағы Қарулы Күштеріне 60 жыл» мерейтойлық және «Еңбек ардагері» медальдарымен, бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталған.

Майдангер Атырау қаласындағы Кырымская көшесі, №20 үйде тұрған. Аталған көше тұрғыны  Ақжиде Киекованың айтуынша, кейіпкеріміз сол көшенің  үлгі тұтар қарияларының бірі болған екен.

– Балалық шағымда майдангер атаның ұрпақтарымен бірге ойнап, өстік. Олармен бірге оқыдық. Өз әкем дүниеден ерте кетті. Дегенмен, осы атамыз бәрімізге ақыл айтып, кеңес беретін. Көпті көрген, талай қиян-кескі шайқастарды бастан кешіріп, сыннан сүрінбей өткен Әбілқасым атаның есімі мәңгі сақталуы тиіс. Сондықтан бүгінде ол Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде қандай құрметке де лайық. Өйткені, «тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, оның жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы ұрпағының, қала берді елдің жадында жатталып, жүректердің түкпірінде сақтала беруі қажет, — дейді Ақжиде Құспанқызы.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button