ЖЕҢІС-75: Әділетті ту еткен азамат
Жеңісті жақындатқан саптағы сарбаздармен бірге елде қалып, еңбек алаңына жұмылған қарапайым халық пен заңгерлер де майдан үшін тер төкті. Олардың Қазақстанның дамуына, халықтың тұрмысының жақсаруына, заңдылықтың сақталуына елеулі үлес қосқаны белгілі.
Міне, сондай жандардың қатарында Атырау
өңірінің тумасы Бәйіш Тапалов есімді азамат бар. Жерлесіміздің сын
кезеңде, өңірде заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің ішкі
қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан еңбегі тарихта қалды.
Бәйіш Хасанұлы 1907 жылы Сарайшық ауылында, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. Ауыл молдасынан арабша оқып, аздап орысша хат таниды. Жайық бойында отарлық саясатын жүргізген патшалық Ресейдің нөкерлері қазақтарға өзен маңында қоныстануға, онда мал суаруға тыйым салды. Бұл жағдай шаруалардың табыс табу мүмкіндігінің болмай, жұмыссыз қалуына әкелді. Сол кезде Бәйіш дәулетті казакорыстардың жұмысына жалдана жүріп еңбектеніп, әке-шешесіне көмектесті. Қазақ халқының мұң-мұқтажы мен ауыр тұрмысы, оның ой-санасының ерте оянуына әсер етеді. Патшалық Ресейдегі 1917 жылғы «Қазан төңкерісі» қазақ даласына түбегейлі өзгерістер әкелген айтулы оқиға болды. Гурьевте кеңес өкіметі орнаған уақыт Бәйіштің жасөспірім кезі еді. Ол Гурьев қаласындағы жалпы орта білім беретін жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны 1925 жылы аяқтайды.
Ал, 1929 жылы Орал қаласындағы кеңес-партия мектебінде жоғары білім алғаннан кейін, жаңадан құрылған Новобогат аудандық атқару комитетіне нұсқаушы болып қызметке орналасады. Осы ауданның атқару комитетінің жауапты хатшысы болып, кейін Гурьев өлкелік атқару комитетінің әділет халық комиссариаты бөліміне жауапты қызметке сайланады. Уақыт та ешкімге бағынбай зулап өтіп жатыр. Міне, тұңғыш рет 1937 жылы Қазақ КСР Прокуратурасы құрылды.
Араға бір жыл салып Бәйіш ТапаловТеңіз ауданының (қазіргі Құрманғазы ауданы) прокуроры болып тағайындалады. Белсенді әрі адал қызмет атқарып жүрген аға заң кеңесшісі 1941 жылы Гурьев облысының прокурорлығына лайықты деп танылды. Оның ендігі қызметі Ұлы Отан соғысының қиын күндерімен жалғасты. Майдан шебі Сталинград түбіне жетіп, Гурьев қаласы мен оның территориясында орналасқан қорғаныс кәсіпорындары жау ұшақтарының нысанына айнала бастады. Фашист ұшақтары Гурьев қаласының үстінен бірнеше рет антикеңестік үндеулер мен парақшалар (листовкалар) тастап, диверсант топтарын жіберді. Осылайша, Гурьев облысы соғыс жағдайында деп жарияланды. Міне, осы кезде прокурорлар мен тергеушілер де бүкіл халықпен бірге «Бәрі – майдан үшін» және «Бәрі – жеңіс үшін» деген ұранмен жұмыс жасады. Өңірде заңдылықтың мүлтіксіз орындалуы үшін жан аянбай күресті.
Гурьев облысының прокуратурасы соғыс жағдайында қатаң тәртіпті сақтау үшін ішкі істер органдарымен және әскери гарнизонмен бірлесіп, күндізтүні жұмыла еңбек етіп, Жеңіс күнін жақындата түсті. Осындай күшейтілген талаптың және шұғыл әрекеттің нәтижесінде, жаудың үгіт-насихат машинасы облыс еңбекшілерінің майдан үшін еңбек етуіне кедергі келтірмеді. М е м л е к е т Б ә й і ш Х а с а н ұ л ы Тапаловтың Ұлы Отан соғысы жылдарында сіңірген еңбегін жоғары бағалап, 1945 жылы КССР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы М.Калининнің қол қойған Жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттады. Кәсіби қызметін 1947 жылы Қ ы з ы л о р д а о б л ы с ы н ы ң , к е й і н Алматы қаласының прокуроры болып жалғастырады. Соғыстан кейінгі елдегі тәртіп пен заңдылықты реттеп, нығайтуға атсалысты. «Әкем жарықтық, «қайда қызмет етсеңдер де абыройлы болыңдар» деп тәрбиеледі. Ол кісі қызметте талапшыл, қатаң, әділетті болды. Анам сегіз құрсақ көтерген.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бүгінгі күні ата-анамыздың өмірде қалған бес ұл-қызы мен немерелері бар. Үлкені Лиза – медицина ғылымының кандидаты, еңбек ардагері, інілерім Марат – металлург, Болат – инженер, Қанат – қаржыгер болып қызмет етіп, бүгінгі күні барлығы да зейнеткерлікте. Ал, үш немересі ата жолын қуған заңгерлер болса, басқалары түрлі саладан өз орнын тапқан мамандар» дейді әке жолын қуып, заңгерлікті өміріне азық еткен ұрпағы Роза Бәйішқызы. Ол соңғы отыз жылда ӘлФараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық етіп келеді. Сот сараптамасы саласында тәжірибелі маман. И ә , к е з к е л г е н а д а м н ы ң қ ұ қ ы ғ ы қорғалуы үшін, алдымен адал еңбек пен заңдылық сақталып, құқық үстемдігі салтанат құруы тиіс. Осындай ғұмырлық принципті мықтап ой-санасына түйе білген Б.Тапалов әріптестерінің алдында құрмет пен шынайы беделге ие болды. Сөзі мен ісі бір жерден шығатын Б ә й і ш Х а с а н ұ л ы п р о к у р а т у р а саласында қызмет атқарған бірқатар жас прокурорларды тәрбиелеп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырды.
Оның тағылымдамасынан кейін елге танымал болған тұлғалар өтті. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, атақты заңгер-академик Салық Зиманов еді. Ол Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін, еңбек жолын Гурьев облысында тергеуші болып қызметін бастап, Б.Тапаловтың тәлімгерлік қамқорлығын көрді. Басқарудағы көп жылдық ұйымдастырушылық қабілеттері, кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі елеусіз қалмады. Мемлекет атынан заңдылықтың сақталуын қадағалау үшін 1952 жылы III-сыныпты әділет кеңесшісі Бәйіш Хасанұлы Тапалов Қазақ КСР прокурорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл қызметте де тәжірибелі заңгер мемлекет жүктеген тапсырмаларды абыроймен орындап, өзінің қабілетті ұйымдастырушы, талапшыл және әділ басшы екенін көрсетті. Мемлекет алдындағы ерен еңбегі үшін Б.Тапалов кеңес одағының жоғары наградаларына ие болды. Тұңғыш Президент «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы даланың ұлы тұлғаларын ұлықтау маңызына ерекше тоқталды. Кешегі тоталитарлық заманда қиындықтарға төтеп берген асыл текті ағаларымыздың есімін естен шығармай, олардың өмірін жас ұрпаққа үлгі ету – бүгінгі қоғамның басты парызы.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
- Бәйіш Тапалов бес ағайынды болған. Інілері Әйіш – Ұлы Отан соғысы жылдарында «Красный моряк» колхозын басқарса, Сибағат – Мәскеу педагогикалық институтының түлегі. Мәскеуде оқып жүрген қазақ студенттермен бірге Әлихан Бөкейхановтың үйіне барып, сол үшін НКВД-ның қудалауына түседі. Мағжанның кітаптарын оқып, үлгі тұтқан. Ал, інілері — Дәулеш өмірінің соңына дейін колхозшы болса, Тәжіден 1944 жылы майдан даласында ерлікпен қаза тапты.