
Жемқорлықпен күрес күшейе түспек
Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында заманға сәйкес қоғамның басты дертімен күресудің жаңа әдістері талқыланды.

Күн тәртібінде 2023-2024 жылдары өңіріміздегі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар, қаржылық тәртіпті бұзушылықтар және мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуы мен ұйымдастырылуы мәселесі қаралды.
Отырысты кеңес төрағасы Қаршыға Жауымбаев ашып, жүргізді. Білім беру басқармасының бөлім басшысы Дулат Хамзин күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Айтуынша, басқарманың жанынан құрылған білім беру ұйымдарын қаржылық үйлестіру және цифрлық технологиялар орталығы қызметкерлерге жалақының төлену тәртібін, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалайды. Мәселен Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығына және Туберкулез ауруының шамалы және бәсеңдеген түрімен ауыратын балаларға арналған №4 облыстық арнаулы шипажайлық мектеп-интернатына зерделеу жұмыстары жүргізілген. Қорытындысы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігіне жолданды. Қазір іс тергеу үстінде екен.
Жиын барысында кеңес мүшелері білім беру саласындағы «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол бермеу жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
(Толығырақ “Атырау” газетінен оқи аласыздар)
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ