Жарнама
Қоғам

ЖЕМ ЖАҒАСЫНДАҒЫ АУЫЛ

 

Өңірде село тұрғындары алдында алғашқы болып есеп берген Жем ауылдық округінің әкімі Бисенбай Қариев округтің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2016 жылы алға қойылып отырған міндеттері туралы баяндады.

Тұрғызба ауылына ауыз су құбырын тарту жұмыстары 2014-2015 жылдары жалғасын тауып, жоспарланған 510 үйге жеткізілді. Су-сораптық бекеті мен күзет ғимараты және екі су жинау қазандарының құрылысы жүргізіліп, бетон дуалмен қоршалып, электр бағандары орнатылды. Айналасына 130 түп тал көшеті отырғызылды. Дегенмен  жобаға енбей қалуына байланысты әлі де 35 үй қосымша құбыр жүргізуді қажет етіп отыр.

Округтің жеңілдетілген бас жоспарына сәйкес, ауылдың алдағы он бес жылдағы даму бағыты айқындалған. Жоба бойынша тұрғын үйлерге 193 нүктеде жер телімі қарастырылып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 3,6 га жер бөлінген. Коммуналдық-қоймалық нысандарға резервтік аймақтар, көктемгі кезеңде Жем өзенінің арнасынан асып кету қаупіне байланысты елді мекеннің шекаралары бойынша қорғаныс дамбалары, ауылдың солтүстік бетінен Жем өзені үстіне көпір салу қарастырылып отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатына Жиенай учаскесінен 3000 га жер учаскесі конкурс өткізу арқылы берілді.

Қаржылай дербестік ауыл әкімдерінің жағдайын жақсартпақ. Үстіміздегі жылы 4 млн. 824 млн. 824 904 теңге қаржы түседі деп жоспарлануда. Ал, салыстырмалы түрде алсақ, былтырғы трансферт түрінде түскен салық – 1 млн. 195 мың теңге. Демек, айырма алшақтығы әлдеқайда басым жатыр.

Биылдан бастап заңды тұлғалардан түсетін мүлік және көлік салықтары да округ әкіміне берілетін болды.

Сонымен қатар, әкімдердің дербес бюджеті мемлекеттік мүлікті жалға беруден, жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымдарынан, сыртқы жарнаманы орналастырудан, әкімшілік құқық бұзушылық үшін төленген айыппұлдардан қалыптасады. Өткен жылы мемлекеттік мүлікті жалға беру бойынша М.Әуезов атындағы №4 орта білім беретін мектептің асханасы жеке кәсіпкерге жалға беріліп, 90 824 теңге қаражат кірістелді.

Жем ауылдық округі бойынша 2,8 шақырым көше жарығын жобалау сметалық құжаттарын жасақтау және жарық жүйесін орнату жұмыстарын «Өңірлерді дамыту»  бағдарламасына сәйкес бөлінетін қаражатпен жүзеге асыру жоспарлану үстінде. Бұл маңызды іс-шаралар қаражатқа байланысты кезең-кезеңімен атқарылады. Бүгінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, сондай-ақ жер қатынастары бөліміне хат жолданып, тиісті жер ауқымы белгіленді. Жер-кадастрлық жұмыстарының құжаттарын ресімдеуге 225,0 мың теңге қаржы бөлініп, әділет басқармасында тіркелді. Ал, бұған дейін осы бағдарламаға сәйкес, ауылда құны 2 млн. 240 мың теңге қаражатқа көлемі 288 шаршы метр екі ойын алаңы жасақталған болатын.

Осы шаруаға әлеуметтік сипат берсек, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Игілік» жобасы бойынша да ауылда 160 орындық балабақша салыну үстінде. Енді ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында денсаулық сауықтыру орталығы құрылысын жүргізу жоспарлану үстінде.

Есеп беру жиналысында сөйлеген кәсіпкер Асқар Төремұратов, «Мұрат» шаруа қожалығының жетекшісі Ғайни Оразбаев және басқалар округ аумағындағы өзектердің арнасын тереңдету, аудан орталығымен қатынас жол белгілерін орнату, мәдениет саласы бойынша жеткіншектерге домбыра, қобыз сияқты аспаптарды үйрету үшін музыка мамандарының қажеттігі, жастар үшін бокс секциясын ашудың қажеттілігі, сондай-ақ мұғалімдердің еңбекақысына байланысты мәселелерді қозғады.

Есеп беру жиынының соңында аудан әкімінің орынбасары Жәрдем Ахметов қорытынды сөз сөйлеп, алда тұрған міндеттерге тоқталды.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button