Жарнама
Қоғам

Желіде бағы жанған жеткіншек

Бүгінде танымал болу үшін ұзақ уақыт жұмсап, көп жыл білім алып, үлкен экранға шығар сәтті күтудің әсте керегі жоқ. Үйде отырып-ақ қолыңыздағы смартфонмен әлеуметтік желіде қызықты контент жасау арқылы аз ғана уақытта атыңды әйгілеуге мүмкіндік бар. Тіпті мұны табыс көзіне де айналдыра аласыз. Сондықтан ғаламтор қиялы шексіз, талабы мен таланты қатар өрбіген, нағыз  креативті адамдардың мекені деп текке айтпаса керек.

Осындай мүмкіндіктері болғанмен, біз үнемі жеткіншектерге «әлеуметтік желі жауыздыққа жетелейді» деп оның зияндылығын айтып, одан алыстатуға асығамыз. Егер оны дұрыс пайдалана білуді үйретсек, ғаламтордың ғаламатын көре аларыңыз анық. Ендеше, «Бір күйініштің бір сүйініші бар» дегенді ескеріп, экраннан баланы алыстатуға асықпайық. Бұған дәлеліміз де жоқ емес.

Әлемде әлеуметтік желіні ұршықша үйіріп, тілін түсінген балалар көп. Мысалы, Instagram желісінде 5 миллионнан астам оқырманы бар он екі жасар Эверли Роуз атты америкалық қыз өз парақшасын белсенді жүргізе отырып, әрбір жарнамалық жарияланымнан 10-16 мың доллар аралығында табыс табады екен. Мұндай адам сенгісіз қомақты қаржыға шетелдік бүлдіршіндер ұялы телефондағы қарапайым Instagram желісінде контент жасау арқылы қол жеткізуде.

Бір қуаныштысы, желі жұлдызына айналған бүлдіршіндердің қатарына соңғы бесжылдықта қазақстандық балдырғандар да қосыла бастаған. Бұл да қазақ тілді балалар контентінің дамуының көрінісі болса керек. Мұхит асып, шетелдік балдырғандардың желідегі жасампаздығын көргенде «біздің балалар да осылай сүйікті ісін тапса ғой» деген тілектің мазалай түсетіні де жасырын емес.

– Бір қарағанда оңай әрі қарапайым дүние болғанымен әлеуметтік желінің жұлдызы болу сіз ойлағандай оп-оңай іс емес. Бес минуттық видеоның артында қаншама еңбек бар десеңізші?! — деп Нұрислам Нәбидолла өзінің қазіргі қызығушылығынан сыр бөлісіп.

Он төрт жастағы атыраулық Нұрисламның есімі бүгінде спортсүйер қауымның, спорт жанкүйерлерінің арасында біршама танымал. Әлеуметтік желіні белсенді жүргізе бастағанына көп өтпесе де инстаәлемде 7 мыңнан астам оқырман жинаған. Өзі сүйген спорт тақырыбына бағытталған контентінде ол түрлі спорт сайыстары мен шараларға барып, ойыншылар мен ұйымдастырушылардан сұхбат алады, тіпті спорттық жарыстарға болжам да жасайды. Ал, болжамдарының басым бөлігі тура келеді екен. Өз қызығушылығын Instagramда сұрақ-жауап бейнероликтерін түсіру арқылы аудиториясына ұсынып жүрген Нұрисламды көпшілік «журналист» деп атап кеткен. Шынында, өзінің де жүрек қалауы – спорт журналисі болу.

– Кішкентай шағымнан спортты сүйіп өстім. Бірнеше жыл жекпе-жек спортымен айналыстым, мектепте де белсенді оқушылардың бірімін. Түрлі шараларда конференсье болу, өлең оқу, дебатқа қатысу сынды қызығушылықтарым да жоқ емес. Осындай жаныма жақын қабілеттерімді біріктіріп, instaәлемде қызықты контент жасау арқылы өзімнің қалауымды тапқандаймын. Бұл менің өмір жолымдағы арманымның орындалуына жасалған алғашқы әрі үлкен қадам деп білемін, — дейді жас журналист.

Нұрисламның Instagramды қарқынды жүргізуіне жартылай орта салмақта UFC демеушілігімен өнер көрсететін қазақ аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың Атырауға келуі себеп болған. Әйгілі спортшының журналистермен кездесуіне Нұрислам да қатысып, өзінің көкейкесті сауалын жолдаған. Оның жас та болса бас болып, көпшіліктен қаймықпай, өзекті қойылған сауалы мен ұтымды пікіріне сол ортада таңданып, таңдай қаққандардың қарасы көп болыпты. Соның бірі – «Naiza fighting championship»-тің директоры Нұрбек Қарабала.

– Нұрбек мырза менің пікірім мен сауалыма риза болып, баспасөз конференциясына бірге барған анамды ортаға шақырды. «Сен кейбір спорт журналистерінен де артық сұрақ қойып тұрсың. Өзіңе деген сенімділігіңді көзіңдегі оттан байқауға болады. Сондықтан осы қырыңды одан әрі дамытып, біздің лигаға қосыл. Жарысқа шыққан спортшыларға сауал жолдап, әлеуметтік желіні белсенді жүргіз» деп ұсыныс тастады. Міне, осыны пайдаланып, темірді қызған кезінде соқтым, ата-анамның рұқсатымен Instagramдағы парақшамды дамыта бастадым. Лигаларда спортшылармен сұхбат құрып, спорттық жекпе-жек ойындарына болжам жасап, түрлі бағытта видеолар жүктей бастадым. Оқырмандар саны күннен күнге артып, қолдау білдірушілердің саны көбейе түсті, — дейді Н.Нәбидолла.

Оның парақшасындағы оқырмандардың көпшілігі – спортқа құштар жастар мен жекпе-жек ойындарының жанкүйерлері. Жүктеген видеолары 100 мыңнан астам қаралым жинап, оқырмандар парақшасын үзбей қадағалап отыратын деңгейге жеткен. Мұны байқаған облыс әкімдігінің қолдауымен «Атырау» әлеуметтік дамыту корпоративтік қоры жүзеге асырған «Атырау білім медиа» жобасы өз парақшаларында спорт жаңалықтарын жүргізуге шақырған. Нұрисламның журналистік жолы осылайша одан әрі өрлей түсіпті.

– Мұндай үлкен жобаға шақырту аламын деп мүлдем ойлаған жоқпын. Қызығушылығым танымалдық пен дамушы орта сыйлады. Жобада спорт жаңалықтарын жүргізіп, өзімді шынайы журналист ретінде сынап, құдды бір диктор ретінде сезіндім. Сондықтан бұл жұмыстар маған қиынға соққан жоқ, жүрек қалауым болған соң хоббиім іспетті болды. Сөйтіп, жаңа қырларым ашылып, одан әрі қарыштауыма зор мүмкіндік сыйлады, — деді ол.

Ал, жеткіншектің желіде бағы жануына ата-анасының ықпалы жоғары болған. Теңіз түбінен жарқыраған гауһартасты байқағандай, ұлының бойындағы талантына бұлақ көзін ашқандай ата-ананың қолдау білдіруі де септігі мол әрекет. Нұрисламның анасы Жанаргүл Демеуованың айтуынша, оның қабілеті жастай байқалыпты.

– Нұрислам кішкентайынан өте алғыр болды. Бес-алты жасында-ақ қолына микрофон алып, әнші боламын деп ән айтып, өзінше концерт қоятын. Мектепке барған кезінен түрлі шараларды жүргізіп, мәнерлеп өлең оқып, өзін көрсете бастады. Қабілетін байқаған соң оған кедергі болмадық. Ақыры өзін танытты, — дейді Жанаргүл.

Ұлының болашағынан зор үміт күтетін ол сабақ үлгерімін де қадағалап отырады. Дегенмен баласының жүрегі қалаған мамандығының майталманы болғанын қалайды.

– Баланың бойындағы шығармашылық қабілетін өшіріп алмауға тырысқан жөн. Есейгенде «кезінде ата-анам қарсы болып, осы істі жасап көрмедім, өзімді байқамадым» деген өкініші болмағаны абзал. Қазір еңбек еткен жанға өзінің сүйікті ісімен айналысуға толық мүмкіндік бар. Әсіресе заманауи қолданбалар арқылы өзіңді түрлі салада сынап көруге болады. Әлеуметтік желіні Нұрислам орынды пайдаланып, әрі болашағына пайдалы түрде қолданып жүргені бізді қуантады. Біз оның болашағынан үлкен үміт күтеміз! — дейді ол аналық үмітпен.

Жанаргүл Нұрисламның парақшасын үнемі қадағалап, жариялайтын видеоны алдын ала тексеріп алады екен. Өйткені, сенім білдіргенмен, бала болған соң қадағалау мен жөн сілтеп, бағыт беру де керек.

Шынында да Нұрислам Нәбидолланың арманы асқақ, талғамы бөлек. Әңгіме барысында бойындағы таланты мен талабынан бөлек, үлкен арманы мен бойында бұлқыныстың барын да аңғардық. Алдағы жоспарлары туралы сұрағымызға:

– Қазір айтар болсам, орындалмай қалуы мүмкін. Ал, менің арманым мен жоспарым тым көп. Сондықтан, тек іспен көрсеткім келеді, — деп өжет әрі мінезділікпен жауап қатты. Соның өзі-ақ оның талабы Алатаудан да биік екенін байқадық,

Аспанға қол созған қыр баласының асқақ арманының қалтқысыз орындалуына біз де тілекші болдық. Жұлдызының жарқырай жанып, мықты жобаларда төбе көрсетіп, түрлі бағдарламалардың тізгінін ұстар сәттің алыс еместігі аңғарылғандай болды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

*Психолог маман не дейді?

Нұрислам секілді өзінің парақшасын дамытуға құлықты жеткіншектер аз емес. Ойын баласының бала кезден өзінің сүйікті ісін тауып, заманауи жаңа қолданбаларды меңгергені қуантады. Дейтұрғанмен, әлеуметтік желінің көлеңкелі тұстарын да ұмытпаған жөн. Мысалы, сіздің балаңыздың блог жүргізіп, контент жасауға қызығушылығы болса, оған психолог кеңесі керек-ақ.

Сол себепті балалар психологиясында 20 жылдық тәжірибесі бар педагог-психолог Әйгерім Ержанованың кеңесін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

– ХХІ ғасырда әр баланың әлеуметтік желіде кем дегенде бір парақшасы бар. Интернеттің күнделікті өмірге жан-жақты енуі бізге қосымша міндет жүктейді. Балаға барынша еркіндік беру арқылы қауіп-қатерден сақтай отырып, онымен бір тілде сөйлесуді үйрену қажет. Әр ата-ана өз баласымен интернеттегі сән трендтерін білуде бәсекелесе алмас, бірақ түрлі қиындықты жеңуге көмектесе алады, — деді Әйгерім Ержанова.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button