ЖЕҢІСТІҢ ЖЕҢІСТІ БЕЛЕСІ
Мемлекет басшысы Нұрсұл-тан Назарбаев барша Қазақстан халқы мен барлық жұмысшы-қызметшілер алдына үлкен міндет жүктеп отыр. Ол – күні кеше талдап оқып, жан-жақты танысқан бес институционалды реформа. Сол бес басым бағытты жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам анықталғаны да белгілі. Солардың ішінде ауыл шаруашылығын дамытуға, әсіресе, мал шаруашылығын жетілдіруге баса назар аударылуда. Бұл орайда аудандағы негізгі ауылшаруашылық құрылымдардың бірі – «Мақаш» өндірістік кооперативінің де өзіндік елеулі орны бар. Оның қандайлық салмағы барын біздің кейіпкеріміз – Жеңіс Қалижанұлы Әбілқайыров өте терең сезінеді.
— Кезінде атағы жер жарған, «Коммунизм жолы» кеңшары тарағанда оның ізбасары болып қалған «Мақаш» өндірістік кооперативінде бұл күнде 8500 қой, 200 түйе, 20 сиыр және 25 жылқы бар. Кооперативтегі негізгі күш – шопандар, бақташылар. Соларға жағдай жасау, әлеуметтік тұрмыстық ахуалын көтеру арқылы мал басын өсіріп, экономиканы өрістетуге болады, — деп пайымдайды ол. Өйткені, осы киелі топыраққа кіндік қаны тамған Жеңіс малшылардың тыныс-тіршілігін тап басып танығалы қашан.
Әкесі Қалижан қаншама қиындық көріп өссе де мойымай, механизатор мамандығын меңгеріп, 1964 жылы Нәсіп Салихова деген қызға үйленіп, отбасын құрыпты. Шаңырақ көтерісімен-ақ екеуі де Құрманғазы атындағы кеңшарда шопан болып еңбек еткен. Жас жұбайлардың бұл батыл шешімдері жұртты елеңдетпей қоймайды. «Жастықтың желігі шығар, көрерміз әлі-ақ, қой бағу оңай ма?» дескендер аз болмапты. Алайда, ұқыптылығымен ерекшеленген жастар малдан шығын бермей, қайта өз төлі есебінен өсіріп, түрлі марапаттарға ие болды. Үйлі-баранды Қалижан мен Нәсіптен бес ұл өрбіген. Тұңғыштары Жеңіс әке-шеше жолын қуып, мал шаруашылығына бүйрегі бұрса, екінші ұлы – дәрігер, ал, қал- ғандары мұнайшылықты таңдапты.
Шынында да, бәрі де күні кеше сияқты еді. Жеңіс 1982 жылы К.Маркс атындағы орта мектепті аяқтап, сол жылы Гурьев ауыл шарушылығы техникумының зоотехник бөліміне оқуға түсіп, 1983-1985 жылдары кеңес армиясы қатарында әскери борышын абыроймен өтеп, оқуын қайта жалғастырды. 1988 жылы арнаулы орта оқу орнын ойдағыдай аяқтаған ол «Коммунизм жолы» кеңшарында ферма зоотехнигі болып еңбек жолын бастады. Оның үстіне сол жылы ауыл жастары Жеңіске сенім білдіріп, кеңшардың комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлады. Аудандағы ең ірі комсомол ұйымдарының бірін басқару оңай шаруа емес еді. Сонда да жігерлі жас ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, ұйым аудандағы алдыңғы қатардағылардың бірі болады. Осы кеңшардың жастары ауданда алғашқы болып наурыз тойын өткізуге белсене атсалысты. Атап айтқанда, сахнадан келін түсіру тойын көрсетіп, өзгелерге үлгі болды. Сонымен қатар, Жеңістің өзі ауданда бірінші рет өткізілген ат үстінен аударыспақ ойынына қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Сол жылдары Әлия Айтасова, Асқар Мұфтахов, Румия Ермұханова, Есенгелді Мерханов, Сара Ғұмарова және басқа да комсомол белсенділерімен бірге көптеген мәнді мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырғандары күні бүгінгідей көз алдында.
Комсомол тарағаннан кейін Жеңіс Әбілқайыров Ғ.Әліпов, Сәт баба, Сардар баба фермаларында зоотехник, басқарушы болып абыройлы еңбек етті, тәжірибе жинақтады. Жас маман сол жылдары шаруашылық басшысы болған Өмірзақ Қажымғалиевтан, аға буын әріптестері Өтеулі Хасанов, Сатау Батырханов, Зинелғайын Хисин, Ермек Ғалидуллин, Ізтұрған Әдиятов және басқаларынан көп нәрсені үйреніп, көңіліне түйді. Әсіресе, Өмірзақ ағасын ұстаз, тәлімгер тұтып, әркез құрметпен айтып жүреді.
1998-2003 жылдары шаруашылық республикалық ғылыми-зерттеу институты ғалымдармен бірлесіп еділбай қойының аталық тұқымының жаңа түрін шығарды. Оның ішінде Жеңістің де өзіндік үлесі болғаны ақиқат. Кооперативтегі мал басын аман сақтап, өз төлі есебінен өсіруде, мол өнім алуда жақсы нәтижелерге қол жеткізген шаруашылық 2000 және 2003 жылдары «Құрманғазы ауданының жеңімпазы» деп танылды. Бұл биіктіктен көрінуге озат малшылар Қ.Қуанов, Н.Нұқығалиева, Қ.Құсайынов, Т.Жанғалиев, Х.Мүбәрәковтер мол үлес қосты. Әрине, мал тұқымын асылдандыру, өнімдердің сапасын арттыруға И.Ғалиев, Е.Шайхымеденов, А.Малиев, Р.Қабдешев, А.Ғашихов және басқа да мал мамандарының ізденісті еңбегі айтарлықтай жол ашқанын атап айтқан жөн.
Осындай жемісті де, жеңісті еңбек белестерінен өткен Жеңіс Әбілқайыров 2011 жылы кооператив басшысының орынбасары болып тағайындалса, 2012 жылы оған «Мақаш» өндірістік кооперативінің басшысы қызметі жүктеледі. Шаруашылықта маман болу бір бөлек болса, басшының жүгі тіпті ауыр екені белгілі. Сондықтан да, Жеңіс ең алдымен малшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына ерекше назар аударды. Ең алдымен олардың қыстақ орындарын жөндеу, азық-түлікпен қамту, керек-жарақтарын алуға көңіл бөлді. Нәтижесінде қазір малшылар тұрақтанып, қол күші тапшылығы азайды. Мал өнімдерін өткізу де жүйеленіп келеді. Күні бүгін асыл тұқымды мал аламын деушілермен байланыс нығайып, Орал, Ақтөбе, Маңғыстаумен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнықты.
Соңғы бірнеше жылдар бойы «Мақаш» өндірістік кооперативі республикалық «Қараөткел» жәрмеңкесінен де олжалы оралып жүр. Айталық, сол жәрмеңкеде ұжым 2009 жылы – ІІ орын, 2010 жылы – І орын, 2011 жылы бас байрақты иеленді. Біз «Құрманғазы» өндірістік кооперативіндегі әріптестері бұған қызыға қараймыз, шын көңілден сүйсінеміз.
Қазір кәсіпкерліктің сан қырын меңгеріп, одан мақсатты пайда табуға ұмтылушылық барша саланы да қамтып тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Жеңіс басқаратын кооперативте шұбат-қымыз өндіруге де ерекше ден қойылып келеді. Сондай-ақ, кооператив мүшелері, ауыл тұрғындары қамыс тақтасын байлап, оны Маңғыстауға өткізеді. Орнына ақ тас алып, құрылысқа пайдаланады. Бұл – тиімді айырбас. Өйткені, екі жақ та пайда тауып, қажетіне ұтымды жаратуда.
Ауылдың тұрмыстық жағдайының жақсарғанын әр шопанда «Отау-ТВ» барынан, екі малшының бірі автокөлік мініп жүргенінен де айқын көруге болады. «Қалауын тапса, қар жанар» дегендей, малшы-жұмысшыларға жағдай жасалса, оның қайтарымы да мол болатынын Жеңіс Әбілқайыров жақсы түсінеді. Одан басшы еш ұтылған емес. Қайта шаруашылық мамандары болашаққа зор сеніммен қарайды.
«Ашта жеген құйқаңды тоқта ұмытпа» деген де бар. Жеңіс әуелде мектепте бірге оқып, тайқұлындай тебіскен, жарты құртты жарып жеген сыныптастарын да ешқашан естен шығарған емес. Қазір сәлемдері түзу, бір-бірін қолдап жүретін Нұртаза Әзімжанов – жүргізуші, Оңдыбай Мусин – қойма меңгерушісі, Тоты Мансұрова – аға шопан, Маруся Әбілқайырова – Ниетбайда фельдшер, Меңдіхан Қабулов мал дәрігері болып, қоян-қолтық жұмыс жасауда.
Әр азаматтың бұл өмірдегі тірегі де, сенері де – жан жары, отанасы. Міне, Жеңістің де талай асулардан алқынбай өтіп, биік белестерді бағындыруына өмірлік қосағы Раушан Құспанова елеулі үлес қосып, арына алау, жанына жалау болып келеді. Екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Екі қыздары тұрмыста, олардан өрбіген қос жиен желкілдеп өсіп келеді. Бұйыртса, немерелер де болар…
Еңселі елуіне ентікпей жеткен Жеңіске «жеңісті күндері мол болсын» деген тілегіміз бар. Өйткені, ердің жасы елу дегеніміз – еңсені тіктейтін, мақсат-мұраттарды жіктейтін ерекше мезгіл. Алған асуларыңыздан шығар шыңдарыңыз биік болғай, әріптесім! Өзіңдей атпал азаматтар аман тұрғанда ғана атакәсібіміз өрісін кеңейтіп, өрелі істеріміз өркен жая берері кәміл.
Сабыржан СҰЛТАНОВ,
«Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы,
Құрманғазы ауданы.