ДАНАЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСУ

Көгілдір экраннан көрген бір басқа да, егеменді елімізді бүгінгідей белеске көтерген Елбасының арнайы қабылдауында болып, ол кісінің даналық әңгімелерін, ақыл-кеңесін тыңдап, марапатын иелену – бір басқа. Атырау облысының құқық қорғау саласында 20 жылдан астам уақыт абыройлы еңбек етіп келе жатқан Гүлжан Лұқманова да – осындай мәртебеге ие болғандардың бірі. Гүлжан Ибатқызы Мемлекет басшысымен кездесу сәтінің өміріндегі естен кетпейтін ерекше оқиға болғандығын айтады.   

 

Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз саласында биік белестерді бағындырып жүрген бір топ әйелдер қауымын қабылдап, пікірлесіп, бүгінгі қоғамдағы нәзік жандыларға қатысы бар кейбір келелі мәселелерді қозғаған болатын. «8 наурыз – халықаралық әйелдер күні» қарсаңында өткен «Көктем шуағы» деп аталатын бұл басқосуға біздің облысымыздан барған полиция подполковнигі Гүлжан Лұқманова да  зор әсер алып қайтқан еді.

«Қазақта «мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» деген тамаша сөз бар ғой. Сол рас екен. Мемлекет басшысымен көкейкесті тақырыптарда пікірлесе отырып, Президентіміздің елдегі барлық проблемаларды жетік білетінін көрдім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, әсіресе, жетім балалар жайына ерекше тоқталды. Президенттің пікі-рінше, меймандостығымен даңқы шыққан елімізде жетімдер үйі болуының өзі ұят нәрсе. Әр бала міндетті түрде отбасында тәрбиеленуі керек. Сол себепті де, Елбасы отандастарымызды жетімектерді жәудіретіп шетке жіберуге емес, өз елімізде тәрбиелеп-өсіруге шақырды», – дейді ол.

Құқық қорғау саласы қызметкері бейресми шарада Елбасымен жүздесуден алған әсерін айтып тауыса алмады. Гүлжан Ибатқызымен әңгіме барысында Нұрсұлтан Әбішұлының санаулы сәтте айтқан ақыл-кеңесі өмірлік азығына айналғанын мақтан етті.

– Елбасының әр сөзін аса мұқият тыңдасаңыз, астарында терең ой, даналық жатыр. Баланы жастайынан нақты мақсат қоя білуге және сол жолға ұмтылуға тәрбиелеу керек. Және де баланың заман талабына сай толымды білім алуы маңызды. Маған Мемлекет басшысының отбасы тұрақтылығына ерекше мән беретіні әсер етті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан отбасы құндылықтарына біраз тоқталған Нұрсұлтан Әбішұлы жанұяда ері мен зайыбының бір-біріне деген қамқорлығы бірінші кезекте тұруы керектігін баса айт-ты. Ананың балаға, баланың әкеге деген қамқорлығы қалыптасқан дәстүрді жалғастыруы қажеттігін қозғады.

Ерекше айта кетер тағы бір жайт, ең алдымен, әйел ана болуы керек. Әйел қандай қызметте жүрсе де, ана атану бақытын сезінуі қажет. Әрине, ана атану ерекше жауапкершілікті жүктейді. Ұлы мұраттарға ұмтылып отырған елімізге саналы ұрпақтарды тәрбиелеп шығару маңызды. Сондықтан да, біз – аналар бала тәрбиесін басты назарда ұстауымыз қажет. Қазақта «адам болып туып, адам болып өмірден өту – парыз» деген жақсы бір сөз бар ғой. Әйел-аналармен жүздесу барысында Елбасы ерекше тоқталған мәселелердің бірі осы болды,  – дейді Г.Лұқманова.

Қазақстандықтарды талай соқпақты жолдардан қиындықсыз алып шыққан Елбасын Гүлжан да мақтан етеді, мадақтайды. Себебі, тұңғыш Президентіміз – қандай құрметке де лайықты тұлға. Ал, ол кісінің алдына барып құрмет көру – ең үлкен мәртебе. Сол мәртебе биігіне шыққан  екінші және үшінші дәрежелі «ҚР Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері Гүлжан Лұқманова бұл дәрежеге өзінің көп жылғы еңбегінің арқасында қол жеткізді. Қызметімен бірге отбасын қатар алып жүрген ол төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, үш немерелі болды. Ол Елбасымыз жүргізіп отырған сарабдал саясат, жүзеге асқан реформалар мен ел мүддесін көздейтін стратегиялық жобаларға қарап, «Нұр-сұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тең  келетін саясаткер жоқ» деп ой түйгенін айтады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз