«ЖЕҢІСКЕ БІРГЕ ЖЕТЕЙІК!»

Атыраулық  жастар  олимпиадашыларды  қолдайды

Ақпанның 7-сі күні Сочи қаласында бүкіл әлем көз тігіп отырған кезекті Қысқы олимпиада ойындары басталады. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатовтың мәлімдеуінше, бұл байрақты додаға спорттың 10 түрінен қатысатын 50 қазақстандық спортшыға Қазақстан халқы ерекше сенім артуда. 

Осы ауқымды шараға орай Атырау қаласындағы мұз айдыны сарайында «Жеңіске бірге жетейік!» атты олимпиадашыларды қолдау шарасы өтті.

– Спортшыларымызға сәттілік тілейміз. Болашақ олимпиадашыларды даярлап шығару мақсатында Атырауда қысқы спорт түрлерінің мектебі ашылғалы отыр. Балалар хоккейі мен мәнерлеп сырғанау үйірмелерінде балалар жаттығуда. Енді шорт-трек спортын дамытуды көздеп отырмыз. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Болашақта атыраулық спортшылар да Қысқы олимпиадаларда ел намысын асқақтатып, үздік нәтижеге қол жеткізеді деген ойдамыз, – дейді облыстық туризм, дене шынықтыру  және   спорт  басқармасының басшысы Асан      Раушанов.

– Атырауда қысқы спорт түрлері кенже қалып келгені рас. Алайда, мұнда шайбалы хоккей мықты дамыған деп айтуға толық негіз бар, – дейді «Бейбарыс» хоккей командасының қақпашысы Олжас Қожанбек. – Құрылғанына аз уақыт өтсе де, еліміздегі мықты командалармен иық теңестіріп, жыл сайын финалда өнер көрсетуде. Биылғы маусымдағы деңгей де нашар емес. Атыраулық команда құрамында кәсіби ойыншылармен бірге өңір намысын қорғау – мен үшін үлкен абырой. Ал, ел үмітін үкілеген отандастарымызға сәттілік тілеймін!

Олжас атыраулық хоккей командасы сапына биылғы маусымның басында қосылған болатын. Және ол – командадағы ең жас ойыншылардың бірі. Ал, ағаларының жолын қуған жас хоккейші Аббасали Курбанов бірер жылдан бері балалар хоккейі мектебінде жаттығуда. Жастайынан шымырлыққа шыңдалып келе жатқан жас ойыншы болашағынан үлкен үміт күттіреді. Қазір ол атыраулық «Бейбарыс» балалар хоккей командасы құрамында өнер көрсетуде. Жуырда Рудный қаласында өткен 2001 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының ІІ кезеңінде Аббасали командадағы ең үздік ойыншы ретінде көрініп, қарсыластар қақпасына 19 рет шайба енгізген. 

– Сочи олимпиадасына қатысатын отандас спортшыларымызға біз сенеміз. Спорттың кез-келген түрімен шұғылдану адам ағзасына өте пайдалы. Әйтсе де, қысқы спорт түрлері адамды суыққа төзімді болуға үйретеді, денсаулықты жақсартады, бұлшық еттерді ширатып, сананы сергітеді.  Жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырамын, – дейді жас хоккейші. 

Еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері Бағытжан Рахбиев те сөз алып, төрт жылдықтың басты додасында бақ пен бапты таразылайтын спортшыларға сәттілік тілеп, аталық ақ батасын берді.  

Акция барысында жас хоккейшілер мен мәнерлеп  сырғанаушылар өз өнерлерін көрсетіп, көрермен қошеметіне ие болды. Ал, акцияға қатысқан жоғары оқу орындарының студенттері «Алға, Қазақстан!», «Біз сіздермен біргеміз!» деп ұрандатып, нағыз жанкүйерлік танытты.

Айгүл СОЦИАЛҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз