Жүрегімде ҮМІТ бар ұялаған…

a0ead1e5d6bb0221 COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/24 шілде, 2020 жыл. Балалары білім алсын, оқу оқысын деп шет ел асуына рұқсат берген ата-аналардың әлемдік пандемия кезінде ұрпағы үшін уайымдап, түн ұйқысын төрт бөлгені анық. Мұхиттың ар жағында жүрген ұл-қызының ұйқысы тыныш болып, алаңсыз оқуына тілекші болған әр ата-ана бір-ақ сәтте «елге, отанға аман орал­са екен» деген тілекпен күн кешкені де белгілі.

Студенттердің басым бөлігі елшіліктің көмегі, мемлекеттің қолдауы арқылы елге оралса, енді бірі «індет ошағынан оралып, айналама ауру таратпаймын ба?» деген күдікпен сол жақта қалуға бекінген. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Осы орайда жастардың кейбірі қол үзіп қалған оқуларын жалғастыру үшін өзге елге кері кетіп те үлгерді.

Мақаланы жазу бары­сында шетелде жүрген студент жастарымызбен бейнебайланыс арқылы хабарласып, хал- жағдайларын сұрастық. Олар да өз кезегінде ел ішіндегі ахуалға алаңдаулы.

 Жанель ЖОЛДАСОВА (РЕСЕЙ, Астрахан):

 «Шекарадан жаяу өттім»

Астрахан мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқимын. Коро­навирус індеті әлемге жаппай тарай басталған кезде бір-ақ сәтте Астрахан­да бәрін жауып тастады. Университет жұмысын тоқтатып, қашықтан оқуға жіберді. Бірақ, үйге кетуге рұқсат бермеді. Бір айға жуық уақыт онлайн оқып, сол жақта болдық. Далаға рұқсатсыз шығуға мүмкіндік болған жоқ. Смс арқылы губернатор жанынан құрылған арнайы топтан рұқсат алу қажет. Аты-жөніңді, шығу себебіңді, мекен- жайыңды нақты көрсеткен соң, жауап келсе, шығуға болады. Егер сұранысқа жауап жолданбаса, сыртқа шыға алмайсың.

Ал, наурыз айының ортасында «елдеріңе кете беріңдер» деп рұқсат берді. Елшілік арқылы студенттердің тізімін жасақтап, арнайы автобуспен алып келу мәселелері қаралып жатты. Өйткені, ол кезде тек такси, жеңіл көлікпен жүру болмаса, тасымалдың басқа түрлері толық тоқтаған еді. Оқу орнымыз рұқсат берген соң, мен наурыз айының соңғы күні елшіліктің тізіміне ілінбей, өзім такси арқылы кетіп қалдым. Ресейлік көлік иесі мені Қазақстанмен арадағы шекараға жеткізді. Сөйтіп, мен шекарадан жаяу өттім. Ол жерден дене қызуымды өлшеп, барлық құжаттарымды тексерген соң, мекен-жай, қажетті ақпараттарды толықтай жазып алып, елге кіруіме рұқсат берді. Шекараның бергі бетіне өткен соң, қазақстандық таксимен үйге келдім. Бірақ, мені ешкім іздеп, не телефон шалып хабарласқан жоқ.

Қазіргі уақытта үйдемін. Карантиндік талаптардың бұзылып, халықтың жаппай ауырып жатқанына қатты алаңдап жүрмін. Барымызша сақтық шараларын ұстанып жүрміз. Өзге қатарлас, дос, таныстарымды, жалпы халықты қарапайым бетперде тағу, көп адамдар болып шоғырланбау секілді талаптарды ұстануға шақырамын.

Бұл күні Ресейдегі ахуал біршама тұрақталып қалды. Жаңа оқу жылы бұрынғыша болады, сабақ дәстүрлі түрде өтеді деп айты­луда. Нақты шешім жақын күндері ресми түрде жарияланады.

 Бектұр ТӨЛЕП (ҚЫТАЙ, Ханчжоу):

«Ата-анама алаңдаймын»

Қытайда жүргеніме 5 жыл болды. Чжецзян сауда- өнеркәсіп университетінің 4 курсын аяқтадым. Енді диплом аламын. Махамбет ауылындағы Е.Ағелеуов а т ы н д а ғ ы м е к т е п т е оқыдым. Оқушы кезімнен- ақ өзге тілдерді меңгеруге ынтазар болдым. Сол қызығушылығым мені Қытайға алып келді.

Әкем мен анам қарапайым еңбек адамдары, әрі үйдің үлкенімін. Қарындасым ауылдағы мектепте оқиды. Алғашқысында олар бұл таңдауыма қарсы болды. «Өзіңе де, бізге де қиын болады, Алматыда оқышы» деп өтініш, реніштерін білдірді. Алайда, ойлана келе өз келісімдерін беріп, 2015 жылы тіл үйрену үшін келдім. Кейін оқуға түсіп, биыл университетті тәмамдамақпын.

Вирустың Қытайдан шыққаны анық. Бірақ, ел ішінде жүрсек те, «Ухань қайда, Ханчжоу қайда?» деген сауалдарға орай, мәселеге аса мән бермедік. Оның үстіне Уханьды дереу жауып, кіріп-шығуға толықтай тый­ым салынды. Әсіресе, мен секілді шетелдіктер тіптен сенбек тұрмақ, мән берген де жоқпыз. Алайда, уақыт өте келе қауіпті вирус таралып кетті.

Қаңтар айының алғашқы аптасынан кейін-ақ, елде шектеу жариялана баста­ды. Біздерге жатақханадан шығуға тыйым салынды. Тек студенттік билет және «осы оқу орнында оқиды» деген арнайы карта арқылы тамақ алуға, ауруханаға және дәріханаға баруға рұқсат етілді. Кеткен, келетін уақытыңды нақты енгізіп, тіркелген соң, шығуға мүмкіндік болды. Екі адам­нан артық жүруге болмай­ды. Бетперде тағу міндетті. Алғашқысында осы дүние жоқ болып, сәл қиындықтар туындады. Сол кезде уни­верситет бір аптаға киюге болатын бетпердені әр сту­дентке таратты. Ал, дәрілерге байланысты қиындықтар туындаған жоқ.

Ақпан айының 5 күні ше­кара әлі жабылмаған кез болғандықтан, мен Тайландқа кетіп қалдым. Ал, «бір ап­тадан соң, шекара толық жабылады, кіріп-шығуға мүмкіндік болмайды» деген әңгіме тараған кезде Тай­ландта тұратын қытайлық досым И Син «Кэ Янг, біздің үйге келсеңші, бәрі реттелген соң, оқуға бірге барамыз» деп ұсыныс айтты.

Кэ Янг – менің қытайша а т ы м . Б ұ л ж а қ т а ғ ы заңдылықтарға сәйкес, өз атына қосымша қытайша ат беріледі. Маған бұл есімді ұстаздарымның бірі бер­ген. «Күн» деген мағынаны береді.

Сөйтіп, ақпан айынан бері Тайландтамын. Бұл жақта дәрі-дәрмек, қажетті аппарат­тар жеткілікті болғандықтан, әрі талаптардың қатаң сақталуының әсерінен вирус жұқтырғандар қазір жоқтың қасы. Тайландта барлығы ашық. Жүріп-тұруға еш кедергі жоқ. Тек бетперде кию міндетті және бір жерге кірмес бұрын дене қызуын өлшейді. 37 градустан жоғары болса, оқшаулап, күтеді. 10 минутта түспесе, жедел жәрдем шақырады.

Павлодарлық группала­сым елге кетпей қалып, қазір жатақханада өз ақшасына тұрып жатыр. Ал, біздің қашан қайтатынымыз белгісіз. Өйткені, шекара әлі жабық. Қытайға ешкімді кіргізбейді. Елге келмей, сол жақта қалуымның бірден-бір себебі, аурудың ошағынан келгендіктен «ата-ана, бауыр, достарыма жұқтырып алмай­мын ба?» деген қорқынышым басым болды. Бұл шешіміме ата-анам қарсы болмады. Күн сайын хабарласып, амандық біліп тұрамын. Дипломымды қорғадым. Енді өзім барып, алып кетуім керек. Талап сон­дай. Сол үшін әлі күнге дейін елге кете алмай отырмын. Елді, отбасымды сағындым. Анамның пісірген тағамдарын аңсап жүрмін. Қазақстандағы жағдайға алаңдаулымын. Адамдар карантиндік тәртіпті қатаң сақтаса екен. Ауы­рып жатқандар жазылып, вирус тезірек жойылсын деп тілеймін.

 Ерболат ИЛЬЯСОВ (ПОЛЬША, Быдгощ):

 «Айтып келмейтін ауру»

 Мен Польшада оқимын. Елдің ба­тыс бөлігінде орналасқан Быдгощ қаласындағы «Wyższa Szkoła Bankowa» оқу орнының студентімін. Атыраудағы APEC PetroТechnic жоғары колледжін тәмамдаған соң логистика мамандығын таңдап, қазір І курсты аяқтадым. Әлемге таралған коронавирус індеті басталған тұста алаңсыз оқуда жүр едік, жоспарымыздың бәрі аяқасты бұзылды.

Белгісіз вирустың таралуы туралы естігенімізбен, алғашқы кезде алаңсыз жүре бердік. Алайда, бірде жатақхана алдындағы спорттық алаңда ойнап жүр едік, сыртымыздан полицияның бақылап жүргенін байқадық. Сәлден соң олар жақындап келіп, «ішке кіріңдер» деп ескертті. Біз «иә, иә» дегенімізбен мән бер­местен жүре бердік. Біраздан соң арнайы көлікпен, құрал- жабдықтарымен толық жабдықталған топ келді. «Алып кетеміз, талапты сақтамадыңдар» деді. Біз дереу ішке қашып кеттік. Осы оқиғадан кейін талаптарға бағыну керек екенін түсіндік.

Сөйтіп, оқу орнымыздан тәртіп, талаптарды қатаң сақтау туралы ескерту берілді. Мен оқу орнының жатақханасында жаттым. Ол екі блоктан тұрады. Бірі мен секілді өзге елден келген студенттерге арналса, екінші блокта жергілікті поляктар. Карантин енгізілген бойда қажет болған жағдайда стационар ретінде пайдалану мақсатында екінші блоктағы жергілікті студенттерді дереу таратты.

Бастапқы кезде супермаркеттерге тамақ алуға өзіміз ба­рып жүрдік. Бірақ, бірден ішке кіріп кете алмайсың. Арнайы бақылаудан өткізіп, қолыңа антисептик шашқан соң, іштегі адам санына байланысты бөліп кіргізіп тұрды. Келушілер талап­тарды қатаң сақтап, қарапайым қорғаныс тәсілдерін қолданды. Ал, карантин енгізілген кезде бізге далаға шығуға рұқсат етілмеді. Қажетті керек-жарағымызды іштегі қызметкерлер әкеліп тұрды. Елшіліктің араласуымен елге келетін кезді күттік. Олардың арнайы жүргізген іс-шараларының нәтижесінде алғашқы лек наурыз айында елге кетті. Ал, біз сәуір айындағы рейспен келдік.

Шыны керек, карантиндік талаптардың сақталуында екі ел арасында үлкен айырмашылықтар бар. Біздің жақта тіпті «ковид жоқ» деп қыңыр пікір айтатындар көп екеніне көзім жетті. Ал, мен көзіммен көріп, өзге елден келген соң, сендім, сақтандым. Бізге қарапайым талаптарды қатаң сақтаудың өзі аурудың бетін қайтаратынына сенетін уақыт жетті.

 Айкөркем КУСЕСОВА (КАНАДА, Ванкувер):

«Вируспен бетпе-бет»

Мен қауіпті кеселмен бетпе- бет келіп, емделіп шығып, осы туралы ашық айту туралы шешім қабылдаған Қазақстан бойынша бірінші адам болып­пын. Жаппай солай деп жазды. Сол кезде маған «бұл өтірік, саған қанша ақша төледі?» де­гендер өте көп болды.

Кан а даның Ванкув е р қаласында оқимын. Корона­вирус жағдайына байланыс- ты университет жабылды. Біз онлайн форматтағы оқуға көштік. Университет билет алып берді. Елге Амстердам арқылы ұшатын рейспен келдім. Атырауға келген бойда оқшауландық. Біздің рейспен келген бір жолаушының са­раптамасынан коронавирус инфекциясы расталды. Сөйтіп, он төрт күн карантинге, яғни, Атыраудағы провизорлық стационарға жатқызылдық.

С е г і з і н ш і с ә у і р . Б ұ л Атыраудағы инфекциялық ауруханаға түскен күнім. Әрі-сәрі күйге түскен мен үйдегілерге үздіксіз хабар­ласып, «енді не істеймін?» деген сұрақты қайта-қайта қоя бердім.

Инфекциялық ауруханаға түскен бірінші күнім уайым­мен өтті. Көңіл-күйім түсіп, еш нәрсеге зауқым соқпай отырған сәтте дәрігер Әсия Төлегенқызы келіп: «Еңсеңді түсірме. Психологиялық жағдайың қазір аса маңызды. Стресс ауруды асқындырады» деді. Қарап тұрсам, қарапайым сөздер. Бірақ, маған дәл сол уақытта осы сөздер үлкен күш, жігер берді.

Д ә р і г е р л е р к ү н с а й ­ын келіп, бізді балаша мәпелеп, жағдайымызды сұрап отырды. Ауруханада таңмен дәрі қабылдаймын. Кейін дене қызуымыз өлшенеді. Дәрігерлер келіп жағдайымызды қарайды. Қатты риза болатыным, дәрігерлер бізді дәрімен ғана емес, жылы сөздерімен де емдеп шығарды. Жантөре Керейқызы, Салтанат Мәлікқызы сынды өз ісінің білгір мамандары өз ықылас- пейілдерімен айықтырған ақхалатты абзал жандар. Барлық дәрігерлерге мың алғыс!

Ауруханадан шыққаннан кейін көшеде көп адамның жүргенін көрдім. Шыны керек, біртүрлі болдым. Негізінде адам басынан өтпей ешнәрсені сезінбейді ғой.

Ал, бір айға жуық уақыт бұрын мен қайта ауырдым. Тіпті, алдыңғы ауырғанымда еш ауру белгілері байқалмаған болса, осы жолы, қиындау соқты. Бұл кезде ел ішінде науқастар саны күрт көбейіп, ахуалдың күрделеніп кеткен шағы болатын. Сынама тапсы­райын десем, мүмкіндік жоқ, зертханалар жабық болды. Сондықтан, үйде оқшауланып, «менен де қатты ауырған адамдарға көмек көрсетілсе екен, қатты ауырсам ғана шақырамын» деген ұстанымда болдым. Қазір тәуірмін.

 Тәңірберген ЗАЙДОЛЛА (ГЕРМАНИЯ, Дрезден):

«Талап болмай, тәртіп болмайды»

Индер ауданының Аққала ауылының тумасымын. Қазір Германияда магистратурада оқып жүрмін. Ойдағыдай өтіп жатқан оқуымыз, жалпы жоспарымызға коронавирус індеті өзгерістер енгізді.

10 наурыз күні көктемгі каникулда елге келдім. Ин­дерде ауруханаға карантинге жатқызылдым. Сол кезде ел ішінде «шетелден келген студент вирус алып келді» деген қауесет желдей есті. Алайда, менен қауіпті дерт анықталған жоқ. Карантиндік мерзімім аяқталған соң, үйде болдым. Кешікпей сабағымыз басталды. Онлайн оқыдық. Алайда, емтиханды жазбаша тапсыру туралы хабар келді. Оны орындамасам, тағы да 6 ай қосымша оқуым қажет болды. Сондықтан, 4 айға жуық уақыт үйде болып, Ал­маты, Түркия арқылы Дрез­денге қайта келдім.

Екі рет шекарадан өттім. Қолымда неміс визасы бар, барлық сұрақтарға жауап беріп, тексерістен өткен соң, кедергісіз жеттім. Қазір емтихандарға дайындалып жүрмін. Бүгінгі күні мында көп нысандар ашық, аса көп шектеу жоқ.

Ең бірінші, мойындау ке­рек, Германияның медици­насы бізден әлдеқайда алға дамып кеткен. Денсаулық сақтау саласы өте жоғары деңгейде, дәрі-дәрмектер өзінен шығады. Бұл жақта о рын б о лмай қ а л уы, медикаменттердің жетіспеуі сынды келеңсіздіктер орын алған жоқ. Ауырған адамдар саны бірнеше мың болған сәтте де бәрін қадағалауда ұстады.

Менталитеттері мүлдем өзгеше, немістер әуел бастан-ақ тәртіпті қатаң сақтайтын ұлт. Көшеде бетперде тақпай жүрген, әлеуметтік ара қашықтықты ұстанбай, шоғырланған топ­ты мүлде кезіктірмейсің. Адамдар өз қауіпсіздігі үшін қорғаныс шараларын қатаң ұстанады. Экономикаға елеулі зиян келтірмеу мақсатында ірі өндіріс орын­дары тоқтаған жоқ. Соның нәтижесінде елдегі ахуал тұрақты болды.

А л , б і з д е г і жағдай керісінше. Бәрін жауып тас- тады. Көп адамдар «вирус өзі кетеді» деген ойда бол­ды, кейбірі тіпті сенбеді. Соның салдарынан қазір елде күрделі ахуал орын алуда. Халықты да кінәлауға болмайды. Бұл күндердің де кетеріне сенемін.

 Аружан МҰХАМЕТЖАНҚЫЗЫ (ФРАНЦИЯ, Клермон Ферран):

 «Біз бәрін де жеңеміз!»

 Бүкіл әлемді алаңдатқан коронавирус індеті жаппай тарала бастаған алғашқы сәтте-ақ Франция басшысы Э.Макрон 17 наурыздан бас- тап, елде төтенше жағдай режимін енгізді. Түсінік жұмыстары тиянақты, саты­лай жүргізілді. Жан-жақты дайындық жұмыстарының нәтижесінде жалпыхалықтық дүрбелең орын алған жоқ. Өзін өзі оқшаулау, 1 метрлік арақашықтықты сақтау, қарапайым тазалық-сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттілігі түсіндіріліп, бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мек­теп, университеттердің жұмысы тоқтап, қашықтан оқу жүйесіне көштік. Жатақханада жатып, сабақ оқып, емтихан тапсырдық. Университет студенттер ту­ралы толық мағлұматтар ж и н а п , и н т е р н е т к е қолжетімділік, гаджеттермен қамтылуға жәрдемдесті.

Формуляр арқылы, яғни, қайда, қанша уақытқа шығып бара жатқаның туралы толық мәлімет жазылған арнайы құжат арқылы күніне 1 рет нақты себеппен үйден шығуға рұқсат берілді. Себепсіз сыртқа шыққандар үшін алғашқыда 135 еуро, екі апта ішінде тағы қайталанса, 200- 1500 еуро, бір айда 4 рет та­лап бұзса, 3750 еуро немесе 6 ай түрмеге қамау жазасы қолданылды. Студенттерге де онлайн құжаттар тапсыру арқылы арнайы жәрдемақы алу мүмкіндігі қарастырылды.

Қалалар қаңырап, адам, көлік легі әп-сәтте тыйылды. Қорғану шаралары барлық жерде қатаң сақталды. Франциядағы Қазақстан елшілігі төтенше жағдай енгізілген сәтте-ақ елге оралуға ниет білдіргендердің тізімін жасақтады. Алайда, мен ата-анаммен ақылдаса келе, оқу жылымды толық аяқтаған соң елге оралу тура­лы шешім қабылдадым.

Біздің университетте Қазақстаннан екі студент болдық. Қалғандары әлемнің әр түкпірінен. Көбі француз­дар. Испания, Англия, Шот­ландия, Ресей, Грузия, Арме­ния, Шешенстаннан достарым болды, бірге оқыдық. Жағдай қорқынышты әрі қиын болса да, бір-бірімізге моральдық тұрғыдан көмек беріп, ата- аналарымызбен байланысу, олардың қолдауы арқылы үрейге бой алдырмадық.

Ба р лық сын а қ т а р ды т а п с ы р ы п , с а б а қ аяқталған соң елшіліктің ұйымдастыруымен Париж – Амстердам – Атырау бағытымен жолға шықтық. Елшілік қызметкерлері бізді үйге жеткенге дейін қашықтан, онлайн бақылап, қолдау білдіріп отырды.

Ұшақта арнайы сарапта­ма алды. Оқшаулау орны­на жайғастырып, қажетті керек-жарақ, тамақпен қамтамасыз етті. Менің тал­дау қорытындыларым теріс нәтиже берген соң, үйге ке­туге рұқсат берді.

Е у р о п а д а ғ ы а х у а л ­ды көзбен көрген соң, елге оралғанда қорғану шараларының өз деңгейінде сақталмай жатқанын көріп, қатты қынжылдым. Франциядағы достарым қазіргі уақытта ол жақта қалыпты өмірдің біртіндеп оралып жатқанын айтуда. Қазақстанға алаңдаушылық танытқан олар «қалай, не болып жатыр?» деп жиі сұрайды. Мен «Біз де таяу уақыттарда жеңеміз!» деп үлкен сеніммен айтып жүрмін. Сол күнге тезірек жетсек екен!

 Жастардың түйінді ойы, тілегі бір. «Аурудан тез айығып, елде тыныштық, мамыражай өмір оралса екен». Лайым, сол күнге тезірек жетуге жазғай! Ал, әзірше жақынымызға жанашыр болайық!

Жазып алған: Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз