ЖАЗЫЛҒАН ЖАЙДЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Селолық округтің жер көлемі өте үлкен. Сол себепті, екі-үш дәрігер мен он шақты медбике күндіз-түні шауып, үлгере алмайды. Терапевт-дәрігер Майжан Сүйеуованың еңбекқорлығы мен біліктілігінің арқасында тұрғындар жандарына шипа тауып жүр. Осындай мамандарға жұмыс жасау үшін жағдай жасалса, олардың да жұмыс сапасы арта түсер еді.
Қалай десек те, біздің ардагерлердің бастары біріккенде айтатындары – халықтың жағдайы, жастардың болашағы. Көрініп тұрған кемшіліктерге көз жұмып қарау – бізге сын. Сондықтан, тиісті орындарға елдің мұң-мұқтажын жеткізуді өзімізге ағалық, әкелік парыз санаймыз.
Ардагерлер бөлмесі болса…
Облыстық «Атырау» газетінің үстіміздегі жылдың 11 қаңтарындағы №3 санында «Мұқырдың мұңын кім тыңдар?» деген тақырыпта мұқырлық бір топ ақсақалдың хаттары негізінде үлкен мақала жарық көрді. Мақалаға тұрғындардың көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелері төңірегіндегі жанайқайы арқау болған.
Шынымен де, талай басқосуларда айтылып, жауыр болған мәселелердің бірі — аурухана жайы. Талай есеп беру жиналыстарында, басқа да жиындарда айтылса да, бұл мәселе шешімін таппай келеді. Мақалада жазылған жайттар көптің көңілінен шығып, үміт отын қайта жандандырғандай болды.
Біздегі зейнеткерлердің ұзын саны бүгінгі күні 600-дей адамды құрайды. Бірақ, барлығымыздың басымызды қоса қоятын бір бөлме бұйырмай-ақ қойды. Ауданға қарасты ауылдардың барлығында да ардагерлер бөлмесі бар, ал, бізде жоқ. Бізде балалардың спортпен айналысатын үлкен ғимараты бар. Сол жерден бір бөлме берсе, біз үшін жарар еді.
Нақты іс күтеміз
Газет бетінде халық көкейінде жүрген мәселелер дер кезінде көтерілген. Бұл мәселелер әртүрлі жиналыстарда, депутаттармен болған кездесулерде сан мәрте айтылып жүрсе де, дәл осындай көтерілмеп еді. Ендігі мәселе – осы жағдайлар аяқсыз қалмаса екен деп тілейміз.
Менің де барлық өмірім осы жерде өтті. Бүгінгі күні көп бейнеттің зейнетін көріп отырған жайым бар. Сонда да болса туған ауылымыздың жақсарғанын қалап отырамын. Шешімін таппаған мәселенің көп екендігі газет бетінде жазылды. Сең қозғалды деп ойлаймын.Үміт оты бізге сенім ұялатады. Қарттардың бастамасын аяқсыз қалдырмай, дер кезінде үн қосқан сүйікті газетімізге алғысымыз шексіз.
Сөз бен істің бірлігі қымбат
Мұқыр селосының проблемалары бастан асып жатыр. Әсіресе, экологиялық жағдайы мәз емес. Бұл сонау одақ тұсында да көтерілген мәселе болатын.
Үйіміздің іргесінен 50 метр жерде қада қағылып, бұрғылау жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Жер қойнауы байлығының зерттелуі керектігін түсінеміз. Тек сол байлық айналаға зиянын тигізбей, заңдылықтарын сақтай отырып алынса, құба-құп.
Биылғы жылдан бастап округ әкімдері халық алдында тоқсан сайын есеп берсе, аудан әкімі алты ай сайын халықпен жүздеспек. Мұның өзі биліктің халыққа жақындай түсіп, халықтың жағдайын толығырақ білуіне септесері сөзсіз. Әкімдердің биылғы жылғы есебінде көп мәселелер шешіледі делінді. Лайым айтқан уәде орындалса игі. Осындай жақсы уәделердің бірі – бірер жыл бұрын село көшесіне 1,7 км. асфальт төселеді деген. Су жүйесінің үй-үйге жүргізілуі де сөз болған. Өкінішке орай, уәде соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Селоның экологиялық жағдайын ескерсек, дәрігерлік-амбулатория емес, 10-15 төсектік аурухана керек екені көрініп-ақ тұр. Бұл туралы талай жерлерде айтылып жүр. Бірақ, қорытынды аз. Парламенттегі халық қалаулыларын да ауылымыздан сирек көреміз.
Округтегі жұмыссыздық деңгейі әкімшілік есебіндегімен сәйкес келетіндігіне күмәнім бар. Бұл жағдайды қадағалау өз дәрежесінде емес. Жастардың жұмыссыздығы бұзақылыққа әкеліп соқтыратыны, өткен жылы ауыл жастарының атыс қаруын пайдаланып, бірін-бірі жарақаттағандықтары – соған дәлел.
Ауыл әкімі ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігін назарда ұстап, тұрғындар көтеріп жүрген мәселеге оң қабақ танытады деп үміттенеміз.