ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП…
Орталық тәрбиеленушілері көптеген республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Бұл біздің орталықтың жұмыс деңгейін және балалардың қабілеттіліктерін көрсетеді. Орталық оқушылары Халықаралық балаларды қорғау күніне де үлкен дайындықпен келіп отыр. Біз бұрын мерекелік шараларда шағын алаңдарда өнер көрсететінбіз. Осы жолы Махамбет-Исатай алаңында талантын ұштап жүрген жас өнерпаздарымыз ән айтып, би билеп, күмбірлете күй тартып, өз өнерлерін көрермендер алдында паш етеді. Әртүрлі спорттық ойындарға қатысып, флеш-моб ұйымдастырылады. Асфальтқа түрлі түсті борлармен сурет салып, көгілдір аспан көгіне шар ұшырып, мерекенің өн бойындағы шаралардың барлығында да біздің балаларымыз өнер көрсетеді. Біз барлық балаларды балалық шақтың мерекесін бірге тойлауға шақырамыз.
Орталықта жұмыс жаз бойы жалғастырылады. Жоғарыда атап өткен үйірмелер бойынша балалар өз жүрек қалауларымен бірнеше үйірмеге қатысуларына және қосымша білімдерін толықтыруларына болады. Сондай-ақ, мұражайларға саяхат жасау, «Ақ желкен» шығармашылық орталығының жұмысымен танысу, жүзу бассейндеріне бару сияқты көптеген жоспарларымыз бар. Біздің өнерпаздарымыз қалада өтетін мәдени шараларға жиі шақырту алады. Қазірдің өзінде Ғ.Сланов атындағы орталық кітапханада өтетін шараға шақырту алып, «Тұлпар» лагерінің ашылу салтанатына қатысқалы отырмыз.
Көгімізде сәбилердің күміс күлкілері еркін қалықтап, бақытты балалық шақтары тек қуаныш пен шаттыққа тола берсін!..
Айзада ТҮСІПҚАЛИЕВА,
мектептен тыс жұмыс орталығының директоры, Атырау қаласы.