«ЖАЙНАЙ БЕР, АТЫРАУЫМ!»
Күннен-күнге гүлденіп келетін Атырау қаласының көрікті жерлерін, әдемі ғимараттары мен зәулім үйлерін бейнелеген мектеп оқушыларының шығармалары бір-бірінен кем түскен жоқ. Байқау шарты бойынша аталған қоғамдық бірлестік мүшесі, сурет пәнінің мұғалімі Қайрат Қиматов әуесқой суретшілердің аяқ алысын, сурет салу шеберліктерін бағалады.
Жалпы, байқауға қатысқан қырық оқушы жарты сағат ішінде мольберт, бояу, қылқаламмен гүлденген мұнайлы астананы өз қиялдарымен бейнелеп шықты. Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының суретшісі Лаура Тілекбай шараға қатысып, қатысушылар мен көрермендер арасында бейнелеу өнері бойынша шеберлік сыныбын өткізді.
Байқау қорытындысында, І дәрежелі дипломға №32 орта мектебінің оқушысы Ақкүміс Қаржаубаева ие болды. ІІ дәрежелі дипломды №21 орта мектептің оқушысы Әлима Қайырова иеленсе, ІІІ дәрежелі диплом мектептен тыс жұмыс орталығынан қатысқан Аида Бисенбаеваға бұйырды. Қатысушылардың барлығы сертификаттармен марапатталды.
«Жас өрен» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайырғали Азиловтың айтуынша, алдағы уақытта осындай байқау қолөнер бұйымдарын жасайтын жас шеберлер арасында да өткізілмек.
Нұргүл НАСЫР.