ЖАУЫНГЕР ЖОЛЫ
Шындығында, неміс-фашистерімен қан майданда жаумен арпалысқан, бейбіт өмірде мұнай саласында еселі еңбек еткен Байбосын Атырауовтың өнегелі тағылымын, еңбек жолын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Алпыс жыл ғұмырлы өмір кешіп, артына Алма, Сәлима, Сатыбалды, Сәния, Самат және Асхат атты ұрпағын қалдырып, ұл-қыз өсірген Байбосын Атырауов 1914 жылы Мақат ауданы, Доссор селосында өмірге келген. Алайда, оны жетімдіктің ащы тағдыры күтіп тұрды. Ата-анасынан айырылған шақта Панақожа ағасы 10 жаста, ал Байбосын 6 жаста қалады. Жетімдіктің зарын ерте тартқан балаларды бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен әкесі Атыраудың інілері ешқайда тентіретпей өз қамқорлығына алып, бауырына басады. Жас кезінен зерек, ағалары Арал мен Тоғайдың тәрбиесінде өскен «құйма құлақ» атанған бала Байбосын еңбекке ерте араласады. Ес біліп, ел таныған сәттен бастап мал бағып, шөп шауып ағаларына қолқанат атанды. Кейін білімге деген құштарлығын байқаған ағасы Арал оны селодағы кәсіптік мектепке береді. Байбосын ағамыз 1931 жылы Доссор поселкесіндегі 7 кластық тау-кен мектебін бухалтер мамандығы бойынша бітіреді. Сол жылы Байшонас мұнай кәсіпшілігінің қаржы-есеп бөліміне жұмысқа орналасады. Байшонас – Ембінің ежелгі, Доссор мен Мақаттан кейінгі үшінші мұнай кәсіпшілігі, Атырау облысының Мақат ауданындағы мұнайшылар кенті. Мұнай кені 1931 жылдан бастап өндіріле бастаған аймақ.
Осы жерден Отан алдындағы борышын өтеуге (1936 жылдың қарашасынан 1939 жылдың желтоқсаны аралығында) шекара әскері қатарына шақырылып, радист болып қызметін атқарады. Кейін елге оралған Байбосын ағамыз Байшонас поселкесіндегі мұнай кәсіпшілігіне қайта оралып, бұрынғы есепшілік қызметіне кіріседі. Осында жүріп 1940 жылдың 25 шілдесі күні өмірлік серігі Қалиякперова Жеміспен қосылып, түтін түтетеді. Ол туралы ағамыздың немере інісі бүгінде 90 жасты еңсерген Темірғали Тоғайұлы: «Мен болашақ жеңгем Жеміспен бір сыныпта оқыдым, әрі оқуға зерек болдым. Көбіне ол менен есеп көшіріп алайыншы деп жалынатын, бірақ есеп түгілі, қара жазу жазған дәптерімнің сыртын да көрсетпейтін едім. Сөйтіп орталау мектепті аяқтадық қой. Бірақ ағамның Жеміске үйленуі мен үшін тосын оқиға болды. Оның болашақ «су сұрасам, сүт беретін» ақ жеңгем боларын білгенде барлық есебі түгілі, шығармасын да жазып беретін едім ғой» деп ағынан жарылды.
Ұлы Отан соғысы басталған сәтте Байбосын Атырауұлы өз еркімен арызданып, 1941 жылдың шілдесінде Төлеген мұнай кенішінен Отан қорғауға аттанады. Сол кезде Жапонияның Квантун армиясының елімізге басып кіруіне жол бермеуі үшін, Кеңес мемлекеті соғыс жылдарында Маньжуриямен шекарада 40 дивизия ұстап тұруға мәжбүр болды. Сол дивизия құрамындағы Қызыл Армия сапында болған ержүрек жауынгер Б.Атырауовта алғашында №80 жабдықтау станциясы батолон командирінің көмекшісі, 1942 маусымынан 1946 шілдесі аралығында №210 танк полкы командирінің материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі көмекшісі, радиобайланыс бөлімінің бастығы болып соғыс даласын жүріп өтеді. Ол Кеңес Одағының Маршалы Мерецков басшылық жасаған №1 Қиыршығыс майданы әскерлері құрамында Уссори өзенін кесіп өтіп, жапондардың қолындағы Хутоуский, Мишаньский, Пограниченский және Дуннинский аудандарын бұзып, жан баласының аяғы баспаған 500 шақырым жерді жаяу өтеді. Сөйтіп, Мишань, Гирин, Яньцзы, Харбин қалаларын милитаристік Жапонияның Кватун армиясынан тазартады. 1945 жылы 9 тамыз күні Қиыр Шығыстағы кеңес әскерлері мен Тынық мұхиты флоты жапон әскерлеріне қарсы соғыс қимылдарын бастайды. Квантун армиясы жанталаса қарсылық көрсетеді. Бірақ Қызыл Армия оларды тас-талқан етіп жеңеді, сөйтіп Маньчжурия мен Солтүстік Кореяның көп азап көрген халықтарын жапондардың тепкісінен азат етеді. Жапон үкіметі өзінің жеңілгендігін мойындап, 1945 жылы 2 қыркүйекте тізе бүгу туралы актіге қол қояды. Бұл күн адамзат тарихында екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған күн болып табылып, фашизмнің қара түнек күштерін талқандаған бостандықсүйгіш халықтардың зарығып күткен ұлы жеңісі орнады. Міне, сол сұрапыл соғыстың бас-аяғында Қызыл Армияның аға сержанты Байбосын Атырауов та болған еді. Сол кездегі қаһарлы күндердің белгісін алға тартқандай болған жауынгер атамыздың ұлы Асхаттың қолында сақталған әскери билетте осы деректер толығымен жазылған.
Қаһармандық ерлігі үшін Байбосын Атырауов бірнеше рет Алғыс хаттары мен медальдарға ие болады. Атап айтқанда, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны талқандаудағы жеңісі үшін», «Жапонияны талқандаудағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталды. Отты жылдарда жаумен арпалысқан ұрыстың алдыңғы шебінде жүргенде 1944 жылы ВКП(б) партиясы қатарына қабылданады. Осылардың ішінде ең қымбаттысы 1945 жылы 23 тамыз күнгі төмендегі Алғыс хат болатын: «Старший сержант Атрауов Байбусин Атрауович За отличные боевые действия, Вам – участнику боев с японцами на Дальнем Востоке в составе 1-го Дальневосточного фронта приказом №372 Верховного Главнокомандующего Генералиссимуса Советского Союза товарища Сталина – ОБЪЯЛЕНА БЛАГОДАРНОСТЬ».
1946 жылдың желтоқсанында бейбіт өмірге оралған Байбосын Атырауовтың ендігі өмірі Сағыз мұнай кәсіпшілігінде қаржы бөлімінде есепшілік қызметте жалғасады. Еліміз экономикасының локомотиві атанған Ембі мұнайын тонналап тиеп асқан пойыздар легінің есебін шығаруда бухгалтер Б.Атырауовтың да үлкен үлесі бар болатын. 1947 жылы 1 қазан күні Сағыз мұнай кәсіпшілігінде материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінде есепші, бөлім бастығы, 1950-1952 жылдары Доссор мұнай ремесло училищесінде директордың орынбасары (қазіргі мұнай-газ технологиясы колледжісі), 1953-1971 жылдар арасында Сағыз мұнай кәсіпшілігінің материалдық-техникалық жабдықтау инженері, коммунальдық шаруашылық қызметінің бастығы, 1971 жылдың 6 қыркүйегінен бастап өз өтініші бойынша Сағыз мұнай кәсіпшілігінің операторлығына ауысады. Осында жүріп кәсіпшіліктің бастауыш партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып, бірнеше рет халық депутаттары поселкелік кеңесінің депутаты болып сайланады. «СССР мұнай және газ өнеркәсібінің 100 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 20 жылдығы» мерекелік медальдарына ие болады. «Халқына қалаулы, еліне елеулі» атанған жауынгер әкенің өмір жолы осындай еді!
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.