Жарнама
Қоғам

ЖАТТЫҒУДА ШЫҢДАЛАДЫ ЖАС ҰЛАН…

 Алғашқы қадам, абыройлы белес

1953 жылы сол кездегі Гурьев қалалық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің №332 шешімімен баскетбол, жүзу және ескек есуді қамтыған спорт мектебін ашу қолға алынған болатын. Сөйтіп, 1954 жылдың желтоқсанында бұл жоба жүзеге асып, оған қаланың 100 оқушысы тартылды. Алғашқы мектеп директоры Николай Иванович Тен болды. Оның іскерлігі арқасында бұл спорт мектебі тез арада жоғары жетістіктерге жете бастады. Ілкі он жылдың ішінде гимнастика, стол теннисі, қол добы секциялары да ашылып, 1500 баланы қабылдауға мүмкіндік жасалды. Осы жылдардың өзінде жасөспірім спортшыларымыз республикалық азиялық, тіпті әлем чемпионаттарына да қатысты. Олардың ішінде В. Андреева, С.Мазлумян, С.Козонов, Қ.Әшетов және басқаларын бөле-жара айтуға болады. Бұлардың бәрі де – Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздіктері. Ал, А. Аралбаев, Қ.Табынбаев, Н.Дүйсенбаев, И.Мырғамбаев «ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушылары» атанды.

Cалауатты өмір салтын насихаттап, жас өскіндердің шыңдала түсуіне себепші болып жүргендердің қатарында ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбектері ескеріліп, ҚР Дене тәрбиесі мен спорт агенттігінің үздік қызметкерлері төс белгісімен марапатталғандар да жоқ емес. Олардың қатарында В.Андреева, Е.Жұбаналиев, С.Козонов, Қ.Қуановтар бар.

Шәкірт баулу – бір бақыт

Қашан да спорт – салауаттылықтың кепілі. Таэквондо сынды спорт түрін меңгеру өзін-өзі қорғауға, шалт қимылды, ширақ болуға шыңдаса, шахмат ойыны – ойлау деңгейін арттыратын, қиын да қызықты спорттың бір түрі. Алпыс жылдық тарихы бар мектеп қабырғасында әр сала бойынша жастарға үлгі боларлық мақтаулы жандар жетерлік. Мәселен, таэквондодан С.Сардарова мен Н.Тәжіғұлова, шахматтан Т.Ізмұхамбетов пен Ж.Аманов – «Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері», біздің мақтаныштарымыз.

Түлектің толайым табысқа кенелуі – мектеп абыройы, жаттықтырушы еңбегінің еленгені. Осы жылдар ішінде 90 спортшы ҚР Спорт шеберлері, 300-ден астам «спорт шеберлігіне үміткерлер» болса, 500-ге жуық жасөспірім разрядшылар мен 4000-ға жуық облыстық жарыстың жүлдегерлері мен жеңімпаздары әзірленіп, республика чемпионатында, әлемдік додаларда, бүкілқазақстандық спартакиада мен әлемдік супер кубоктарда да талай спортшыларымыз үкілеген үмітімізді ақтап, жүлделі орындардан көрінді.

 

Спортты серік еткен саңлақтар

Қазақстандықтардың орта жасын көтеру жайлы Елбасы ұдайы айтып келеді. Бұл сайып келгенде, тұтастай ұлттың даму көрсеткішінің жақсаруы мен тұрмыстық әлеуеттің артуына әсер ететіні белгілі. Ал, осыған барар бірден-бір жол – спортпен тұрақты түрде шұғылдану. Бұл күнде мектебіміздің он тобында 1500 оқушылар мен жасөспірімдер жаттығу жұмыстарына қатысып, тәрбиеленуде.

Еркін күрес 1970 жылдан жеке бөлімше болып ашылып, бірнеше буын танымал спортшыларды тәрбиелеп шығарды. Ал, 1984 жылдан бастап самбоға бейім жастардың біраз топтарын қалыптастырды. Осы ретте бұл күнде өмірден өтіп кеткен аға жаттықтырушы Қ.Табынбаевтың осынау спорт түріне тигізген септігі мен саланы аяғына тұрғызуда төккен тері туралы айтпай кетуге болмайды. Соңғы 25 жыл ішінде тәрбиеленген шәкірттер соның «шекпенінен шыққан». Ал, Қ.Табынбаев жаттықтырған А.Тайжанов – Қазақстан мен Қырғызстан спорт шебері атанған облыстағы жалғыз спортшы.

Дзюдо, грек-рим, қазақша күрес бөлімшелері де – танымал спортшыларды тәрбиелеген ұлағатты ұя. Аға жаттықтырушы Е.Зұлханов тәрбиелеген спортшылар үнемі алдыңғы сапта өнер көрсетсе, Н.Ыстыбаев – Еуропа чемпионы, Азия және әлем чемпионаттарының күміс, қола жүлдесін жеңіп алған облысқа ғана емес, күллі республикамызға танымал спортшы. 

Таяуда іргелі спорт мектебінің асқаралы алпыс жылдық мерейтойын атап өту мақсатында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлескен түрде «Атырау Барысы» сайысы ұйымдастырылды. Жанкүйерлердің делебесін қоздырған дүбірлі додада жергілікті спортшылар боз кілемде белдесіп, өз арасынан үздіктерді анықтаған болатын.

 

Дүбірлі дода дүлдүлдері

Айта кеткен жөн, таэквондоның атасы саналатын Мұстафа Өзтүрік ісін жалғастыру республика бойынша Атырау еншісіне тиген. Республикадағы үш жаттықтырушының бірі ретінде Дүниежүзілік чемпионатқа республика құрамасын бес жыл бойы дайындап келе жатқан аға жаттықтырушы Н.Дүйсембаев, жаттықтырушылар А.Қабдырахманов, А.Қасаев, Е.Алагөзовтердің тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде облыс таэквондошылары дүниежүзілік сайыстарға жолдама алып, өз біліктіліктерін байқатты. 

Спортты серік еткен оқушы не жасөспірім бос уақытын тиімді пайдаланумен қатар, салауаттылық салтын ұстану арқылы жат қылықтардан ада болады. Бұл да келер ұрпақ өмірінің жарқын, болашағының баянды болуының бірден-бір кепілі екені сөзсіз. Елбасының бұл бағыттағы тегеурінді саясаты мен жергілікті атқарушы биліктің оң көзқарасының нәтижесінде спорт саласы қарыштап дамуда. Бұқаралық спорт түрлері де белең алып, қарапайым халық үшін қолайлы спорттық алаңдар салынуда. Мұның барлығы жас өскіннің болашағының баянды болуы жолында жасалып отырған іс екені анық. Ал, икемділігі мен талабына қарай, арнаулы спорт мектептеріне бару – әркімнің өз қалауымен іске асатын қадам.

Өңіріміздегі шахмат өнерінің даму тарихы да тереңде. 1984 жылы С.Мазлумянның басқаруымен адамның логикалық ойлау қабілетін жетілдіретін тәрбие беру саласы қолға алынды. Облыстық шахмат федерациясының вице-президенті С.Ғайсин Атырау шахматшыларын ТМД елдерінде өтетін алқалы додаларға қатыстыруға көп еңбек сіңірсе, тоғызқұмалақ ойыны бойынша С.Болатов Алматыдан республикалық курстан өтіп, облысқа таратушылардың бірі ретінде бірнеше буын жастарды баулыды.

Ал, ең қиын спорт түрі саналатын ауыр атлетикадан да аз жетістікке жеткен жоқпыз. С.Мазлумян өз бастамасымен 1984 жылы біраз талапты жастарды төңірегіне жинап, бөлімшенің негізін қалады.

 

Білікті басшы – береке бастауы

Басшының өз саласын жетік меңгеруі мен жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің болуы көп олқылықтың орнын толтырады десек, спорт мектебіне 29 жыл қатарынан басшылық жасаған Ертілеу Жұбаналиев тұтастай бір ұрпақты тәрбиелеп, мектептің кең танымалдылыққа ие болуына, қажетті керек-жарақпен қамтылып, материалдық базасының нығая түсуіне себепші болды. Ал, одан кейінгі кезеңдерде басшылық тізгінді қолына алған, спортшылар отбасынан шыққан Бимырза Тайжанов бұл күнде директорлық қызметін абыроймен атқарып, өз жұмысын шығармашылық бағытта жаңа сатыға көтеріп келеді. Ал, оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасар лауазымын 1998 жылдан бері мінсіз атқарып келе жатқан Л.Құлбаева заман талабына сай жұмыс жасап, ұдайы біліктілігін арттырып келе жатқан маман ретінде сыйлы.

Қашан да білікті кадрлар әр істің алға басуына септігін тигізетін негізгі фактор екені сөзсіз. Бұл ретте мектепте жұмыс жасайтын 52 жаттықтырушы мұғалімдердің тоғызы – жоғары санатты, оны – бірінші санатты, 15-і — екінші санатты екенін айта кеткеніміз жөн болар.

Міне, алпыс жылдық тарихы бар мектептің ұжымы
            бүгінгі күнге осындай толайым табыстармен жетіп отыр. Біз бағындырар асулар әлі алда. Сондықтан, еңбектеріңіз жанып, шәкірт тәрбиелеу ісіндегі қажырлы қызметтеріңізге жаңа жеңістер тілейміз.

Жақсылық АҚБАЛОВ,

балалар мен жасөспірімдер спорт

мектебінің тоғызқұмалақ жаттықтырушысы.

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button