ЖАТ АҒЫМҒА АЛДАНБА!
Сөз тізгінін алған Атырау облыстық дін істері департаментінің бас маманы Алмас Пірназаров облыс бойынша бүгінде үш-төрт теолог аудандарда, мешіттерде болып, дәріс беруде екендігін, дін тақырыбында сабақ беретін ұстаздар арнайы кітаптармен қамтамасыз етіліп отырғандығын қаперге берді.
Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Еркебұлан Қарағұловтың айтуынша, басты мақсат — Жем бойын жайлаған жұртшылыққа дұрыс діни ақпаратты жеткізу. Үкіметіміз еліміздің ынтымағы, ауызбіршілігі мықты болуын жиі айтады. Ислам діні де соны насихаттайды. Құранда, аятта: «бір болыңдар, бөлінбеңдер» дейді. Ал, Мұхаммед пайғамбар «Кімде-кім маған бағынса, ол Алла тағалаға да бағынғаны, кімде-кім маған бассыздықпен бас көтерсе, ол Алла тағалаға да бас көтергені» деп шегелейді.
Әйтсе де, аңғырт, әлжуаз жас, тағдыр тауқыметі мен қиындықтың шырмауында жүргендер жалған ағымдағылардың «Мемлекеттің заңын қайтесің, Алланың, мұсылмандардың заңымен жүру керек» дегеніне тез арандап қалғанын өзі де байқамай қалады. Сондықтан, — дейді наиб имам, — осындай сын сәтте қорықпай, батыл түрде: «Мен ата-бабам, өзім өсіп-өнген мемлекетімде тұрамын, сол мемлекеттің ғана заңына бағынамын» деуің керек. Келешек өмір, жастар, Сіздердің қолдарыңызда!
Тәжірибе, зерттеу-сараптамалар көрсетіп отырғанындай, жас жеткіншектерді бағытынан жаңылдырып, теріс жолға түсіріп отырғандар — негізінен, уахаббизм ілімін ұстанғандар.
Дінтанушы, теолог Ерғали Алпысбаев дін өте қиын, күрделі мәселе екендігіне тоқталды. Өйткені, адамдарды діннен қашыратын, ыдыратуға күш салатын теріс ағымдар бар, ал шынтуайтында, діннің өзі – ел-қауымды біріктіретін күш. Діннің құндылығы – ақиқатты, өмірдің шынайы шындығын айта білуінде. Пайғамбарымыз өте жұмсақ адам болған, дауыс көтермеген. Парасаттылығымен, ақыл-ойымен ислам діні жолында халықты келешекке жетелеп отырған.
Бүгінде дінді ыдыратушы жат ағымдар белең алып тұрғаны жасырын емес. Сондықтан, діни сауаттылықты арттыру керек. Діни мұқтаждық, әсіресе, басына қиындық туғандарға тән екені белгілі болып отыр. Егер олар бірден дұрыс бағыт ұстанса – қасиет, ал, теріс ағымға еріп кетсе – қасірет. «Балағың тобықтан төмен болса, тозаққа барасың» деген уағызға еретіндер тек қана сауатсыздар екені даусыз.
Құран: «Кезіңдер жер бетін, Алланың құдіретін көріңдер» дейді. Дін негізін әуелі мұсылмандар салған, сосын Еуропаға тараған. Сондықтан, «Ислам діні – хақ дін» екендігін әрдайым айтып жүруіміз керек. Бірліктен, ынтымақтан ажырамайыұ. Құранның Құрайыш сүресінде: «Қауіп-қатерден аман қыл, аштықтан арылтып, тұрақтылық бер» дейді. Қашанда қанағат керек. Қанағаты бар адамның тұрмысы тыныш.
Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз, көп ұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған» деп атап көрсетті. Демек, біздің ұстанымымыздағы осы бағытты негізге алып отырған ислам діні — хақ дін! Діни мамандар мен жас жеткіншектердің кездесуінде төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Нұрадин Өмірбаев қорытынды сөзінде осылай тұжырым жасады.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.