Жарнама
Қоғам

«ЖАСЫЛ ОРАҚТЫҢ» ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?


17 бригада жұмыс жасауда

Мәселен, Жайық бойын жайлаған Махамбет ауданындағы ахуалды  таразылап көрсек, мұнда 2014-2015 жылдардың қысқы кезеңінде жалпы саны 23900-ден астам мал басы қыстаққа түседі, оған қажетті азық көлемі 47810 тоннаны құрайды. Өткен жылдан қалған 1480 тоннадай пішеннің барын есепке алғанның өзінде 46300 тоннаның үстінде жемшөп әзірленуі тиіс.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайреден Наубаевтың айтуынша, алдыңғы жылдардағыдай емес, үстіміздегі жылы ылғалдың тапшылығынан, жауын-шашынның аздығынан малға керекті пішенді толығымен ауданның өз аумағынан дайындап алудың мүмкіндіктері болмай тұрғанға ұқсайды. Содан да шығар, Қызылқоға, Индер, көршілес Батыс Қазақстан облысының Жаңақала аудандарының жерлерінен дайындалып, тайланып, алыстан жеткізілген шөптің бір байламы (рулоны) жергілікті тұрғындарға 4500-5000 теңгеге сатылуда.

-Әрине, мұны місе тұтып, қол қусырып, қарап қалған да жайымыз жоқ,-дейді салалық бөлім басшысы. Қолдағы бар күшімізді жұмылдырып, өз өңірімізден де тірлік қылуға талпынудамыз. Аудандағы селолық округтерден ұйымдастырылған 17 механикаландырылған бригада 1390 гектарды қамтитын көлтабанды алқаптардан, 3000 гектар көлемдегі табиғи шабындықтан және 995 гектарға егілген біржылдық жүгері мен көпжылдық жоңышқа егістігінен қыстық мал азығын әзірлеудің қамына кіріскен. Бұдан бөлек, жылдағыша алдағы тамыз, қыркүйек айларында пісіп-жетілетін қырлықтағы жантақ, т.б. шөптерді де ауыл тұрғындары мен жекелеген шаруагерлер өз күштерімен шауып алу үрдісін жалғастырмақ. Осылайша, күні бүгінге ауылдықтар өткен қыстан қалғанынан басқа 2715 тонна шамасында мал азығының әзірленуін қамтамасыз етіп үлгерген.

Білгеніміздей, қыстаққа түсетін малға 4710 тонна құрама жем қажетсінсе, ол шаруаның да шешімін табу үшін шаруашылық құрылымдарының басшылары мен селолық округтердің әкімдері Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарындағы ауыл кәсіпкерлерімен өзара шарт жасасып, шөпті арзандау бәсіне сатып алуға келісіп қойған. Статистикалық дерекке сүйенсек, осы уақытқа дейін махамбеттіктер малға қажетті азықтың 25,27 пайызын дайындап үлгерген.

Ерінбеген бәрін де жеңеді

Әңгімемізге арқау болып отырған «Жасыл орақ» науқанын табиғи су көздері тапшы, табиғаты қатаң боп келетін исатайлықтардың да үлкен қиындықтармен өткізіп жатқандығын аңғардық. Бұлар да малға керекті пішенді өз жерінде дайындаудан гөрі көршілерінен сатып алуға дағдыланған.

Десек те,  жылдар бойы осы салада жинақтаған тәжірибесін, қолындағы барын салып, тырысып жатқандарының да жоқ еместігін аңғардық. Солардың бірі еңбек ардагері, майталман механизатор, ауылдастарының мақтанышы, Исатай ауданының Құрметті азаматы, Жанбай селосының тұрғыны Қадыржан Мағазов екенін естігенімізде, іштей риза болып қалдық.

— «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, Қадекең ауылға жеткізілген бір мәшине пішенді 33 мың теңгеден сатса, қызмет көрсеткені үшін көршісіне 2000 теңгеден (әр рейсіне) еңбекақы төлейді. Қырлық болғасын жерде шөбі де ала-құла (бір жағы қамыстау, бір жағы қоғалау дегендей) боп келеді ғой. Мұның  шалғыға  оңайлықпен іліге қоймасы да кәміл. Бұлар болса соның бәрінің ебін тауып, қалайда алған беттерінен қайтпауға бекінген,- дейді ауыл әкімінің міндетін атқарушы Адайбек Есекеш.

Бір қожалықтан — 600 тонна

«Жасыл орақты» ойдағыдай өткеріп жатқандардың қатарында құрманғазылықтарды да атауға болар еді. Қиғаш бойын қоныстанған аудан шаруагерлері арасынан бұл істе белсенді іс-қимылымен көрініп жүргендердің бірі Серік Алғаязовтың (Нұржау селолық округінен) жетекшілігіндегі шаруа қожалығы болып шықты. Науқан басталғалы осындағы «Қара қамыс» телімінен 600 тоннадай пішен дайындап үлгерген ағайынды жігіттердің қазіргі қарқыны жақсы. Жалпы алғанда, Құрманғазы ауданында қысқа қажетті мал азығының көлемі 139,4 мың тоннаны (оның ішінде 132,1 мың тоннасы жеке сектордың, 7,3 мың тоннасы шаруашылық құрылымдарының күшімен әзірленеді) құраса, күні бүгінге бұл меже 27,3 пайызға орындалған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметтерге қарағанда, өңірлер арасынан қазірде ең алда келе жатқаны — Жылыой ауданы болып отыр. Мұнда қажеттісі 53,5 мың тонна (дені, яғни 50,9 мың тоннасы жеке секторға, қалған 2,6 мың тоннасы серіктестіктер мен өндірістік кооперативтерге тиесілі) болса, дайындалғаны – 35,46 пайыз. Сол сияқты, Атырау қаласы бойынша бұл көрсеткіш — 35,71, Мақат ауданында 25,53 пайыз көлемінде екендігін білдік.

Қиындықтар да жоқ емес

Айрықшалап айтарымыз, жылма-жыл ауыл шаруашылығындағы осынау маңызды да жауапты науқанды табысты, ұйымшылдықпен өткізу дәс-түрін берік ұстанған қызылқоғалықтар кезекті маусымда да сол дағдысынан жаңылмауды мақсат тұтқан-ды. Барлығы 135, 9 мың тонна көлемінде сапалы мал азығын дайындауды және де қыстық шөпті негізінен ауданның өз аумағынан шабуды межелеген-ді. Өкінішке орай, күннің аптап ыстығы мен құрғақшылықтың салдарынан жиі-жиі өріс алған жазғы дала өрттері жекелеген шаруашылық құрылымдары мен шаруагерлердің дайындап қойған пішендерінің, сондай-ақ қолдағы техникаларының өртеніп кетіп, еңбектерінің зая кетуіне себепші болуда. Мысал келтірсек, Мұқыр селолық округіне қарасты «Сары-құмақ» шаруа қожалығында (жетекшісі Алшын Омаров) әзірленген 2000 данадан астам рулон (тайланып, байланған шөп) солайымен отқа шарпылса, пішенші-механизаторлардың дала қосыны (вагон-үйшік) мен екі бірдей шөп шабатын агрегат («КТП-6,3» орағы) өртеніп кетіп, істен шыққан. Бір мұнымен шектелмей, соңғы бір айда бірнеше мәрте бас көтерген тілсіз жау басқа да шаруа қожалықтары мен құрылымдардың «жасыл орақты» нәтижелі өткізуіне кері әсерін тигізіп, кедергі келтіруде.

Қамшылайтын кез келді

Қорыта айтқанда, облыс бойынша қысқа керекті мал азығының межесі 554,9 мың тонна көлемінде белгіленген. Осының 531,4 мың тоннасы жеке сектор және шаруа қожалықтарының күшімен әзірленсе, 23,5 мың тоннасын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, өндірістік кооперативтер қамтиды деп есептелінуде. Былтырғы жылдан қалған 41,7 мың тонна пішенді есепке алғанның өзінде әзірге даярланған шөп қажетті көлемнің 24,72 пайызымен ғана шектелуде. Оның үстіне, облыс орталығы мен аудандарында келтіріліп отырған көрсеткіштердің 2013 жылдың сәйкесті кезеңіндегіден көп төмен екендігін байқадық.

Міне, шілде айы да аяқталып, тамыз басталмақшы. Қалыптасқан үрдіс бойынша бұл – шаруаны нағыз ширатып, қамшылайтын кезең. Ендігі жерде қолайлы мүмкіндікті қалт жібермей, бар күшті ортақ мүдде жолына жұмылдыру керектігін естен шығармағанымыз абзал.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button