КЕМЕҢГЕРЛІККЕ КУӘ БОЛДЫҚ

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ағымдағы жылғы 7 маусым күнгі зейнеткерлік реформаға байланысты үндеуі елде бүкілхалықтық оң көзқарас туғызды.
Оған дейін жалпы жұртшылық арасында осы сұрақтар төңірегінде өте көп және алуан түрлі пікірлер туды. Оған шындығын айтсақ, нақтылы жауаптар да табылмады. Халық арасында таралған алып-қашпа сөздер жұртты абдыратып тастады. Көпшілік нақтылы әрі терең, сауатты және көреген түсініктемелер күтті. Сол күтуші көптің ішінде мен сияқты зейнет жасына жеткен қаншама еңбек адамдары болды десеңізші?! Әрине, қоғамның күрделенген әлеуметтік мәселелерін шешуде маңызды өзгерістер керек. Оны түсінеміз. Соның ішінде бүкіл ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұстаздар үшін де бұл жағдай жақсы таныс. Осы мәселені, яғни реформа керектігін түсіну және оны халыққа түсіндіру - зиялы қауымның, яғни біздің де міндетіміз.

Елбасымыз өз сөзінде: «Бұл заң жобасы – қатардағы заң актілерінің бірі емес, халықтың болашақ әлеуметтік-тұрмыстық жайлы өмірінің және ұлттық зейнеткерлік жүйенің тиімділігінің кепілдемесі»,- деп, айқын да сенімді түсіндіріп берді. Сондай-ақ көптеген елдерде мұндай жобалар экономикалық- саяси дағдарыстар шегіне жеткен кезде жүзеге асырылып жатқанын, ал, бізде дағдарыстың алдын алатын, халықтың болашағы үшін тиімді жобалар жасалатынын да терең жеткізді. Азаматтардың зейнеткерлік салымы қорлардың өзі үшін пайда табу көзі емес, әр қазақстандықтың демалу жасына жеткендегі қауіпсіз және тоқшылық өмірінің негізі болуға тиістілігін айтып, халықтың көкейіндегі ең басты тілегін дөп басып атады. 
Атыраудың ұстаздар қауымы Елбасының көрегендік шешімін қолдайды және көпшілікке оны түсіндіру жұмыстарына да атсалысады.

Ұлмерек ЖӘЛЕЛ,
облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинет маманы,
ҚР білім беру ісінің үздігі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз