«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА» БАСТАР ЖОЛ
Онда алдымен тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен, газбен және ауыз сумен қамтуда, өзге де коммуналдық қызметтерді көрсетуде, сонымен қатар көшелерді жарықтандыру мен құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында энерготиімділіктің экономикалық және экологиялық артықшылықтары жайында кеңінен әңгімеленді. Осы мақсатта неғұрлым жетілдірілген заманауи технологияларды қолданысқа енгізу, жаңа құрылыс нысандары мен ғимараттарын салуда санитарлық-нормативтік ережелер мен техникалық талаптардың, ең бастысы, қауіпсіздіктің сақталуы қажеттігіне көңіл бөлінді. Осы тұрғыда шараға қатысушылардың назарына тақырыптық дәрістер мен пайдалы ақпараттар, қызықты мәліметтер ұсынылды.
Айтылып отырған салаға қатысты тың жаңалықтар мен бастамаларды көпшілікке жеткізіп, жария қылып отыруда БАҚ-тарға, соның ішінде қазіргі заманғы медиа құралдары мен технологияларына да ауқымды міндеттер жүктелетіндігі мәлім. Сол себепті де оларды толыққанды меңгеріп, сауаттылықпен пайдалана білудің маңызы зор.
Осыны ескерген ұйымдастырушылар семинар аясында жергілікті журналистерге арнап тренинг өткізді. БҰҰ-ның даму бағдарламасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ұсынылған бұл тақырыпты осы салада тәжірибесі мол дәріскерлердің бірі, белгілі блогер, Вайоминг университетінің (АҚШ) магистрі Асхат Еркімбай тарқатты. «Жасыл экономикаға» бастар бірден-бір жол болып табылатын энерготиімділік мәселесі төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Тыңдаушы әріптестерін де ұсыныс-пікірлерін білдіруге, еркін де ашық әңгімелесуге шақырды.
Осылайша, қандай мәселенің де, соның ішінде бүгінгі басқосудың басты тақырыбына айналып отырған энергияны үнемдеу, тиімділігіне қол жеткізу тақырыбына қатысты да ақпарат беріп, хабар таратудың жолдарымен таныстырды. Нақтырақ айтқанда, қажетті ақпаратты немесе жаңалықты объектіні визуальды көріп, байқап, ойлап барып жеткізудің ерекшеліктеріне тоқталды. Ол үшін бұрыннан қолданыста бар дәстүрлі медиа құралдарынан гөрі мейлінше жетілдірілген, жаңа да заманауи түрлерін пайдаланудың дұрыстығын алға тартты. Бірақ, қанша жеделдетілгенімен мұнда да жарияға берілетін материал (хабар, репортаж, мәлімдеме, т.б.) алдымен жан-жақты зерттеледі. Содан соң сараланып, жазылады, таспаға түсіріледі. Бұдан кейін өңделіп, жариялауға ұсынылады, әлеуметтік желілерге енгізіледі. Келесі кезекте осы енгізілген медиаматериал желідегі басқа да мекен-жайларға жүктеліп, кіріктіріліп, аудиторияның кеңейіп, ақпаратты пайдаланушылардың көбеюіне жол ашылады.
Осыларды мұқият тыңдап, біраз мағлұмат алған журналистер соңынан өздері де бірнеше топқа бөлініп, тәлімгердің тарапынан берілген тапсырмаларды орындап, тақырыпты қаншалықты меңгергендіктерін, мультимедиялық құралдармен жұмыс жасай білу мүмкіндіктері мен қабілеттіліктерін аңғартты. Басқа кез-келген тақырыпқа байланысты да алған дағдыларын дамытып, көрген-білгендері мен көңілге түйгендерін кәдеге жаратып, қай істе де бастамашылдық танытуға әзір, жаңалықты жатсынбауға ниетті екендіктерін байқатты.
Тұтастай алғанда, тренингтің жоғары динамикалық деңгейде, креативті формада, өзара түсіністік пен әріптестік ынтымақтастық ахуалында, шығармашылық атмосферада өткендігін айтқанымыз жөн.
Дәулетқали АРУЕВ.