«Жасыл елдің» жігерлі жастары
Елдің болашағы жастардың қолында екенін Елбасы әркез айтып жүр. Сондықтан, оларды тұрақты жұмыспен және баспанамен қамту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Әсіресе, біріншісін іске асыру үшін «Жасыл ел» жасағы құрылған болатын. Бүгінде аталмыш ұйым белсенді жандардың басын біріктіріп, жемісті жұмыс жасап келеді. Онда атыраулық студенттердің де үлесі бар.
Мақсат – айналаны абаттандыру
Расымен де, осынау жан-жақты дамыған өркениетті заманда жастарға жұмыссыз жүрген жараспайды. Өйткені, адам бойындағы қажыр-қайрат пен күш-жігер нақ осы жастық шақта танылады емес пе? Мұны «Жасыл ел» жасағының Атыраудағы штаб басшысы Абылай Мырзахметов те мойындайды.
– Жастардың еңбек жасағы 2005 жылы Елбасының бастамасымен жүзеге аса бастады. Бүгінде облыс бойынша «жасылелдіктер» қатары екі мыңнан асты. Әлеуметтік желіге жұмысқа қабылдау жөнінде жарияланған сәтте штаб бөліміне жүздеген жас хабарласты. Алғашқы аптаның өзінде 600 студент тіркелді.
Жалпы, еңбек маусымы бес айға созылады. Демек, маусым айынан қазанға дейін еңбек етуге мүмкіндік бар. Тамызда көгалдандыру, ал, қыркүйекте тал егу акциялары басталады. Еңбек етемін деген жастарға облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен жастар ресурстық орталықтары қолдау білдіруге дайын, — дейді ол.
Статистикаға сүйенсек, аймақтағы жеті ауданға 200 сарбаздан келеді екен. Ал, қалған 600-ден астамы облыс орталығынан қамтылған. Негізгі жұмыс – туған өлкені көгалдандырып, айналаны абаттандыру. Екіншіден, жазғы демалысқа шыққан жастарды жұмыспен қамту. Осылайша, оларды отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа баулу.
Құрылысқа неге құлықсыз?
Бір өкініштісі, осыған дейін жұмыс істеп келген еңбек жасақтарынан бүгінде тек екеуі ғана қалып отыр. Оның бірі – көгалдандыру, екіншісі – археологиялық жасақ. Екінші бағыт бойынша жастар Сарайшық пен Қарабау елді мекендеріне барып, зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Ал, педагогикалық, ауылшаруашылық және басқа да жасақтардың жабылғаны белгілі болып отыр. Былтыр қолға алынған «Жас агро» деп аталатын жаңа жоба биыл жастар тарапынан қолдау таппай отыр.
Мұның мынадай себебі бар. Өйткені, мұғалім мамандығында оқып жатқан студенттер ауыл мектептеріне барып, іс-тәжірибе жинақтауға құлық танытпайды екен. Сонда, қазірден адал еңбек етіп, табыс табудан қашатын олар ертең шәкірттеріне не үйретпек? Дәл сол сияқты, құрылыс жасағының да жолы болмай отыр. Ниет білдірушілер табылмаған соң, жасақ жұмысын тоқтатқан.
Мәселенің екінші жағы бар. Мәселен, құрылыс жасағын жандандыруға жергілікті мекемелер өз үлестерін қосуы керек. Өйткені, жастарға жұмыс беретін – солар. Аймақтағы алып құрылыс компаниялары тым құрығанда елуге жуық жасқа жұмыс тауып бере алмайды дегенге сену қиын.
Жұмыс берушімен келісім-шарт жасалған
«Жасылелдіктер» жұмысын «Ретросаябақта» бастады. Қазір мұнда жасыл форма киген жастардың қарасы көп. Бірі ағаштардың түбін қопсытса, өзгелері су құбырларын сырлауда. Арасында үзіліс жасап, жігіттер жағы гитарамен ән салса, қыздар да оларға қосылып қояды. Жастардың рухын көтеріп, белсенділігін ояту үшін түрлі қызықты ойындар мен шаралар ұйымдастырылады екен.
Ал, тағы бірі гүлзардағы арамшөптерді жұлып жүр. Әйтеуір, жұмыс қайнап жатыр. Бұл аумақты көгалдандыруға және көшеттерді күтуге жауапты – «Арнаулы автобаза» мекемесі. Демек, жастарға жұмыс беріп отыр. Мекеме басшылығы қажетті құрал-сайманның бәрін алдын-ала сайлап қойыпты. Әр жастың нақты немен айналысып жатқанын қадағалауға алған.
Бір ескеретін жайт, мамандар «жасылелдік» сарбаздарды сенбілік жұмыстарға ретсіз салып қоюға болмайтынын айтады. Олардың белгіленген өз міндеттері бар, соны ғана атқаруы тиіс. Бұл бағытта жұмыс беруші тараппен арнайы келісім-шарт жасалған. Сонда бәрі де егжей-тегжейлі баяндалған. Айталық, облыстық аурухана сол жердің айналасын ғана тазартуға не көгалдандыруға тапсырыс береді.
Жағымды жаңалық көп
Биылғы «Жасыл ел» жасағына қатысты жағымды жаңалықтар көп. Соның бірі – жалақы көлемінің артқандығы. Мұны Атырау қаласының жастар ресурстық орталығының өкілі Аида Базарбаева да қуаттайды.
– Бұрын 30-35 мың теңгеден тиетін. Жастар енді 61 мың теңге, одан салықтық алымдарды шегергенде 55 мың теңгені қолдарына алады. Сондықтан болса керек, тіркелуге таласып жатқандар көп. Екіншіден, ұйым логотипі мен киім формасы түбегейлі жаңарған.
– Кәмелеттік жасқа толғандар сағат таңғы тоғыз бен кешкі алтыға дейін, ал, жасөспірімдер күніне жеті сағат жұмыс жасайды. Сонда аптасына – 36 сағат. Бірақ, жалақылары бірдей. Түскі уақыт бөлек қарастырылған. Бәрі де Еңбек кодексіне негізделген, — дейді «Жас Отан» жастар қанаты Атырау қалалық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ