«ҚазМұнайГаз»: САЛАМАТТЫ ӨМІР САЛТЫНА ҚАРАЙ ҚАДАМ

Қызылорда қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еңбек ұжымы қызметкерлерінің арасында үш күнге созылған ІІІ спартакиада аяқталды.

Жарыстың түрі жөнінен де, оған қатысушылардың көлемі жағынан да қызықты өткен мұндай спорттық мерекені қызылордалықтардың көрмегелі көп болған. Басты идеясы – спортты насихаттау, компанияның имиджі мен «ҚазМұнайГаз» АҚ компаниясы қызметкерлері арасындағы достық қарым-қатынасты арттыруға арналған корпоративтік жарыс үшінші жыл өтіп отыр. Жыл өткен сайын оған қатысушылар мен жанкүйерлердің саны арту үстінде.

Спорттық мерекелік жарысқа қатысушыларды лэд-экраннан ауыр атлетикадан әлемнің үш дүркін чемпионы, екі Олимпиада жеңімпазы Илья Ильин құттықтады.

Спартакиадада «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ (Астана), «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС (Қызылорда), «ӨзенМұнайГаз» АҚ (Жаңаөзен), «Қаражанбасмұнай» АҚ (Ақтау), «ЭмбаМұнайГаз» АҚ (Атырау), «Технологиялық көлікті басқару және ұңғымаларға қызмет көрсету» ЖШС (Ақтау) командалары және ЕТҰ (еншілес және тәуелді ұйымдар) құрама командасы (Жаңаөзен қаласы) бақ сынады. Бірінші спартакиада 2012 жылы Астана қаласында болып өткені белгілі. Екінші спартакиада 2013 жылы Жаңаөзен қаласында болды. Екі жыл қатарынан жүлделі бірінші орындарды «ӨзенМұнайГаз» АҚ командасы иемденді. «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС екі жыл қатарынан спартакиаданың қола жүлдегері атанды.

Спартакиада спорттың 11 түрінен өткізіліп келеді. Сайысқа қатысушылар жеңіл атлетикалық эстафета (4х100м), арқан тартыс, үстел теннисі, волейбол, 70, 85 және 85 келіден жоғары салмақта қазақ күресі, мини-футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, суда жүзу, үлкен теннис, шахматтан бақ сынады. Сыр өңірінің бас шаһарында барлығы 300-ге жуық мұнай саласында қызмет етіп жүрген спортшылар бас қосты. Жарыс қыркүйектің 25 жұлдызына дейін жалғасын тауып, жеңімпаздар анықталды.

Алғашқы күні түс ауа «Байқоңыр» бизнес орталығында Ұйымдастыру комитеті мен Төрешілер алқасының отырысы, сондай-ақ, спорт түрлерінен жеребе салу рәсімі болды. Әрине, тартысты өткен бәсеке барысында жарыс көрігін қыздырғандар көп болды.

Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда жеңіл атлетика мен арқан тартыстан жарыс өтті. Қаланың орталық алаңында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС бас директоры Медет Кәрім және бас директордың бірінші орынбасары Юй Чжицин мырзаның қатысуымен спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Еңбек ұжымдары арасындағы жарысқа қатысушыларға арналған жарыстың ашылу салтанатында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жарысқа қатысушыларға сәт сапар айтып, өз тілегін жеткізді.

– Мемлекет басшысы елімізде бұқаралық спортты дамытуға барлық уақытта айрықша көңіл бөліп келеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес біздің облысымызда да спортты дамытуға барынша қолдау жасалуда. Аймақта жаңа спорт нысандары салынып, спорт мектептері көптеп бой көтеруде. Облыстың, сонымен қатар, республика экономикасының дамуына ғана емес, спорттың да өркендеуіне үлес қосып отырған мұнай компанияларының рөлі бұл ретте маңызды. Аталған спорт сайысында тек мықтылар жеңіске жетсін!

Мұнан соң «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов, аталған компанияның еншілес кәсіпорны болып табылатын жергілікті «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС бас директоры Медет Кәрім дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан спартакиаданың табысты өтуіне тілектестіктерін жеткізіп, ұжым қызметкерлерін спорттық шараның ашылуымен құттықтады.

Кәрім Медет Сәпиұлы, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-нің бас директоры:

– «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС атынан сіздерді қарсы алуға және «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның 10 жылдық мерейтойы қарсаңында Сырдың берекелі жерінде өтіп жатқан «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері арасындағы ІІІ спартакиаданың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.

Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн деп санаймын! «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның онжылдығы қарсаңында біздің шаһарымыз жыл сайынғы ІІІ спартакиаданы қабылдап жатқаны – біз үшін үлкен қуаныш! Ақтаудан, Жаңаөзеннен, Атыраудан, Астанадан ат терлетіп келген мұнайшылар қауымы, келген қадамдарыңыз құтты болсын!

Сіздердің ерік-күштеріңіз бен табандылықтарыңызға таңғалуға болады, себебі, мұнайшының ісі оңай шаруа емес екендігі барлығымызға мәлім. Ал, Сіздер, құрметті әріптестер, осы мамандықты игере отырып, еліміздің жарқын болашағы үшін жемісті қызмет етіп қана қоймай, арасында спортпен де айналысуға, жарыстарға қатысуға, спорттағы жаңа биік белестерді бағындыруға уақыт табасыздар! Сол үшін бүгінгі мейрам, ең алдымен, сіздердің құрметтеріңізге, қымбатты әріптестер!

Қадірлі қала тұрғындары мен қонақтары, бізге осындай үлкен спорт мерекесін тамашалауға, сондай-ақ жарыс барысында жарқын жекпе-жектердің куәгерлері болуға мүмкіндік туып отыр. Қаламыздың осындай үлкен мәртебеге ие болып отырғандығы баршаңызға құтты болсын!

Осы мерекені ұйымдастыруда қол ұшын берген облыс әкімі Көшербаев Қырымбек Елеуұлына, Қызылорда қаласының әкімдігіне, Нұрсейітов Абат Ақмұқанұлы бастаған «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ басшылығына алғыс білдіремін.

«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері арасындағы ІІІ Спартакиаданың ашылуымен тағы бір рет құттықтай отырып, қала тұрғындары мен қонақтарына бүгінгі мерекелі кештен жақсы әсер алуға, ал, қатысушыларға сәттілік, жігер, әділ әрі есте қаларлық сайыс және ең бастысы, жеңіс тілеймін!»

Абат НҰРСЕЙІТОВ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» бас директоры:

– Біздің компания өз қызметкерлерінің мүмкіндігінше спортпен айналысып, жанұясымен бірге уақыт өткізуіне барлық жағдайды жасап отыр. Жаңаөзен қаласында ҚМГ БӨ қаражатына Рахмет Өтесінов атындағы спорт кешені салынды. Атырау облысында бірнеше спорт кешенін тұрғыздық. Қызылорда облысында «ҚазГерМұнай» компаниясы жергілікті халыққа үнемі әлеуметтік қолдау көрсетеді. Жақында компания құны 70 млн. теңге болатын демалыс саябағының құрылысын қаржыландырды, онда бассейн, балаларға арналған алаңдар бар, отбасылық демалысқа барлық жағдай жасалған. Сондықтан «Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасы айтқандай, киелі Қызылорда жерінде бір-бірлеріңізбен жарысып қана қоймай, әріптестеріңізбен тереңірек танысып, ұжымымыздың ынтымағын арттыруларыңызға тілектеспін.                

Ұжымдар арасындағы ІІІ спартакиада жергілікті «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС базасында ұйымдастырылып жатқанын айта кету керек. Сыр өңірінде жалауы желбіреген спартакиада үш күнге созылды. Онда мұнай саласы қызметкерлері спорттың 11 түрінен өзара бақ сынасып, мықтыны анықтады. Биылғы аталған шараның ерекшелігі сол, жарыс спартакиада «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның 10 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.

Сыр өңірінде өткен спорт сайысына аталған акционерлік қоғамға қарасты бірнеше еңбек ұжымдарынан спортшылар келді. Атап айтсақ, Атырау облысындағы «Ембімұнайгаз» АҚ, Маңғыстау облысынан «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнайгаз» АҚ-дары, «ҚарГерМұнай» БК» ЖШС, «Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы», сонымен қатар, «ҚарМұнайГаз» БӨ», АҚ орталық аппараты мен «Инженерлік орталық», «Урал Ойл Газ» ЖШС, «Карповский Северный» ЖШС, «Барлау активтері» серіктестерінің құрама командалары – барлығы 300-ден астам мұнайшы жарыстың көрігін қыздырып, жүлделерді сарапқа салды.

Жарыстың алғашқы күні арқан тартудан бақ сынасты. Намысты қолдан бермеген атыраулықтар алыстан бекерге ат арытып келмегендерін көрсетті. Олар ақтық мәреге дейін жетіп, жарыстың осы түрі бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ал, қызылордалық мұнайшы-желаяқтардың да өз жерінде өткен жарыста айы оңынан туды. «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-нің екі операторы мен инженер-геофизигі және гидрогеологы командаластарының бас жүлде, бірінші орынды жеңіп алуына бар көмегін тигізді десе де болады. Баскетболдан болған бәсекеде «ҚазГерМұнай» еншілес және тәуелді ұйымдар мен «ҚазМұнайГаздың» құрамасымен кездесіп, қызылордалықтар жеңіске жетті.

Ақиқатына келгенде, қатысушылар жарыс көрігін қыздырды. Мұндай сайыстың тұрақты өткізіліп келе жатқанына олар дән риза. «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-нің мұнайшысы, ал, алаңда кәсіби спортшы екенін көрсете білген Ахмет Абасов өзі туралы да бізге қуана әңгімеледі. Ол алтыншы сыныптан бері спортпен айналысатын көрінеді. Ахмет компанияда жұмыс істеу үлкен бақыт екенін, ал, мұндай бұқаралық спорт шараларын өткізу адамға жігер, үлкен серпін беретінін айтты.

– Адамдардың жұмысқа адалдығы мен кәсібилігі – қазіргі таңда өте керек қасиет. Ал, осы мәселе салауатты спортпен, өмір сүру салтымен бірге үндесіп жатса, ол үлкен қуаныш емес пе? Ал, бұқаралық спорт адамдарды біріктіреді, ұжымдасып, жұмыс істеуге ынталандырады, – дейді қызылордалық мұнайшы, спортшы Ахмет Абасов. Жергілікті жердегі жанкүйерлердің қолдауымен және өз жерінде өткендіктен болар, үстел теннисі мен суда жүзуден қызылордалық мұнайшыларға тең келер ешкім болмады. Олар бірінші орынды жеңіп алды. Қазақ күресі бойынша үш салмақ дәрежесінде сынға түскен қызылордалықтардың біреуі ғана күміс медаль алды. Керісінше, «ҚазГерМұнайдың» спортшылары тоғызқұмалақтан мықтылығын танытты.

Үш күнге созылған мұнайшылар арасында өткен еңбек ұжымдарының үшінші спартакиадасы да бәсеке көрігін қыздырып, мәреге жетті. Бұқаралық спорт түрінен өткен жарыс келушілердің де, оған қатысқан азаматтардың да көңілін бір көтеріп тастады. Елбасының саламатты өмір салтын қалыптастырып, халықтың спортпен айналысуына барлық жағдай жасау туралы тапсырмасын осылай жыл сайын өтетін мұнайшылыр арасындағы мерекелік шараға айналдырып жіберген «ҚазМұнайГаздың» бұл әрекеті, әрине, құптауға тұрарлық.

Ал, Қызылорда қаласында өткен үшінші спартакиада оза шапқандар жүлде алды. Мұнайшылардың бұқаралық спортқа деген сенімі артты. Жалпыкомандалық есепте «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС бірінші орынды жеңіп алды. Осы уақытқа дейінгі екі спартакиаданың чемпионы болған «ӨзенМұнайГаз» АҚ құрамасы бұл жолы қызылордалықтардан сәл ғана төмен өнер көрсетіп, екінші орынды иеленді. Үшінші орын «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның спортшыларына тиді. Айта кететін бір жайт, соңғы бәсекелерге дейін тірескенмен, оларға тек қола жүлде бұйырды. Одан кейінгі орындарды еншілес және тәуелді ұйымдар, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «УТТиОС» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ өзара бөлісті.

«ІІІеңбек ұжымдарының спартакиадасы» деп айтылғанымен, жарыс барысы халықаралық деңгейде ұйымдастырылды деп айтуға болады. Жарыс қай жерде өтсе де, бәрі де сақадай сай тұрды. «Евразия», мұз сарайы, орталық стадион, «Сейхун» тағы басқа алаңдардың техникалық жағынан жарақтандырылуы жоғары болды. Кем-кетімді, кемшілікті дүние болған жоқ. Тағы бір айта кетер жаңалық, «ҚазГерМұнай» ЖШС өтіп жатқан жарыстар мен марапаттау салтанатынан вахтада және офисте жұмыс істеп жатқан мұнайшыларға тікелей репортаж беріп отырды. Осыған дейінгі спартакиаданың салтанатында мұндай оқиға болмағанын айта кетейік.

Шындығында, үш күнгі жарыс барысы мұнайшыларды бір серпілтіп тастады. Жарыстың соңғы күні «Евразия» спорт кешенінде «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері арасында өткен III спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімі болды. Жабылу салтанатында спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, жергілікті эстрада жұлдыздары өз өнерлерін қонақтар мен қала тұрғындарының алдында паш етті. Іс-шара соңы отшашуға ұласты. Өңірді дүбірге бөлеген шара осылай аяқталды.

Миуа БАЙНАЗАРОВА,

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз