Жарнама
Қоғам

Жастардың шетелден үйренгені көп

Атырау облысында алғаш рет жүзеге асқан «Atyrau Youth Fellowship» жобасы аясында 10 үздік жас көшбасшы халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған бұл бастама жас көшбасшылардың азаматтық белсенділігін арттырып, шетелдік тәжірибе арқылы жаңа идеялармен қаруландыруды мақсат етеді.

23f69187 7403 40d3 86b8 501d0f52b579

​Жоба нәтижесінде үздік деп танылған жастардың бесеуі – Түркияның Стамбул қаласына, тағы бесеуі Ұлыбританияның Лондон қаласына тағылымдамаға жолдама алды. Жобаға 60-қа жуық өтінім түсіп, олардың ішінен ең белсенді, қоғамдық салада өзін көрсете білген жастар ғана іріктеліп алынды.

​Солардың бірі – Исатай ауданы, Жанбай ауылынан қатысқан B-elsendi қоғамдық қорының төрағасы Дулат Шыманов. Ол тағылымдама барысында Түркиядағы үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік бастамалармен танысып қайтты.

3aa82c91 6c16 4a4e 96b5 cb0e3d3b1538

​– Менің негізгі мақсатым – Түркиядан ауыл жастарына арналған жаңа идеялар табу болатын. Бірақ сапар барысында бұл идеялардың тек ауылмен шектелмей, бүкіл Атырау өңірінде, тіпті республикалық деңгейде жүзеге асыруға болатынын түсіндім, — дейді Дулат Шыманов.

​Стамбулда жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және әйелдермен жұмыс істейтін түрлі үкіметтік емес ұйымдармен кездесу ұйымдастырылған. Қатысушылар олардың құрылымы, жұмыс тәсілі, қаржылану тетіктері мен қоғаммен өзара әрекеттесу формалары туралы жан-жақты мағлұмат алған.

​Тағылымдама бағдарламасындағы ерекше сәттердің бірі – қайырымдылық бағытында жұмыс істейтін «Çorbada Tuzun Olsun» ұйымымен кездесу болды. Бұл ұйым күн сайын Стамбул көшелерінде тұратын 150-ге жуық үйсіз азаматтарға тағам, киім-кешек және гигиеналық заттар таратады. Жоба қатысушылары қайырымдылық шарасына ерікті ретінде қатысып, өз қолдарымен дайындалған тағамдарды таратты.

7038e2a3 eb47 402d b4a3 9f4b6d312808

​– Маған ерекше әсер еткені – үйсіз адамдардың тәртібі мен сабырлылығы. Кезекпен тұрып, ешкімге дауыс көтермей, көмекті мәдениетті түрде қабылдап жатты. Бұл – тек көмек емес, қадір-қасиетті сақтау мәдениеті, — дейді Дулат.

​Тағылымдаманың тағы бір маңызды бөлігі – «Diyalog muzesi» мұражайына сапар болды. Бұл – көру қабілетінен айырылған жандардың өмірін сезінуге мүмкіндік беретін симуляциялық мұражай. Қараңғы кеңістікке кіріп, тек есту және сезу арқылы бағыт табу, қоғамдық көлікті «міну», мейрамханада «тамақтану» – мұның бәрі бір сағаттық ерекше тәжірибе болды.

​– Көзімізді ашып шыққанда жарық дүниенің қадірін тереңірек түсіндік. Мұражайдағы гид – туғанынан зағип Мехмет бейдің сабырлығы мен позитиві бізге үлкен сабақ болды. Бұл тәжірибе тек жанашырлық емес, шынайы түсінік пен сезінуді үйретеді, — деп бөлісті Дулат өз әсерімен.

​Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, Atyrau Youth Fellowship – жастардың шетелдік тәжірибе жинауына жол ашатын маңызды алаң. Мұндай тағылымдамалар жас көшбасшылардың әлемдік трендтерге сай білім алып, азаматтық қоғамды дамытуда белсенді рөл атқаруына мүмкіндік береді.

​– Егер осындай сапарлар жиі ұйымдастырылып, жастар еліміздегі өзге қалалар мен шетелдерге барып тәжірибе жинаса, жергілікті деңгейде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы да жаңа қарқынмен дамиды. Бұл бастаманың жалғасы болса екен деп тілеймін, — дейді Дулат Шыманов.

​Atyrau Youth Fellowship жобасы – азаматтық қоғамның жаңа буынын тәрбиелеудегі алғашқы қадамдардың бірі. Жобаның алғашқы легінен-ақ жастардың тек теориялық емес, практикалық тәжірибе арқылы қаншалықты өсе алатыны байқалды. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жүйелі түрде ұйымдастырылып, өңірлік және ұлттық деңгейде нақты нәтижелер беруі тиіс.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button