Жастарды жұмыспен қамту қай деңгейде жүзеге асып отыр?
Кезекті оқу жылын аяқтаған студенттер бұл уақытта еңбек қазанында қайнап, адал еңбекпен тапқан нанның дәмін татқысы келеді. Осы орайда бүгінгі жастарды не толғандыратыны жөнінде біз Атырау қаласының жастар ресурстық орталығының басшысы Рафхат БОЗБАЛИЕВТЕН білген едік.
– Алдымен, аталған орталық жөнінде бір—екі ауыз сөз…
– Орталық осыдан төрт жыл бұрын жастарға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, құқықтық қорғау және заңдық кеңестер беру, ақпараттық-әдістемелік қолдау таныту мақсатында құрылды.
Қазіргі таңда белсенді жандардың басын біріктіру бағытында жастар ұйымдарына тегін негізде кең кеңсе ғимараты берілді. Ол барлық қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Онда кәсіпкерлікке жаңадан бет бұрып жатқандарға арналған дербес коворкинг орталығы да орналасқан. Тіпті, тегін ағылшын курстары оқытылады. Сонымен қатар, баяғы аула клубтарын жандандыру мақсатында робототехника, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, домбыра үйірмелері қолға алынып отыр.
– Сонымен, біздің болашағымызды не толғандырады?
– Үстіміздегі жылдың жартыжылдығында барлығы 200-ге жуық адамға кеңес берілді. Оның 75-і – жұмыспен қамту бағдарламасы, 50-і – тұрғын үй мәселесі, 45-і кәсіпкерлік саласы бойынша өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауап алды. Қалған отызы психологиялық көмекке жүгінді.
– Жастардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында қазір қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін «Буккроссинг», шығармашылық және инновациялық әлеуетін қалыптастыру мақсатында «Не? Қайда? Қашан?», «Брейн-ринг» ойындары өтіп тұрады. Екіншіден, Атырау қаласына қарасты мөлтекаудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, ұлттық өнерге машықтандыру бағытында аула клубтары құрылған. Бұл олардың келешекте дара тұлға ретінде қалыптасып, спорт саласында үлкен жетістіктерге жетуге көмектеседі.
– «Ел іші – өнер кеніші» демекші, арамызда талантты жастар көп. Соларды көпшілікке таныту жағы қалай?
– Расында да, қоғамда не болып жатқанынан бейхабар жастар арамызда бар екені жасырын емес. Олардың көбі үйден шықпай, ғаламтор парақшаларынан ақпарат алып отырады. Ал, бұл жанды тілдесу мен жарқын жүздесулердің орнын баса алмайтыны анық. Біздер, жастар орталығының қызметкерлері, сондай жандарды ортаға тартуға жұмыстанамыз. Сол үшін де облыста тұңғыш рет www.zhasatyrau.kz сайты ашылған-ды. Онда күні бойы көкейкесті мәселелер көтеріліп, пайдалы ақпараттар беріледі. Оның үстіне, жаңадан қосылған «ZhasTV» арнасы жастар өміріндегі жаңалықтар мен іс-шараларды тұрақты насихаттап отырады. Орталық базасында ақысыз түрде «Beginner», «Elementary», «Intermediat», «Pri-intermediat» деңгейлері бойынша ағылшын тілі оқытылады. Тәжірибелі, жоғары білімді мамандар 14 пен 29 жас аралығындағы жастарды тегін оқытып, бағыт-бағдар береді.
– Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек тағы қандай қызмет көрсетесіздер?
– Психологиялық көмек беріледі. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарының шәкірттері, әсіресе, қиын жағдайға тап болған жасөспірімдер анонимді түрде өз проблемаларымен бөлісе алады. Мүмкіндігі шектеулі жастармен түрлі семинар-тренингтер өтіп тұрады. Сондай-ақ, жаңа жобалар мен бастамаларға қолдау танытамыз.
– Биыл сәуір айынан бастап «Жастар еңбек биржасы» жобасы іске қосылды. Ол не үшін қажет?
– Бұл – жұмыссыз жастар қатарын азайту мақсатында іске қосылған тың жоба. Күні кеше ғана ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне бір мыңға жуық адам қатысты. Соның жүзге жуығы «Сичим», «Денхолм-Жолдас» сияқты шетелдік компанияларға жұмысқа орналасты. Ал, «Идеал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өткен шараға елу адам қатысып, 32 адам жұмыс тапты.
Жаңадан іс бастап жатқан жас кәсіпкерлер, фрилансерлер, аудармашылар, бағдарламашылар, дизайнерлер «Коворкинг» (ағылшын тілінен аударғанда «бірігіп жұмыс жасау» деген мағынаны білдіреді – авт.) кеңсесіне келіп, нарықтың алғашқы баспалдақтарынан өтеді. Кеңсе ғаламтор желісіне қосылған компьютер, принтер, факс, телефон секілді қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Бастауыш кәсіпкерлерге құқықтық сауаттылық, салық жүйесі, қаржы айналымы, бухгалтерлік есеп бойынша пайдалы кеңестер ұсынылады.
– Жастардың діни сауаттылығын арттыруда қандай жұмыстар қолға алынуда?
– Дін діңгегі, салауатты өмір салты мен жаппай спорт түрлерін насихаттау мақсатында «Құран-жарыс» сайысы, «Бастаңғы», «Жайық тарландары», «Таланттар әлемінде», «Мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау», «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі», «Пікірсайыс» турнирі, аула клубтары арасында футзалдан біріншіліктер ұйымдастырылып келеді.
Соңғы екі жыл қатарынан Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік көрсетіп, елге оралған немесе қаза болған ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін еске алу, құрметтеу, жас ұрпақ бойында отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерді дамыту мақсатында «Ерліктен елдік аялдамасына дейін» патриоттық акциясы өтіп отырады.
Ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды жаңғырту, мәдени мұраны дәріптеу мақсатында «Бастаңғы алаңы» жобасын жүзеге асырдық. Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге, денсаулықтарын шыңдауға, бойларына халықтық әдет-ғұрыптарды сіңіруге мұның септігі мол.
– Ал, құрылыс алаңдарында жүрген жастар бар ма?
– Атырау – елімізде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағын археологиялық қазба жұмыстарына тартқан алғашқы өңір. Жалпы, осындай жасақтың қазір облыста бесеуі өз жұмысына кірісіп кетті. Оған қатысушылар 16-29 жас аралығын қамтиды. Оның ішінде сіз айтып отырған құрылыс, ауылшаруашылық (мәселен, «Жас агро» секілді – авт.) және педагогикалық отрядтар да бар. Өңір басшысының өзі «жасылелдіктер» қатарын екі мыңға дейін көбейтуді тапсырған болатын. Аталмыш бағдарлама аясында 140 миллион теңге бөлінсе, 39 миллион теңге – республикалық бюджеттен. Аймақтағы жоғары оқу орындарында – он мың, колледждерде 18 мың студент оқитынын ескерсек, олардың бәрін белгілі бір кәсіппен қамту керек-ақ. Олай болса, бұл – қашан да күн тәртібінен түспейтін мәселе.
– Әңгімеңізге рахмет!
Амандық АБДОЛ.