ЖАСТАРДЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ ЖАСАҚТАЛДЫ

Жастар арасындағы қоғамдық-саяси жағдайды анықтау мақсатында «Саяхат» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы алғаш рет Атырау облысы жастарының төлқұжатын жасақтаған болатын. Жуырда «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында төлқұжаттың тұсаукесері өтіп, БАҚ өкілдеріне таныстырылды.

Шараны кіріспе сөзбен ашқан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи бүгінгі күні жастар саясатын жүргізуде жұмыс бір жүйеге қойылғандығына, жастар «төл-құжатының» жасақталуы соның бір көрінісі екеніне тоқталды.
«Аталмыш құжатты рәсімдеуде бірнеше жоба жүзеге асып, қала және аудан жастары арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Жұмыстың 80 пайызы қала жастары арасында ұйымдастырылды. Жастар саясатын іске асыруда жұмыстар алдағы уақытта аудандарда артатын болады. Селолық округтерде жастармен жұмыс жасайтын арнайы маман бөлінеді. Бұл жастардың бос жүрмеуіне, кәсіпкерлікпен айналысып немесе басқа да жұмыстарға атсалысуына маңызы зор болмақ», – деген М.Қалауи төлқұжатты дайындауда Құрманғазы ауданының жастары қай салада да белсенді екендерін байқатқанын атап айтты.
Төлқұжаттағы мәліметке сүйенсек, бүгінгі күні облыс бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 157 мың 638 адамды құрап отыр. Есепті кезеңдегі жас буын өкілдері арасындағы ахуал қалыпты жағдайда. Олардың басты мәселесінің басында жұмыспен және тұрғын үймен қамту тұр.
Жастар арасындағы қоғамдық-саяси жағдайды анықтауда әлеуметтік зерттеулердің маңызы зор. Осы орайда жастар арасында мың адамға сауалнама жүргізілген. Жиын барысында бұл жөнінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, әлеуметтанушы Айдын Лұқпанов тарқатып айтты.
Одан әрі «Саяхат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дана Жайлаубаева төлқұжатта көрсетілген мәліметтермен таныстырды. БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Жоламанұлы бұл үрдіс келер жылы да жалғасып, жыл сайын құжат жаңартылып отыратындығын мәлімдеді. Тілшілер басқа да сауалдарға толыққанды жауап алды.

Алтыншаш
НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз