Жастар жат ағымның жетегінде кетпесін

screenshot 5 1 Қоғам

Облыстық дін істері басқармасы деструктивті діни ағымды ұстанушыларды дерадикализациялау, экстремизмге қарсы іс-әрекет, теріс пиғылды ағымдарға тосқауыл қою, деструктивті діни ұйымдар үгітінің алдын алуда республикада көш бастап тұр. Былтыр облыс бойынша діни теріс ағымның 293 мыңнан аса аккаунты бұғатталып, жойылған. Бұл туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.

–Өңірдегі жат ағымнан сақтану, жастардың бойында деструктивті ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда Ақпараттық-талдау орталығы әлеуметтік желідегі теріс ақпараттардың таралуына қарсы арнайы бағдарлама мен 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Орталықтың мамандары әлеуметтік желілердегі сайттар мен аккаунттарды бақылайтын арнайы бағдарламаны қолданады, – деді Қайролла Дүйсешұлы.

Аталған орталықтың бөлім басшысы Ізбасар Салимовтың баяндауынша, Google trends бағдарламасы арқылы әлеуметтік желіге тіркелушілердің қызығушылығына анализ жасалады.

–Бағдарлама деструктивті ағымның аккаунттары мен сайттарын топқа бөліп, сол жерде отырған адамдарды тауып беруге көмектеседі. Сондай-ақ әлеуметтік желіде тіркелген барлық тұрғындардың парақшаларына автоматты түрде мониторинг жасап, діни теріс бағыттағы материалдар табылған жағдайда, оны толық зерттеуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді ол жұмыс барысын.

Мамандар «діни білімі жоқ адамның бұл бағыттағы ақпаратты интернетке жүктеуге құқы жоқ» дейді.  Атырауда былтыр «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 490 және 453-баптарымен заңсыз діни насихат жүргізген 50 адам жауапқа тартылған.

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының басшысы Ербол Жаулин діни экстремизм мен терроризм профилактикасы және оңалту жұмыстарымен таныстырды. Атап айтқанда, «Жусан» гуманитарлық операциясымен елге оралған әйелдерді қоғамға бейімдеп, кәсіптерін бастауға қолдау білдірген. Сондай-ақ, теріс ағымға еріп кетудің зиянын түсіндіретін «Пәруана, «Арбау» қысқаметражды фильмдері мен «Шырмауық» журналистік зерттеуі орталықтың бастамасымен түсірілген.

«Жәрдем Атырау» корпоративтік қорының директоры Артур Айтмағамбетов «біздің жұмысымыз ұлттық мәдениетті насихаттау арқылы дін мен дәстүрдің арасында сәулелі сабақтастық бар екенін түсіндіру» дейді. Осы орайда аталған қордың бастамасымен былтыр түрлі мәдени-көпшілік шаралар жоспар бойынша жүзеге асқан.

Жиын соңында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мамандарға діни сауаттылықты арттыру бойынша сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныстарын айтты.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз