Жарнама
Қоғам

Жастар неге жалаңбас жүреді?

ҚАЗІРГІДЕЙ АЯЗДЫ КҮНДЕРІ, ӘСІРЕСЕ ЖАСТАР ЖАҒЫ БАС КИІМСІЗ ЖҮРУГЕ ӘУЕС. ЖОҚ БОЛЫП КИЕ АЛМАЙ ЖҮРСЕ БІРСӘРІ. БАЙҚАСАҚ, БҰЛ ЖІГІТТЕР МЕН ҚЫЗДАРДЫҢ ШАШТАРЫНЫҢ СӘНІН КЕТІРМЕУДІҢ АМАЛЫ ЕКЕН. АЛ, ДӘРІГЕРЛЕР БҰЛ ӘДЕТТІҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯНЫН ТИГІЗЕТІНІН АЙТЫП, ДАБЫЛ ҚАҒЫП ОТЫР.

ЖАЛАҢБАС ЖҮРГЕН ЖАСТАР

Жылы киіну дегеннен шығады, бастауыш сыныпта оқитын кезіміз. Ол кезде табиғи газы келмеген ауылда тұрамыз. Жергілікті жердегі қалыптасқан жағдай, үйді де, мектепті де пешпен жылытады. Оның жылуы бүгінгідей емесі анық. Содан болса керек, ата-анамыз бізді қабаттап киіндіріп, денемізді жылы ұстап үйреткен. Сынып жетекшіміз жыл сайын оқушылармен бірге естелік суретке түсуді дәстүрге айналдырған болатын. Сондай күндердің бірінде үстіме киген қабат-қабат киімнің бірінен соң бірін шешіп үлгере алмай, сол күйі суретке түскенім бар. Сол естелік суретті көрсек еріксіз жымиып қоямыз. Басқасын қайдам, «денені жылы ұстап, жалаңбас жүрмеу керек» деген түсінік бала кезден санамызға құйылған. Жастықтың буымен жұмыс пен сауық кештерге басын жуа сала шалашарпы кептіріп шыға салатын қатарқұрбыларымыз да болды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің баспасөз хатшысы Құралай Қуатова осы мәселе туралы пікірін білдіріп, мұның албырт жастықтың әсерінен екендігін, мұндай жағдайдың бүгінгі үлкендердің де басынан өткендігін еске алады.

– Мынадай қақаған суықта жалаңбас жүрген жастарды көремін. Құлақтары үсердей, қып-қызыл болып бүрсеңдеп бара жатады. Тоқтатып алып, «ақыл» айтайын десем, «осы кісіге не керек?!» деп айта ма деп қарағыштап өтіп кетем… Жалаңбас студенттерді көріп, неге мазасызданатыным тағы түсінікті. «Өз балаларымыз да телпегін қалтасына тығып, «баланың көңілі далада» болып жүрген жоқ па екен» деп те уайымдаймыз. Бұрындары… әке-шешеміз күннің суығында қалың киімімізді кигізіп жіберетін. Алайда, үйден шыға бере оны шешіп, қораның қуысына тығып, қашып кететінбіз. Үлкендерді енді түсініп жатырмыз ғой. Бас киім бер жағы, жастар қыста жеңіл кроссовкамен жалаңаш сирақтары көрініп жүреді. Олар қазір жастықпен денсаулықтың қадірін түсінбей жүр ғой. Ата-аналары үнемі айтып отыруы керек шығар. Жақында солай жұқа киінген жасты көріп, ескертуімді өзіме қалдырып өтіп кеткем. Кейін «өтіп кеткенім қалай болды» деп әлі ойланып жүрмін, мүмкін ертеңнен бастап айта жүретін болармын. Барлығы да өз балаларымыздай балалар, — дейді сұхбаттасушымыз.

ДӘРІГЕРДІ КІМ ТЫҢДАЙДЫ?

Сән үшін осындай жанкештілікке бару қаншалықты орынды? Геолог емханасының кіші дәрігері Әлішер Қадіровтың айтуынша, қытымыр қыста және қоңыр күзде жастар арасында сәнге айналған үрдіс бас киімсіз жүру, жеңіл аяқ киім кию, мойын тұстарын жалаң ұстау денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіреді. Жергілікті тұрғындар «Атырауда жөнді қыс болмайды, жауып жатқан омбы қар, сақылдаған сары аяз жоқ қой» деп жататынын естиміз. Дегенмен климатымыздың құбылмалы екенін естен шығармағанымыз жөн. Басқа салқын тию – ми қабығының ауруы (менингит), жүйке ауруларына әкеліп соқтырса, құлақ-мұрыннан салқын тию – кеңсірік ауруы (гайморит), құлақтың қабынуы (отит) секілді асқынуларға себепші болады.

– «Батпандап кірген кесел мысқылдап шығады» деген сөзді еске алсақ, денсаулыққа салғырт қарау үлкен күрделі мәселелерге апаратынын жастар түсінсе екен. Әсіресе, аяқ пен кіндік тұсынан тиген салқын әдетте кенеттен қатты ауырсынулар тудырып, бүйрек пен несеп ауруларына шалдықтырады. Қазір ер азаматтар арасында ерте жастан бастап қуықасты безінің қабынуының (простатит) кең таралуы да осы табаннан тиген салқынмен байланысты. Қазір жастар шолақ шұлықтарды киюді сәнге айналдырған. Тобық тұсынан тиетін салқын сүйек аурулары, яғни ревматизм секілді ауруға шалдықтыратыны бар. Түрлі урологиялық және гинекологиялық аурулар жас кезінде күтінбегеннен, суық тигеннен туындайды. Жастар жағы күтінбеген жағдайда ауру асқына түсетінін түсіне бермейді. Денсаулығымызға салғырт қарамай, дәрігердің кеңестеріне құлақ асып, ата-ананың айтқанын тыңдағандары жөн, — дейді дәрігер Әлішер Талғатұлы.

Атырау қалалық №4 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Нұриза Данбаева қысқа күртешенің, көшеде тұрған суық орындыққа отырудың да салдары өкінішке ұрындырып жататынын ескертеді.

– Әсіресе, бұл жағдай дүниеге ұрпақ әкелетін қыз балалардың жыныс жолдарының қабыну ауруларына алып келеді. Жатыр түтігі мен аналық безде жүретін қабыну процесі бедеулікке ұшыратуы ықтимал. Қазақстанда әр алтыншы отбасы бала сүйе алмайды, ал оның негізгі себептерінің бірі – ерлер мен әйелдердегі жыныс жолдарының қабыну аурулары. Сондықтан қазіргі жастарға айтарым, «сән қуамын» деп жылы киінуді ұмытпау керек. Өйткені, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» әлдеқайда оңай, әрі тиімді, — дейді Нұриза Оразбекқызы.

«БАС КИІМ КИСЕМ, ЖАЙСЫЗ СЕЗІНЕМІН…»

Келесі кейіпкеріміз республикалық телеарнаның меншікті тілшісі Мәдина Сәрсенова. Ол – солтүстіктің тумасы. Астанада білім алып, ата-анасынан жырақта қызмет етіп жүрген жас маман Атырауға келгелі жалаңбас жүруді соңғы 2-3 жылда әдетке айналдырған. Оның айтуынша, бас киім ыңғайсыз, оның үстіне жараспайтындай көреді.

– Неге екенін білмеймін, бас киім кисем өзімді жайсыз сезінемін. Әрине, үлкендер ақылын айтады. Әсіресе анам «менингит боласың» деп ұрсады. Салқын тисе науқастанатыным дәрігерлер айтпаса да белгілі ғой. Бірақ, сонда да кие алмаймын. Қатты салқын күндері мойынорағыш (шарф) тағамын. Бұрын Астанада студент кезімде анам қасымда болды. Бас киімді кигім келмесе де киюге мәжбүр болдық қой. Қазір «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деп, еркінсіп жүргенім рас, — дейді Мәдина.

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғизатолла Отарұлы бұл тақырыптың өте өзекті екендігін айтады. Судьяның пікірінше, қыстыгүні ауа райына сәйкес киінбегендерге әкімшілік жауапкершілік секілді шара қолдануды ұсынады.

– Адам өз денсаулығына салғырт қарағанымен қоймай, дәрігерлердің еміне көңілі толмай, сын айтып жатады. Сондықтан, салқын мезгілде адамдардың жылы киініп жүргенін қадағалау керек. Бір рет ескерту, екіншіде айыппұл, үшіншіде тегін мемлекеттік медициналық емдеу жүйесінен алып тастау керек. Әйтпесе, қанша адам қолын, аяғын үсіріп, ем-дом алып жүр. Түптің түбінде басқа ауруларға да негіз болатынын түсінетін кез келді. Әсіресе жас қыздар, болашақ ана ретінде мұны тереңнен сезінулері қажет. «Елімізде бала мен ана өлімі көбейіп кетті» деп байбалам салып жатырмыз. Өз денсаулығына салғырт қараудың арты осындай өкініштерге апарып жатқанын түсіне бермейміз. Сондықтан, «балағат» сөздерге қарсы заңмен қатар, денсаулығына немқұрайлы қараған жандарға да заңды шара қолдану керек секілді. Кешегі суықта шаштарын жалбыратып жалаңбас жүрген қыздарды көрдік. Ертең олар да ана атанады. Ал, ауырған жағдайда кінәні өздерінен емес, өзгелерден іздеп жатады. Бұл мәселе мемлекеттік дәрежеде көтерілуі керек. Қысы жайлы Еуропа мен Американың сәніне еліктеуді доғару керек, — дейді ашынған судья.

Психологтардың айтуынша, көбінесе өз-өздеріне сенімсіз, бағалауы төмен (комплекс) адам киімді қабаттап киінуге ұялатын көрінеді. Ал, жастардың бас киім кимей, қыстыгүні капрон шұлық киіп жүруі өзгенің назарын өзіне қарату үшін жасалатын әрекет екендігін айтады. Ендеше, өзіміз ғана жауап беретін денсаулықтың қадірін ертерек түсінгеніміз жөн-ау.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button