Боз кілемдегі белдесу

Мәлік Сүлейменов жүлдесіне арналған дүбірлі дода өз мәресіне жетті

«Атырау» спорт кешенінде Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қызыл-қоға ауданының Құрметті азаматы, Қазақ күресінен Кеңестер Одағының спорт шебері Мәлік Сүлейменовтің жүлдесіне арнал-ған  республикалық турнир өтті.

Қазақ күресі бойынша ересектер арасында биыл тұңғыш рет ұйымдастырылған турнирге Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан және Махамбет, Жылыой, Қызылқоға, Индер, Исатай аудандарынан жүзге жуық спортшы қатысты.

Турнирдің шымылдығын ашқан Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанат Қаленова облыс әкімінің ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, палуандарға сәттілік тіледі.

Бәсекеге қатысқандардың арасында осалы болмады. Сайдың тасындай іріктелген оғландар қарсыластарын алып та, шалып та жығып жатты. Боз кілемде белдескен жігіттер шеберліктерімен жиналған көпшілікті таң-тамаша әсерге бөледі.

Қазақ күресі дегенде жан-күйер біткеннің делебесі қозып кететіні бар. Палуандардың тартысты белдесуін тамашалаушылардың да қатары көп болды.

Жарыстың финалдық кезе-ңінде 55 келі салмақ дәрежесі бойынша атыраулықтар Жүніс Бекет, 60 келі салмақта Нұрболат Ізімғалиев, 74 келіде Дулат Бәгенов, 82 келі салмақта     Наурызбек Өтеуов, 66 келі салмақта қызылордалық балуан Рахманберді Әбдірашит жеңімпаз атанды.

Турнир аясында «Түйе палуандар» сайысы да ұйымдастырылды. Дүбірлі доданың ақтық сынында 20 балуан «түйе па-луандыққа» бақ сынауға тілек білдірді. Финалдық бәсекеде Кенжебек Күзембаев пен Талғат Исақабылов белдесуге шықты.

Тәжірибелі балуандар бас-тапқыда бір-біріне дес бермей, біраз жүрді. Бұл қалай болады дегенше, қарсыласынан тәжі-рибесі озық, жас шамасы да үлкен Кенжебек шалт қимылдап, басымдық танытты. Жеңімпаз Кенжебек Күзембаевқа  турнир жүлдесіне тігілген 300 мың теңге табысталды. Екінші және үшінші орынды өзара бөліскен қызылордалық Мақсат Исақабыловқа – 200 мың теңге, атыраулық Наурызбек Өтеуовке 100 мың теңге берілді.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, турнирде топ жарған оғландар осылайша көрермендерге қызықты сәтті сыйлады.

Мәлік СҮЛЕЙМЕНОВ

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, Қазақ күресінен Кеңестер Одағының спорт шебері:

– Біз бұрын жабдықталмаған жерлерде жаттығатынбыз. Қазір, міне, су жаңа спорт кешендері қалада да, ауданда да қолданысқа берілген. Бұл – спортқа деген үлкен қолдау.

Бүгінгі жарысқа қарап, күрес деңгейін бағамдауға болады. Ұстаздан шәкірті озған осынау шақта жеңісті күндердің көп болатынына сенімдімін.

Абай Ақмұрзиев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз