ЖАСТАРҒА ЖАҚСЫ ТҮСІНІК БЕРДІ
«Дөңгелек үстелді» ашып, жүргізген колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талғат Айдынғалиев қазіргі жастардың дін туралы көзқарастарын педагогикалық тұрғыдан түсіндірсе, «Иманғали» мешітінің наиб-имамы Нұрлан Рамазанов шараға қатысушыларды ұйытарлық әңгіме өрбітті. Әсіресе, ислам діні мен оның қоғамдағы орны, адамдарды имандылыққа, отаншылдыққа, патриоттыққа, үлкенді, ата-ананы сыйлау, құрметтеу, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жөніндегі айтқан әңгімесі көпшілікке ой саларлықтай болды. Бұдан әрі көптеген діни ағымдардың ел арасында белең алуы, жұртшылыққа, әсіресе, жастарға толық әрі айқын ақпарат беруді қажет ететіндігі жайында Атырау облысы ақпараттық талдау орталығы бастығының орынбасары Мейрамбек Құспанов, дін істері басқармасының ақпараттық талдау орталығының маманы Амангелді Оразов студенттерге нақты деректер арқылы түсіндірді. Сондай-ақ, облыстық балалар құқығын қорғау департаменті бөлімінің бастығы Байжан Шамұрат, ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Сайын Ізбасаров ислам дінінің гуманистік идеяларын насихаттау арқылы ұлтаралық келісім мен тұрақтылыққа қол жеткізуге болатындығына, діннің қазіргі қоғам өмірінде жастар үшін маңызы зор екендігі турасындағы ой-пікірлерін ортаға салды.
«Дөңгелек үстел» басында студенттер мамандарға сауалдар қойып, тиісінше жауап алып, пікір алысты.
Кездесу соңында колледж директорының орынбасары Роза Бақытова келген қонақтарға осындай насихаттық шараны ұйымдастырып өткізгендеріне алғысын айтып, бұл шараның студенттерге көп мағлұмат беріп, ой салатындығына сенім білдірді.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.