Өзеннің Өтесінові

Ғибрат 1 Жаңалықтар

2016 — Өзен үшін атаулы жыл. Өзен дөңінің қара маржанынан алғаш рет шашу шашылғанына өткен желтоқсанның 15-сі күні 55 жыл толды. Бұл даңқты дата осы күнге дейін Маңғыстаудың тұңғыш бұрқағының тасасында қалумен келеді. Өзен кен орны Одақ көлеміндегі үшінші ірі мұнай алаңы саналды. Сол мол қазынасының арқасында әуелі жеке аудан дәрежесіне ие болып, кейін 1968 жылы дербес қала мәртебесін алған мұнайлы қаланың даңқы жер жарып жатты.

%d2%93%d0%b8%d0%b1%d1%80%d0%b0%d1%82

Өзеннің 55 жылдық атаулы мерекесіне жалғас Өзен тарихында өшпес ізі қалған тау тұлға – Рахмет Өтесіновтің 90 жылдығы аталып өтпек. Осы екі тауды, адам алыбы мен мұнай алыбын қатар қойып саралар болсақ, 1960 жылдардың ортасы — Өтесіновті Өзеннен, Өзенді Өтесіновтен бөле-жара атаудың өзі әбестік саналатын жылдар еді. «Біз Өзенмен біте қайнап, бірге өстік, Айыра алмас адам түгіл, Құдай да…» деп, өмірден Өзенді егізінің сыңарына балап өткен  Өтесіновті бүгінгі өзендік жастар біле ме? Күні кеше сондай адам болғанын, оның осы бір шаңдақ өлкені өмірден өткенше сағынышпен еске алып, қала атанып, қаз басқан жылдары туралы зор сүйіспеншілікпен сандаған шығарма жазғанын бүгінгі кітап парақтамайтын  ұрпақ біле ме? Өзі орнатқан қалада мұражайдағы аз ғана өмір-деректік мәлімет пен спорт кешені алдындағы кеуде мүсінінен өзге оны еске салатын ескерткіш белгілер жоқтың қасы.Тым болмаса, 40 жылға жуық өмір сүрген екі қабатты үйін мұражай есебінде сақтап қалуға болмас па еді? Ол жалғыз Өтесіновке көрсетілген құрмет емес, Өзен мұнайының тарихына арналған ескерткіш-ғимарат болар еді…

Рахаң – тағдырлы тұлға! Ағындап шауып келе жатқан тұлпардай нағыз тегеурінді шағында тағдырдың ауыр сынына тап болған ол жарық дүниеде 84 жыл ғұмыр кешті. Соның тең жартысы аяқ үстінде өтсе, қалғанын арбаға таңылумен өткізгені де тылсым құдіреттің бір көрінісі ме екен, кім білсін?!

«Адам рухының беріктігі, адамшылық қасиетінің биіктігі осындай сын сағаттарда анықталмақ. Бұл сыннан екінің бірі сыр бермей өте алмаса керек. «Түйенің бәрі нар емес, еркектің бәрі ер емес» («Аманат», 351 бет) деген тұжырымды осындай тағдыр иесінің өзіне бағыштап айтуға да әбден болады.

«Рахмет апатқа ұшырады» дегенде қалың жұрты желді күнгі қоғадай жапырылды. Қайғырды. Құдайдан шыбын жанын қалдыруын сұрады. Жанынан қалың өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай боп жан жары Сақыш шықпады. Көптің тілеуі қабыл болып, Рахмет басын көтерді. Сынбады. Қайыспады. Ұрпаққа мұра болардай кітаптар жазды» -деп жазды замандас ағасы, Мемлекет және қоғам қайраткері  Сағидолла Құбашев.

Тағдырдың қатал сынына қайыспай, төтеп бере білген нағыз адам  – Рахмет Өтесінов ерлігімен таныс зиялы қауым оны Николай Островский мен Алексей Маресьевке  теңеп, тележурналистер Ғаділбек Шалахметов пен Марина Голдовская «Сынақ» атты деректі фильм түсірді. Осыдан кейін оның аты аңызға айналып, бүкіл Кеңестер Одағы аспанына шарықтап кетті.

Оның есімін аңызға айналдырған құдіреттің аты – еңбек еді!

Еңбек мені қайта өмірге әкелді,

Еңбек маған жаңа бақыт әперді,-деп Рахаңның өзі жырлағандай, өмірге деген құштарлық пен ерен еңбекқорлықтың арқасында қиындықты жеңе білген қаһарман жанның жазушылыққа бет бұруына Иван Титков есімді жоғары қызметте жүріп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, өмірдің біраз қиын сынынан өткен полковниктің себепші болғанын айтады. «Жаман жазушы ешқашан жақсы кітап жаза алмайды. Ал, ақылды адам ешуақытта жаман кітап жазбайды. Өйткені, ол жаман мен жақсының айырмасын жақсы біледі» – деген Жан де Лабрюйердің сөзін келтіре келіп: «Сен жаз» – депті. Менің байқауымша, сен ақылсыз жігіт емессің». Оның ақылы маған демеу болды. Тәуекел етіп жазушылық жұмысты бастап кеттім,-дейді Рахаң естелігінде.

Халыққа енді мұнайшы болып емес, жазушы болып, қолына ұстаған қаламымен қызмет ете бастаған Рахаң тағы да сол іргетасын өз қолымен қалаған Өзенді сөз етпей тұра алмады. Тағдыр тезіне түсіп, өзі қалаған мұнайшылық жұмысын әрі қарай жалғастыра алмаса да, қол қусырып қарекетсіз отырып қалмай, қайрат-жігерін бойындағы шар болаттай рух-қайрағына жанып, өзі жүріп өткен күрделі де қиын, қызықты да тағылымды өмір-жолын шығармаларына арқау етуді мақсат тұтқан Рахаң енді әдебиет майданына шығып, қаламын қару етіп, өмірдің өзіндей шынайы, Өзеннің аязындай шымыр көркем туындылар жаза бастады.

«Ақиқатқа айналған арман», «Айтылмаған ән», «Алыптың ашылуы», «Алыстағы алау», «Кең Жылыой», «Мұнарлы күндер», «Жолдар мен жолдастар», «Соңғы аялдама» секілді кітаптар жазып, Жылыой, Өзен өңірінің тыныс-тіршілігі мен замандастарының мұнай өндірісі ісіндегі ерлігін көркем шығармаға арқау етті. Өмірдің өзінен ойып алған оқиғалар – Өзен өндірісінің шынайы тарихының жарқ еткен жарқын естеліктері болса, шыншылдықпен сомдалған кесек образдар  – өзендік мұнайшылардың шеберлікпен жинақталған көркем бейнесі болатын.

%d2%93%d0%b8%d0%b1%d1%80%d0%b0%d1%822

Қазақтың әрбір атаулы сөзінің зіл батпан салмағы бар. Азамат. Қайраткер. Тұлға.   Осы үш сөзді бір адамға,  біздің Рахаңа бағыштап айтсақ, бұл атаулар өзіндік салмағынан мысқалдай да кемімес  еді, қайта ажарлана, айбарлана түсер еді. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов: «Рахмет Өтесінов бүкіл өмір бойы мен айта беретін бір ақиқатты дәлелдеумен келеді. Ол: адам баласы азаматтыққа, одан қайраткерлікке, ақыры санаткерлікке жету үшін ардан тууы керек те, арман қууы керек. Біздің Рахаң сондай адам» дегенде осыны меңзеген. Шешен тілге ерік берілсе, сөз қадірін жеріне жеткізе біледі-ау, шіркін!

Сөз жоқ, Өтесінов те өз заманының перзенті және жай ғана көптің бірі емес, белсенді де бірегей перзенті. Олар өмір сүрген дәуір дүбірге, даңқты жаңалықтарға толы кезең болды. Сол дәуірдің тегершігін қозғаушы жұмысшы қауымның көш басында дәл осы Рахаң секілді басшылар тұрды. Кәсіби шеберлігі мен өндіріс саласын басқарудағы іс-тәжірибесін «Өзенмұнай» мекемесін ұйымдастыру барысында толық көрсете білді. Мұнайшы отбасында туған қарапайым маман қарамағындағы жұмысшылардың жағдайын жақсартуды ешқашан күн тәртібінен түсірген емес.

Бір жақсысы, олардың алдында қолы дүние кіріне былғанбаған, азаматтық ар-ожданы ағын судан таза, рудың емес, ұлттың ұлы бола білген, халыққа құлша қызмет еткен Нұртас Оңдасыновтай арқасүйер ағалары, үлгі алар ардақтылары болды.

«Менің өз басымда шын ұстаз санап, табынып өткен адамдарым көп емес. Солардың бірі, дәлірек айтсам бірегейі – Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов.

Ол жалғыз мен емес, бүкіл Қазақстан халқына ұстаздық еткен адам. Нұрекеңнің нақты іскерлікке құрылған жұмыс стилінен көп нәрсені үйренуге болады. Біз ол кісіні өзімізге ұстаз санадық, ел басқарудағы іс-тәсілінен, әрекетінен көп нәрсені үйрендік»-дейді Рахаң. «Жүрегінің түбіне кір жұқтырмай» өткен осындай елдің тұтқасы бола білген Нұртас, Сафи, Саламат секілді тұлғалардың ізін басқан Рахаңның өзі және оның замандастары не деген бақытты еді?!

Ел алдындағы еңбегі Үкімет тарапынан бағасын алып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Бүкіл ғұмырын мұнайға арнаған әулеттің  отағасы Өтесін ақсақал да «Ленин» және «Еңбек Қызыл  Ту» орденді, Атырау аймағына  белгілі мұнайшы болатын.

Р.Өтесінов «Айтылмаған ән» повесіндегі Сыбан деген кейіпкерінің аузына:

-Бүкіл елдің қарап отырғаны – мұнай. Біздің еңбегіміз сол мұнайдың өнімімен өлшенеді,-деген сөз салады.

Бұл да – тағы сол Өзен туралы. Мұнайшылардың балаларынан «Кім боласың?» деп сұрай қалсаңыз, «Мұнайшы боламыннан» басқа жауап ала алмас едіңіз. Өйткені, көзін ашқаннан көргені – мұнай мұнаралары, еліктеп өскені – мұнай мамандары, күнделікті күнкөрісі мұнайға байланысты, сондықтан, табынары да, арманы да – мұнай»  деген екен Рахмет Өтесінов.

Бұл сөз бізге арналып айтылғандай көрінеді маған. Мұнай барлаушы отбасында туып-өскендіктен, біз шынында да өмірімізді мұнайсыз елестете алмайтынбыз. Әр үйден кемінде бір мұнайшы шығатын Өзен аймағы үшін бұл қалыпты жағдай болды. Еңбек  жолымызды мұнайшылықтан бастадық. Мұнай біздің өміріміздің мәніне айналды. Әрбір жастың арманы мұнайшы болу еді. Сондықтан, «заманына сай адамы» демекші, ол кездегі жастардың «жұлдыздары» бүгінгі жастардікіндей – тележұлдыздар емес, еңбек батырлары – қаһарман мұнайшылар болды. Ал, ол батырлар халықтың өз арасынан қайнап шыққан ұлдары мен қыздары еді.

Елбасымыздың «Еңбек адамына құрмет көрсетілуі керек» деген орынды сөзі осындай ерлердің атын ардақ тұтуды мақсат етпей ме?

Не үшін келдім, не қалдырдым артыма?

Түсіндім бе бұл дүниенің парқына?

Ақтадым ба ақ сүтіндей анамның,

Аманатты, қызмет етіп халқыма?-деген сауалды Рахаң өзіне қоя отырып, өзгелерді де еріксіз ойлануға мәжбүрлейді. Шынында да, кез келген саналы адамның өзіне-өзі есеп беруі – заңдылық. «Өмірге не үшін келдім? Не тындырдым?» деген сұрақ ертелі-кеш әркімді де бір мазалары белгілі. Сондағы: «Халқыма адал қызмет ете алдым ба?» деген Рахаңды қинайтын сұрақ, халықтың әрбір азаматын қинаса шіркін?!

Оқырманына арнаған соңғы сөзі секілді — «Соңғы аялдамада»:

«Менің көңіліме медеу тұтарым – менің өмірімде Өзен болды. Қай белестен қарасам да, артымда қол бұлғап Өзен тұрады. Алла Тағаланың мені лауазым баспалдақтарынан аттап өтіп, жоғары өрлеп бара жатқан жерімнен күрт қайырып әкеліп, Өзеннің ала шаңына салғаны – сенің тағдырың осы дегені шығар. Әйтпесе, мен де көп шенеуніктің бірі болып елеусіз қалар ма едім, кім білсін?!» деп ағынан жарылған автор бір өлеңінде өзінің шығармашылық мақсаты туралы:

«Айтылмаған әнім бар, айтып кетем,

Айтпай оны дүниеден қайтіп кетем?!

Мұнараның шығып ап шекесіне,

Мұнай жайлы біреулер айтып па екен?

Айту парыз білгенін білмегенге,

Демек, менің тиеді үлесіме…» деген болатын. Бұл мақсатына, ол әрине, жетті.

Аға ұрпақтың қолымен қаланып, әлем картасына аты жазылған  Өзен-Жаңаөзен бұл күнде өркен жайып, аумағы өсіп, халқының саны артты. Қала сән-салтанаты да жаңарып, жасана түсуде. Оның тарихын жақсы біле-тіндер бұл қаланы  «Өтесіновтің Өзені» дейді.

Үміт ЖӘЛЕКЕ,

Қазақстан Жазушылар

Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз