ЖАСТАРҒА – ҮЛКЕН СЕНІМ
— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде салауатты өмір салтын ұстанып, қазіргі заманға сай білім алып, елдің азаматтары мен азаматшалары болып өсу үшін барлық жағдай жасалуда. Елімізде соңғы жылдары бірнеше әлеуметтік нысандар, өнер, спорттық ғимараттар салынып, іске қосылып жатыр. Облысымызда да осындай іс-шаралардың өтіп жатқанын көріп отырсыздар. Тек биылғы жылдың өзінде жастар форумы, VI республикалық патриоттар форумы, жастардың терроризмге қарсы іс-шаралары жоғарғы деңгейде өтті.
Қоғамға пайда келтіріп, адами қасиеттерді қалыптастыру үшін сіздер салауатты өмір салтын ұстанып, ата-ананы құрметтеп, үлкен адамдарды сыйлап, кішіге қамқор болып, қазіргі заман талабына сай адам болып қалыптасуларыңа тілек білдіремін.
Облысымызда биылғы жылы басталып жатқан іс-шаралар келесі жылы да жалғасын табады деп сенемін, — деп облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы жастарға артылар жүктің жауапкершілігі жоғары екендігін атап, оларды байтақ отанымыздың гүлденуіне, тәуелсіздігіміздің баянды болуына қызмет етуге үндеді.
Жастар апталығы аясында ұйымдастырылған біріншіліктің алғашқы іріктеу кезеңі бұған дейін қаланың он бір мектебінің құрамалары арасында өткен болатын. Олардың ішінен үздік деп танылған төрт команда ақтық сынға қатысып, бағын сынады. Шебер ойын өрнегін көрсеткен «Сарықамыс» құрамасы ойын қорытындысында бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды «Балалар әлемі» деп аталған команда иеленсе, үшінші орыннан «Теңдік» құрамасы көрінді.
Ақтық сынға түскен командалардың қай-қайсысы да мықты ойын көрсетті. Олардың арасында «Үздік шабуылшы» атағын Әлібек Шыныбаев иеленсе, «Үздік қорғаушы» Айдос Өнербаев, «Үздік қақпашы» Нұрсұлтан Намазалиев болды. Ал, «Үздік төреші» аталымы бойынша №16 мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Болат Қунатыров марапатталды.
Марапаттаудан кейін спорт алаңына жиналған студенттер мен жастар ұйымдарының жетекшілері облыс әкіміне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
«Қыста да, күзде де спортпен айналысатын спортзалдар ауылдарға салына ма? Шалғайда орналасқан шағын ауылдарға жеке-жеке спорт алаңдары салыну көзделген бе? Өзіңіз спорттың қай түрін ұнатасыз?» деген сынды сұрақтар қойылды.
Бірінші, екінші сауалдарға облыс әкімі ірілі-ұсақты ауылдарға жеке-жеке спорт залдар мен алаңдар салып беруге уәде бермейтінін, бірақ, әрбір ауылдың жастарына спортпен шұғылдануға ыңғайлы орталықтарда спорт алаңдарында жағдай жасалғандығын айтты. Өңірімізде жастарға жасалынып жатқан игілікті істерді атай келе, Бақтықожа Салахатдинұлы өзінің сүйікті спорты ретінде үстел теннисін атады.
— Осыдан қырық екі жыл бұрын алғаш еңбек жолымды бастаған «Сарықамыс» елді мекені маған әркез ыстық. Бүгінгі жарыс додасында «Сарықамыс» командасының да жеңіске жетуі – қуанарлық жайт, — деп аймақ басшысы ризашылық сезімін білдірді. Жеңімпаз атанған командалармен бірге облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы естелік суретке түсіп, жастарға соңғы жылдары қазақ футболының мәртебесі көтеріліп келетіні жайында әңгімелеп, өзі де жастармен бірге футбол ойынына араласып, қақпаға доп теуіп көрді.
«Рауан» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Қатима Тусаева облыс әкімінің басшылығымен облысымызда студенттерге арналған жол жүру билеті құнына жасалған жеңілдіктерді, спортпен айналысуына, жастардың түрлі шараларды өткізуіне барлық жағдайлар жасалғанын атады. Сонымен қатар, ол облыс әкімінің Атырау облысының әкімі болып тағайындалғанына тура бір жыл толғанына тоқталды. Бір жылда аймақта жасалған толайым істерге жастар атынан ризашылығын жеткізді.
Белсенді жастар жастықтың символы іспеттес әдемі гитараны облыс әкіміне сыйға тартты. Бақтықожа Салахатдинұлы гитараны қолына алып, алғаш үйренген нотасын да көпшілік алдында орындап берді.
— Жастарды қолдап, марапаттауға облыс әкімінің өзі келіп қатысуы футбол ойынының дамуына деген мемлекеттік деңгейдегі көзқарас деп білемін. Осындай шаралар көптеп ұйымдастырылса, спортқа деген жастардың қызығушылығы да артары сөзсіз. Біздің командада 16 мен 22 жас аралығындағы ойыншы жастар бар, олардың бәрі де қазақтың футболын дамытуға үлес қосуды мақсат етеді, — дейді жеңімпаз атанған «Сарықамыс» құрамасының капитаны Дархан Асанов.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.