Жарнама
Қоғам

Жасанды интеллект – адамзаттың бірінші көмекшісі

Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерімізді еселей түсуге тиіспіз. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс», — деді. Жалпы, Мемлекет басшысы елде жасанды интеллекттің дамуына қолдау білдіріп, оны білім, медицина, өнеркәсіп және мемлекеттік басқару сияқты әртүрлі салада белсенді пайдалануға шақырып келеді.

Президентіміз мұны Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басты бағыттың бірі деп санайды. Сондықтан, Жолдауда көтерілуі орынды, жасанды интеллект адамдардың өміріне айтарлықтай әсер етеді. Бүгінде ол адамзат қоғамының әртүрлі салаларына еніп, көп нәрсені өзгертуде. Қазіргі таңда әлемде 3,5 мыңнан астам компания жасанды интеллектіні дамытумен айналысып жатыр. Ұялы телефонсыз өмірімізді көзге елестете алмасақ, алға қарай жасынды интеллектімен де солай болуы, ең бірінші көмекшімізге айналуы әбден мүмкін.

Жасанды интеллекттің не екенімен аздап танысайық. Олардың біріншісі – дауыстық көмекшілер. «Apple» компаниясының «Siri» немесе «Google Assistant» сияқты заманауи дауыс көмекшілері сөйлеуді тану және пайдаланушы командаларын орындау үшін жасанды интеллект технологиясын пайдаланып отыр. Олар сұрақтарға жауап қайтарады, ұсыныстар бере алады, құрылғыларды басқарады және т.б. Екіншісі – ұсыну жүйелері. Netflix, Amazon және YouTube сияқты көптеген танымал интернет платформалар пайдаланушыларға ұсыну үшін жасанды интеллектіні қолданады. Ал, жасанды интеллект пайдаланушының қалауына сәйкес оны қызықтыратын материалдарды ұсынады. Үшіншісі – автоматтандырылған аударма. Оны Google Translate сияқты автоматтандырылған аударма платформалары мәтіндерді әртүрлі тілдерге аудару үшін пайдаланады. Олар жоғары дәлдікпен аударуды үйрену үшін үлкен көлемдегі мәтіндік деректерді өңдейді. Төртіншісі – алаяқтықты анықтау. Банктер мен қаржы институттары алаяқтық әрекеттерді анықтау үшін жасанды интеллектіні белсенді түрде пайдаланып келеді. Бұл салада жасанды интеллект банк тұтынушыларының транзакцияларын талдайды және қаржылық қылмыстардың алдын алуға көмектесетін күдікті транзакциялар туралы ескертулер береді. Бесіншісі – процестерді автоматтандыру. Мұнда жасанды интеллект бизнестегі әртүрлі тапсырмалар мен процестерді автоматтандыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Мысалы, автоматты жіктеу жүйелері үлкен көлемдегі құжаттарды өңдеп, сұрыптайды, ал, өндірістік роботтар өндірістік желілерде күнделікті тапсырмаларды орындай алады. Зауыттардағы роботты жүйелер өндірісте күрделі операцияларды орындауға, қателерді азайтуға және өнімділікті арттыруға қабілетті. Сонымен қатар, деректерді бақылау және талдау, тұтынушылар тәжірибесін жақсарту және бизнес-процестерді оңтайландыру үшін қолданылатын қызмет көрсету секторына әсер етеді.

Медицинада саласында – ауруларға диагноз қою мен емдеуді жақсартуға пайдасы зор. Машиналық оқыту алгоритмдері медициналық деректерді талдап, үлгілерді табуға, дәрігерлерге дәлірек шешім қабылдауға және тиімдірек емдеуді қамтамасыз етуге көмектеседі. Көлік және логистика саласында – маршруттарды оңтайландыруға және көлік желілерін басқаруды жақсартуға әкелуі мүмкін. Бұл өнімді жеткізу уақытын қысқартуға және тасымалдау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Білім беруде – жасанды интеллект оқу бағдарламасын оқушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкестендіруге септігін тигізеді. Машиналық оқыту алгоритмдері әрбір студент үшін жекелендірілген оқу жоспарлары мен ұсыныстар жасау үшін бағаларды және оқу деректерін талдай алады. Сол сияқты, жаңа дағдылар мен тілдерді үйренуге тиімді.

Қазақстанда жасанды интеллектіні қолданудың перспективалы бағыттарының бірі қала құрылысы және менеджмент болып табылады. Зияткерлік жүйелер көлік инфрақұрылымын жақсартуға, энергияны басқаруды оңтайландыруға және мемлекеттік қызметтерді тиімдірек етуге көмектеседі. Жасанды интеллектіні қолданудың тағы бір саласы – ауыл шаруашылығы. Ол топырақ пен өсімдіктерді бақылау жүйелерін әзірлеу, егін өнімділігін болжау және тыңайтқыштар мен суды пайдалануды оңтайландыру үшін қолдануы мүмкін. Бұл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін жақсартуға әкеледі. Оны энергия ресурстарын басқару саласында да қолдануға болады. Саладағы деректерді талдау, қуат шығындарын оңтайландыру және тұтынуды болжау үшін жасанды интеллектіні пайдалану қуат шығындарын азайтады және энергия тиімділігін арттырады. Бұдан бөлек, көлікті басқарудың автономды жүйелерін құру, маршруттарды оңтайландыру және қозғалыс қауіпсіздігін жақсарту үшін көлік секторында қолданылуы мүмкін. Бұл жол апаттарын және кептелістерді азайтуға септігін тигізеді.

Осылайша, Қазақстан жасанды интеллектіні белсенді түрде дамытып, елді жаңғырту және инновациялық дамыту үшін өзінің әлеуетін іске асыруда. Жоғарыда айтқандарымыз күнделікті өмірде оны қолданудың кейбір мысалдары ғана. Жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңеюде және оның әлеуеті енді ғана жүзеге аса бастады. Еліміз жасанды интеллект саласын белсенді дамытуға және инновациялық технологияларды қолдануға өз үлесін қосуға ұмтылуда. Қазірдің өзінде көп нәрсе жасалды. Бірақ, жасанды интеллектті жүзеге асыру үшін оны әзірлей және қолдана алатын жоғары білікті мамандар тапшылығы сезілуде. Сол сияқты инфрақұрылымның жеткіліксіздігі бар. Себебі жасанды интеллекттің дамуы жоғары жылдамдықты интернетті, қуатты есептеу жүйелерін және басқа да инфрақұрылымды қажет етеді.

Қанат ҒҰМАРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button